Атырау, 26 сәуір 13:09
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қаланы көгалдандыру жұмыстары қалай жүргізілді?

Сурет Бейнежазба
6 204 просмотра


«АЖ» сұрақтарына биыл облыс орталығын көгалдандыру тендерін жеңіп алған Қазақ зағиптар қоғамы Атырау кәсіпорнының директоры Әли СЕИДОВ жауап берді.

- Әли Қадырұлы, биыл жазда редакцияға суаруға қатысты шағымдар өте көп түсті.

- Атыраудағы барлық дерлік сурау жүйесі нашар күйде, металл құбырлар таттанып кеткен, қысымға шыдамайды. Біз үнемі тұрбалардан судың ағуын тоқтатамыз да жүреміз. Сондықтан көбіне су таситын көлік арқылы жасыл-желекті қолмен суаруға мәжбүрміз. Қала билігі ескі құбырларды пластик құбырларға ауыстыруды жоспарлауда – бұл жағдайды едәуір жақсартар еді.



- Биыл қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша Сәтпаев даңғылы мен Әбілқайыр даңғылының әуежайға қарай бойында жаңа суару жүйесі пайдалануға берілуі керек еді. Жоба бойынша жүйе газондарға арналған бүріккіштермен және ағаштарды тамшылатып суарумен жабдықталған. Қазір олар қалай жұмыс жасауда?

- Жүйені биыл мамыр айында қосу керек еді, алайда мерзімінде қосу мүмкін болмады, ал, суару жұмыстарын тоқтатуға болмайды, сондықтан өз күшімізбен ескі суару жүйелерін қайта қалпына келтірдік. Қолымыздан келгенше. Жаңа жүйе тек тамызда іске қосылды. Қазір ол газондарды суару үшін пайдалануда, ал ағаштарды біз қолмен суарудамыз. Тағы бір қиындық бар: осы жүйені іске қосатын сорғы станциясын жаңғырту керек.

- Гүлзарлар туралы. Маслопром жақтағы айналма жолда және Азаттық даңғылы ІІБ-нің маңындағы алаңдарда гүлдердің солып қалғанын көрдік. Қала тұрғындары кей жерлерде тіпті ешқандай гүлдің жоқтығын айтады. Неге олай?

- Атыраудағы гүлзарлардың жалпы ауданы 10 мың шаршы метр шамасында. Биылғы көктемде біз 300 мыңдай гүл отырғыздық – шырайгүл, бархотка, цинерария, барқытгүл, қазтамақ бар. Егер байқасаңыз, мәселен, Исатай мен Махамбет алаңындағы гүлзарларда гүлдер жақсы өсіп тұр. Ол жердегі суару жүйелерін де біз қалыпқа келтіріп, гүлдерді жақсы суардық. Қаладағы барлық гүлзарлар да қолмен суарылғанына қарамастан жақсы күйде. Көлік тораптарында орналасқан гүлзарларға қатысты қиындықтар көп. Суарамыз, үнемі қоректендіріп отырамыз, алайда дәл осы жерлерде гүлдер өспейді. Неліктен екенін білмеймін – күннің ыссылығы ма, әлде көліктердің түтіні ме... Осы маусымда айналма жолдарға үш рет гүл ектік. Қазір барып көрулеріңізге болады – ІІБ мен «Молекула» жанындағы гүлзарларды жаңғырттық. Қаладағы солған гүлдердің орнына қосымша гүлдер егу толығымен біздің есебімізден жүргізіледі.

- Қаланың орталық көшелеріндегі ішіне дұрыс ештеңе өспейтін бетон ыдыстар көпшіліктің сұрағын туғызады.


- Бұлар шағын сәулет нысандары. Мен жеке өз басым олар дұрыс жасалмаған деп есептеймін. Ыдыстар топырақпен аузы-мұрнынан толтырылған, ал гүлдерге соншалықты топырақ қажеті емес. Жаңбырдан кейін судың баратын жері жоқ. Аяз түсе бастағанда ылғал топырақ кеуіп, нәтижесінде ыдыстар өзгеріске түседі. Алайда, бұл мәселе біздің кәсіпорынның құзырында емес.

Жоба бойынша ыдыстардың ортасында газон, жан-жағында гүл болуы керек. Қазір ол жерлерде бәрі өсіп тұр, қараңыз.

- Атырауда осындай сәулет нысандарының қаншасы бар?

- Барлығы 190. Оның 66-сы қалада, қалғаны әуежай трассасында орналасқан. Биыл біз қала әкімдігінің өтініші бойынша ыдыстардағы топырақты ауыстырдық. Махамбет ауданынан жаңадан топырақ әкелдік.

- Ал, облыс әкімдігі мен Құрманғазы аллеясындағы газондарға қатысты не айтасыз? Олар не себепті сиреп кетті және арамшөпке толы?

- Екі жерде де суару жүйесі істен шықты. Бұрын бұл жерлерде газондарға арналған су бүріккіштер жұмыс жасап тұрған. Қолдан келгенше суару құбырларын қалпына келтірдік, қазір шланга қолдан суарып тұрамыз. Бұл жердің көлемі үлкен, қолдағы әдіспен жұмыс жасау қиын. Онымен қоса вандалдар да тыным бермейді. Шүмектер мен шұраларды ұрлай береді. Бұл дегеніңіз - қосымша шығын, қалыпқа келтіру мен жөндеу жұмыстарына кеткен уақыт.

- Көгалдандыру жұмыстарына сіздерден қанша адам мен техника жұмылдырылған?

- 30 суару көлігі жалға алынған, есту жағынан мүгедектер қатарынан 63 маман және жалдамалы 18 жұмысшы бар. Көліктерге кедергі келтірмес үшін суару жұмыстарын түнгі уақытта жүргізуге тырысамыз. Оның үстіне, биылғыдай аптап ыстықта жасыл желекті түнде суарған дұрыс.

- Осыншама көлемді жұмысты алғанға дейін сіздің кәсіпорныңыздың көгалдандыру бойынша тәжірибесі болды ма?

- Әрине. Бұған дейін біз ірі компаниялардың тапсырысы бойынша қосалқы мердігер ретінде жұмыс жасадық. Оған қоса мамандармен кеңестер өткізіп тұрамыз. Мәселен, қыркүйекте Киевтен агроном-гүл өсірушіні, сонымен қатар Голландиядан маман күтіп отырмыз. Біздің жағдайымызды, топырағымызды, климатымызды бақылап, өздерінің ұсыныстарын қалдырғандарын қалаймыз. Егер келер жылы Атырауды көгалдандыру жұмыстарымен басқа кәсіпорын айналысатын болса да, бұл ақпарат олар үшін құнды болары сөзсіз. Жұмыстар жеңіл емес, ескеретін тұстар өте көп. Мысалы, әуежай трассасында, Әлиев, Сатыбалдиев, Осипенко көшелерінде бәрін дұрыс жасап жатқан сияқтымыз – бірақ жасыл желек өліп қала береді. Бұл жерлердегі топырақтың сынамасын Ақтөбеге зерттеуге жіберген едік, топырақ тұзды деген қорытынды алдық. Бәріне кінәлі – тұзды жер бетіне көтеретін жер асты суларының жоғары деңгейі, ол өсімдікті өсірмейді. Бұл арада суару мен құнарландырудан өзге ауқымды шаралар алынуы тиіс. Дренажды жүйе қажет.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор және Марат ТАКУЛИН

13 қыркүйек 2017, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.