Атырау, 26 сәуір 10:20
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ел игілігіне еңбек еткен Компания

Сурет
5 207 просмотра


Жер қойнауын игеруші компания ретінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы –   мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан отандық кәсіпорынның бірі. Компания жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттың талабына  сай, Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және қазақстандық мамандарды  оқыту  бағытындағы өз міндетін толықтай  орындап отыр. БАҚ өкілдері 2016-2017 жылдарда келісімшарт аясында атқарылған жұмыстармен танысып қайтты.

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ

Үш күнге жоспарланған медиа-турдың алғашқы күні   Қызылқоға ауданындағы ірі ауылдардың бірі - Сағыз селосынан басталды. «Ембімұнайгаз» АҚ 7 650 халық тұратын Сағыз селосының тұрғындарына арнап салынған екі пәтерлі 4  үйдің құрылысына қаржылай демеушілік көрсетті.     Жаңа баспаналар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көп балалы жанұяларға,  мүмкіндігі шектеулі  тұрғындарға, сонымен қатар, үй кезегінде бірнеше жыл тұрған  ауыл тұрғындарына берілді. Солардың бірі – 73 жастағы кейуана Ару ШЕЛТЕУОВА:

- Ұлым мен келінім аяқ астынан  қайтыс болды. Артында кәмелеттік жасқа толмаған жеті бала қалды. Немерелеріммен  бірге бірнеше жыл қатарынан  ескі үйде тұрдық. Облыста қатты нөсер жауын болғанын білесіздер. Сол  толастамай жауған жауыннан ескі баспанамыз  құлап, тұруға мүлдем жарамсыз болып қалды.  Өзім бірнеше жыл қатарынан сол кездердегі совхозда аспазшы болып еңбек еттім.  Жаратқанымыз тілегімізді естіп, міне, «Ембімұнайгаз» компаниясының қаржылай демеушілігімен  осындай су жаңа пәтерге қол жеткіздік. Ембілік мұнайшыларға  біз сияқты қарапайым адамдардың жағдайын ойлап, қолдау көрсеткендері  үшін мың алғыс!  

Жас отбасы Оралбай Түгелбаев пен Сайран Смағұлова «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен Ақтөбе облысынан келіп, «Ембімұнайгаз» АҚ қаражатына салынған  жаңа пәтердің кілтін алған. Оқу бітіре сала жұмысқа орналасқан, оның үстіне баспаналы болған жас отбасының қуанышында шек жоқ.

Оралбай ТҮГЕЛБАЕВ, Сайран СМАҒҰЛОВА, жас отбасы:

- Оқу бітірген бойда, осы ауылда жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Мен - психологпын, Сайран – акушер- гинеколог. Сағыз ауылына  келген соң «Ембімұнайгаз» компаниясының қаржысына   салынған жаңа пәтердің кілтін алдық. Қуанышымызда шек болмады ,- деп қуаныштарын жасыра алмады.

Осы үйлерге қоныстанған өзге де отбасылардың алғыстары шексіз.

Еркін СҰЛТАНОВ, Сағыз селосының әкімі:

- Қазіргі таңда үй кезегінде село бойынша 30 тұрғын тұр. Өткен жылы «Ембімұнайгаз» АҚ демеушілігімен үй кезегінде бірнеше жыл тұрған тұрғындарға арнап салынған екі пәтерлік 4 баспанаға қаржылай қолдау көрсетті.  Бұл біз үшін үлкен көмек болды. 1 450  түтін түтетіп отырған селомызға түрлі мемлекеттік бағдарламалармен жастар да келіп жатыр. Сапалы салынған үйлерге тұрғындар әлі де келіп, алғыстарын айтуда.

Облыс орталығынан шалғайда  орналасқан Тасшағыл ауылын да «Ембімұнайгаз» АҚ назардан тыс қалдырмады. Бұл ауылға 100 орындық «Жазира» бөбекжай балабақшасы салынған.   Бұған дейін Тасшағыл ауылында 13 балаға есептелінген бөлмелері тар ескі балабақша болған екен.



Ұлан КЕРЕЕВА, балабақша меңгерушісі:

- Шыны керек, осындай таза, кең, типтік жүйедегі жарық та  әсем балабақша біздің де ауылымызда болады дегенді бұрын тек армандайтын едік. Балалардың арманын еліміздің ірі мұнай компаниясы – «Ембімұнайгаз» АҚ  орындағанына қуаныштымыз. Балаларға өте қатты ұнайды. Балабақшамызда жаңа штаттар ашылып, қазір 9 тәрбиеші еңбек етіп жатыр. Одан бөлек, бірнеше мамандарымыз бар. Оқуды жаңа бітірген жастар да балабақшамызға қызметке орналасса, жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтып отырмыз.

Жаннұр ШӘРІП, хореограф:

- Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген соң,   ауылымызда жаңадан бой көтерген  балабақшаға жұмысқа орналасу  бақытына ие болдым.  Ғимаратты алғаш көргенде таңданысымды жасыра алмадым: қала балабақшаларынан асып түспесе, ешқандай кем емес. Жастарды жұмыссыз қалдырмаған әкімдікке және «Ембімұнайгаз» АҚ осындай заманауи балабақша құрылысына қаржылай қолдау көрсеткені үшін барлық жас мамандар атынан алғыс айтамын.



