Атырау, 26 сәуір 07:20
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

"Жұқпалы түрімен ауыратындар ғана диспансерде емделеді"

Бейнежазба
3 616 просмотра

Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау облысы туберкулез ауруы бойынша көш бастап тұрғаны белгілі. Ал соңғы уақытта туберкулез ауруының деңгейі сәл де болса төмендеді, осыған байланысты аудандарда туберкулез диспансерлері жергілікті аудандық ауруханаға көшіріліп жатыр. Бұл жағдайға қатысты Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспенсерінің бас дәрігері Жаңабай САГИЕВ (суретте) түсінік берді.

- Облысымызда туберкулез деңгейі өте жақсы деп айта алмаймын, бірақ соңғы 5 жылда төмендеу байқалады. Бұл жерде туберкулезбен ауыруға әлеуметтік жағдайдың  әсер ететіндігін де айта кетуіміз керек. Өйткені жылы жерде өмір сүруі, дұрыс әрі тойымды тамақтануы, жақсы өмір сүруі, стресске салынбауы бәрі- бәрі әсер етеді.  Туберкулезбен ауырып амбулаториялық ем алатын адамдарға екі жылдан бері 10 АЕК ( 22690 теңге) ай сайын әлеуметтік көмек төленеді. Бірақ дұрыс емін алмаса, емделуге жәрдемдеспесе бұл көмектен айырылып қалуы мүмкін. Осы жылы 921 адамға 99 млн теңгеге жуық қаржы  төленді.

- Аудандарда диспансерлер жабылып жатыр. Бұл қоғамда аурудың өршуіне әкеліп соқпай ма?

-Қазір  республикалық көлемде емдеудің жаңа жүйесіне көшіп жатырмыз. Бұрын туберкулездің барлық түрімен ауратын науқастарды бір жерде емдедік. Бұл мүлдем дұрыс емес!  Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз бір жағынан мемлекет қаржысын үнемдей отырып емдеу мекемелерін оңтайландырып, біріктірдік. Науқастардың санының азаюы мен жұқпалы емес түрімен ауыратындарды емханаларда амбулаториялық емдеуге көшіргендіктен, кейбір аудандарда диспансерлерді жаптық. Ашық формада ауыратын науқастарды облыстық диспансерде емдейтін боламыз.

 «АЖ» анықтамасы: 2017 жылы Атырау облысында туберкулезбен 315 науқас тіркелген. Олардың 19-ы  жасөспірімдер. 2016 жылы дерттен 11 науқас көз жұмса, биыл 8 науқас көз жұмған.  228583 адам флюрографиялық зерттеуден өткен.

- Туберкулезді анықтау қалай жүзеге асады?

-Біз емханаларды жабудан үнемделген қаржыға генетикалық- молекурялық сараптама жүргізетін  ДжинЭксперт құрылғысын сатып алдық. ДжинЭксперт екі сағаттың ішінде адам қақырығынан туберкулезді анықтай алады. Құрылғының бағасы- 6 млн теңге. Ал анықтау катриджінің құны- 17-20 мың теңге.

- Туберкулезден емделмей қашып жүретіндер туралы айтсақ?

- Ондайлардың бар екені рас. Олар қашып жүр, демек қоғамға ауру таратуда. Ол кісі тіпті көше кезбесі болсын, бәрібір тауып аламыз. Оларды сотқа беріп Мақаттағы туберкулезден мәжбүрлі емдеу диспансеріне жатқызамыз. Сол жерде дертінен айығып шыққанша болады, кейін есептен шығарамыз. Бір кездері мақаттықтардан диспансер науқастарының көшеде емін- еркін жүретіндігі туралы шағымдар болғаны рас. Бірақ қазір диспансер толық қоршалды, бейнебақылау орнатылды, күзет  бар. Қазір ондай шағымдар жоқ.

- Маман тапшылығын қалай шешесіздер?

- Облыстық диспансерде мамандар жеткілікті. Тек емханаларда ғана жетіспеушілік байқалады, алайда, біз қазір учаскелік дәрігерлерді «фтизиатр» мамандығына қосымша оқытуды қолға алдық. Айталық, биыл 2 дәрігер оқып шықты.

- Туберкулезбен түрмеде ауыратындар көп деп есептеледі.  Бұл солай ма?

- Атырау облысында үш бас бостандығынан айырылғандарды ұстау мекемесі бар.Егерде біздің облыстағы уақытша ұстау изоляторында туберкулез анықталса - сол мекемеде емдейміз. Ал ерлер немесе әйелдер абақтысында табылса, онда оларды Қарағанды мен Павлодар облысына жіберіп, сондағы сотталғандарды туберкулезден емдеу абақтысына жатқызады.

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнебаянды түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 


22 қараша 2017, 18:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.