Атырау, 26 сәуір 12:33
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау: қылмыс қайда көп жасалған?

Сурет
6 184 просмотра

Атырауда қай жерде жүрген қауіпті? «АЖ» тілшісі 2017 жылғы қылмыстық статистиканы зерделеді, нәтижесі төменде.

Жилгородоктағы М. Әуезов даңғылындағы №2 үй. Бұл үйде 2017 жылдың мамыр айында 291-бап «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» бойынша тұрғын ұсталған. Жалпы, осы үйдің аумағында 17 қылмыс жасалынған. Ең көбі - ұрлық.



Нұрсая ықшамауданы да «Қаламыздың криминалды шағын ауданы» номинациясына үміткер. 2017 жылы осы ауданда 160 қылмыс тіркелген. Мұның ішінде ұрлық та, кісі тонау да кездеседі. Мұнда заңсыз ойын бизнесі қызып тұр. Өткен жылы осы баппен 3 қылмыстық іс тіркелген. Cуреттегі балалар оқу орталығының орнында  бұрын букмекерлік кеңсе деп аталған ойынхана болған.



Балықшыдағы Құнанбаев 15а көшесінің ауласында 5 қылмыс тіркелген. 2 рет ұрлық болып, 1 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырса, ауладағы ескі үйде аса ауыр кісі өлімі тіркелген. Тұрғындар қылмыстың көбеюін аулада жарықтың жоқтығымен байланыстырады.



«Маслопром» ықшамауданында бұзақылық пен ұрлық көп тіркелген. Осы ауданда бейнебақылау жоқтың қасы, көше қараңғы, мұнда ескі гараждар мен ескі жеке үй секторы орналасқан. Тіпті жолдың жиегіндегі көп пәтерлі үйде зорлық жасалған.



Өткен жылы қала аумағындағы үйлерде және көшеде 17 кісі өлтіру фактісі тіркелген. Кісі өлтіруден Балықшы, Лесхоз, Вокзал маңы шағын аудандары көш бастап тұр. Бәрі де аса ауыр қылмысқа жатқызылған. 



Азаттық даңғылының бойында бұзақылық, тонау, қарақшылық сияқты 35 қылмыс тіркелген. Бейнебақылау ең көп орнатылған даңғыл болса да, қылмыс аз емес.



Қала сыртындағы ауылдарда да қылмыс саны азаймай тұр. Көктем мен Жұлдыз ықшамаудандарында барлығы 317 қылмыс тіркелген. Көпшілігі - ұрлық.

Біз жүріп өткен қылмыс іздерінің барлығы да қарапайым тұрғындар мекен ететін немесе көп жүретін жерлер. Қалада соңғы екі аптада 121 қылмыстық құқық бұзушылық орын алған. Сақ болыңыздар. Сақтансан сақтармын деген...

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

15 қаңтар 2018, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.