Атырау, 26 сәуір 10:43
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жол жиегіндегі төрт күн

Толықтырылды Сурет
4 082 просмотра

Қыс күшіне ене бастады. Бүгіндікке Индер ауданында бұршақ, одан кейін қылаулап қар түсті. Айнала аппақ. Аяз да тұра бастаған. Осындай жайсыз күндер жолда жүргендер үшін қауіптірек. Бұған Орал трассасында жолдан шығып кеткен жүк көлігін көріп көзіміз жетті.

Жарты сағатта жететін ауылға бір сағаттан астам уақытты жоғалтуға тура келді. Индер ауданына қарасты Өрлік ауылынан Көктоғайға барар жолда "фура" көлігі көзге түсті. Тас жолдан төмен түсіп кеткен көліктегілердің жайын білмек болып тоқтадық. Іле-шала тағы бір жүк көлігі тоқтады. Асфальттан сырғып түскелі төрт күн болыпты. Содан бері көлікті сүйреп шығаруға ешкім көмектесе алмаған. Көлік иесі Атырауға кетіпті. Қасындағы Мехмет (суретте) тіл білмегендіктен кейбір сұрағымызға жауап та бере алмады. Осы кезде қасымызға тоқтаған көлік иесі Хусейн орыс тілін білгендіктен жай-жапсарды былайша баяндап берді:

- Бұлар Орал бағытынан Атырауды басып өтіп Астраханға бет алып бара жатқан. Мақсаттары Түркияға жету. Білесіз жол тайғақ. Оның үстіне шұрқ тесік. Жүргізуші осындай қолайсыздықтан көлікке ие бола алмай қалған. Мұны шығару үшін техника қажет. Бұлардың қасынан сансыз машиналар өткен. Бірақ ешкім көмектесе алмапты.

Қараңғы түсе жай борасын тұрды. Қиындыққа тап болған жолаушыларға бір көмек болмаса, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін. Ендігі үміт жергілікті органдар мен ТЖ бөлімдерінде. 

Кейіннен жолдағы оқиғаға Индер аудандық жергілікті полиция бөлімі бастығының м.а. Руслан МҰРАТОВ түсінік берді:

Жолдың тайғақтығынан трассадан шығып кеткен 8 көлікті ТЖ қызметкерлері шығарды. Ал түрік фурасына келсек, біз кранмен көлікті тұрғызып, жүгін басқа машинаға тиеуге көмектестік. Көлікті шынжырлы трактормен шығарып, эвакуторға салу керек. Аударылғанда ақау пайда болған. Біз олардың асханадан тамақтануын ұйымдастырдық. Жағдайды назарда ұстап отырмыз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

13 желтоқсан 2017, 10:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.