Ал осы балабақшаның жас маманы, дене тәрбиесі нұсқаушысы болып қызмет атқаратын Алтынбек БЕРІКБАЙҰЛЫ балабақша ашылғанға дейін вахталық әдіспен мамандығына еш қатысы жоқ қызметте болған. Балабақша ашылған соң туған  ауылында  мамандығы бойынша жұмыс тапқан.

Ата-аналар да балаларының заман талабына сай келетін балабақшада тәрбиеленіп жатқанына дән риза.

Сонымен қатар, Тасшағыл  ауылындағы  екі пәтерлі  1 үйдің құрылысына да «Ембімұнайгаз» компаниясы  қаржы бөлген екен.  Екі пәтерлі  бір үйдің құрылысы жақында аяқталып, пайдалануға берілген. Қазір бұл баспаналарда  тәрбиесінде мүгедек баласы бар  отбасы мен  жергілікті учаскелік инспекторы қоныстанған.

МАҚАТ АУДАНЫ

Баспасөз турының келесі аялдамасы Мақат ауданы Доссор поселкесі болды. Бұл поселкедегі  300 орынды  жаңа мектептің құрылысына «Ембімұнайгаз» АҚ  демеушілік көрсеткен. О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің бұрынғы ғимараты 1964 жылы салынып, бүгінде тозығы жеткен. Бала оқытуға жарамсыз болғандықтан, отандық мұнай компаниясының демеушілігімен жаңа білім ошағының құрылысы басталған еді.  Жаңа мектептің құрылысы  2017 жылдың қаңтар айында аяқталып, пайдалануға берілді.  Тек орыс тілінде білім беретін мектеп  заманауи  құрал-жабдықпен толықтай қамтылған, интерактивті тақталы сыныптармен, кең акт залымен қатар, түрлі пән және үйірме сыныптарымен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда мектепалды даярлық тобы да жасақталған.

ИСАТАЙ АУДАНЫ

Исатай  ауданының бірнеше елді мекендерінде әлеуметтік нысандардың құрылысына  қаржы бөлінген. Тұщықұдық ауылындағы іргетасы сонау 1957 жылы қаланған «Құлыншақ» балалар бақшасына 50 орындық жапсаржай  тұрғызылған. Бұл жапсаржайдың  арқасында балаларға жаңадан жатын және ойын бөлмелері берілді.  Балабақшаның басты ерекшелігі – Монтессори сыныбының ашылуында. Бұл сыныптың ерекшілігі – тілінде  мүкістігі бар балаларға саусақ арқылы жаттығулар жасап, тіл кемшілігін жоюға мүмкіндік береді.

Бұрын 140 орындық болған бұл балабақшаға жапсаржай салынғаннан бері 50 баланы қосымша қабылдауға мүмкіндік туған.

Алма САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, балабақша меңгерушісі:

- Жапсаржай  салынғаннан бері балабақшада бірқатар мәселелер шешімін тапты. Балаларға жан-жақты тәрбие беру мүмкіндігі де артты. Сол себепті, «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына балалар мен  ата-аналар атынан шексіз алғыс айтамыз.

Аталмыш балабақшаның жапсаржайында  балалар үш тілде білім алып, қазірден бастап үш тұғырлы тілде жетік сөйлеуге дағдылануда.

Соңғы аялдама Жанбай селосы болды.  Бұл ауылда салынып, пайдалануға берілген 200 орынды мәдениет үйінің құрылысына Компания қаржы бөлген. Екі қатарлы әсем ғимаратта демалыс күндері балаларға мультфильмдер мен көркем фильмдер көрсетілсе, сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бұған дейін 1957 жылы салынған ескі мәдениет үйінің төбесі құлап, жарамсыз болып қалған.  Мәдениет үйінің басшылығының айтуынша, болашақта өзге үйірмелер, спорттық секциялар мен әжелер ансамблін құру жоспарда бар.



«ЕМБІМҰНАЙГАЗДЫҢ» ИГІ ІСТЕРІ ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ

Компания АҚ ретінде құрылған 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға шамамен 2,3 млрд. теңге,  республикалық және жергілікті бюджетке салық есебінде 654 млрд. теңге және демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд. қаражат бөлді, - деді БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған үшкүндік баспасөз туры аясында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА.

«Ембімұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдаланушы Компания ретінде өңірлік инфрақұрылымды дамытумен қатар, қазақстандық мамандарды дайындауға да үлкен үлес қосып, олардың оқу ақысын төлеп беріп келе жатыр. Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ соңғы 4 жылда 780 студенттің тегін білім алуына жағдай жасаған. Осындай қуанышқа ие болғандардың бірі Атырау мұнай және газ университетінің студенті  Нұрбек СӘКЕМБАЙ:

- Қазіргі таңда «Автоматтандыру және басқару» мамандығының 3 курс студентімін. Үйімізде мұнайшы болмаса да «Ембімұнайгаз» оқу ақымды төлеп берді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болса, отбасым үшін үлкен көмек. Осы Компанияға алғысымды айта отырып, болашақта ел игілігі үшін аянбай еңбек ететін боламын.

Фархат ӘБІЛОВ

8 қараша 2017, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған