Атырау, 26 сәуір 13:20
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау ат спортына неге қызықпайды?

Сурет
7 698 просмотра


Атырау облысында ат спортының түрлері, соның ішінде, көкпар спорты жаңа серпінмен көтеріліп келеді. Көкпар командамыз құрылған төрт жыл ішінде бірнеше облысты жарыс жолында қалдырды. Өткен жылы Қазақстан чемпионатында жерлестеріміз 16 команда арасынан күміс жүлдеге ие болса, биылғы чемпионатта 3-ші орынға тұрақтап отыр. Алайда, әттең дейтін тұсымыз команданың атауы «Атырау» болғанымен ондағы 12 ойыншының 10-ы өзге облыстан шақырылғандар.

Көкпарға өз жерлестеріміздің құлшыныс білдірмеуінің себебі неде? Осы орайда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Атырау облыстық филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Өнербай ЖАНБАЛАНЫ әңгімеге тартқан едік.

- Атырауға ат спортын әкелуге не түрткі болды?

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өнер мен мәдениетіміз, ұлттық спортымыз жаңа серпінмен дами бастады. Сол 90-шы жылдардың аяғында Атырау облысында Төкен Танайұлы, Қайыржан Балжігітов және мен, осы ат спортымен айналыса бастадық. Содан 2003 жылы Атырауда алғаш Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойына аламан бәйге ұйымдастырылған болатын. Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстарында ат спорты ерте басталғаны соншалық, олар біздің қазақ аттарына бой бермейтіндей деңгейде еді. Содан аламанда Атыраудың атын жерге қаратпау керек деген намыспен жүйрік іздеп Калмыкия, Дағыстан, Шешенстан елдерін аралап, Атырауға 4 жүйрік ат алып келдім. Сол жүйріктеріміздің бірі аламанда үмітті ақтап бас бәйгеге тігілген автокөлікті ұтып алды. Осы кезден бастап тұрақты түрде ат баптауды қолға алып, бәйгелерге қатыстыра бастадым. 2013 жылы сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атыраудан ұлттық спорт клубын ашып, мені директор етіп тағайындады. Клубта бүгінде ат спортының көкпар, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, бүркітшілік - осы жеті түрімен жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі кезде «Құлагер» шаруа қожалығында әр жақтан әкелінген жиырмаға жуық жылқы бар.

Қазіргі кезде Атырау қаласында, Махамбет, Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында федерацияның филиалы ретінде жігіттер жаппай көкпармен айналысуда. Ұлттық спортқа жаны ашитын адамдар табылса, федерацияның филиалын барлық аудандардан да ашу жоспарда тұр.

- Командада неге Атыраудан тек екі спортшы? Ауданаралық жаппай көкпар кезінде бірнеше жігіттер көзге түскен еді. Оларды ұлттық құрамаға қосуға не кедергі?

- Аудандағылар енді ғана бас көтеріп келеді. Олардың әлі де дайындықтарын пысықтау қажет. Екінші жағынан ауылдың жігіттерінде қалаға келуге құлшыныс жоқ. Біздер футбол, хоккей секілді спортшыларымызға көп қаржы бере алмаймыз. Содан да шығар, атыраулықтар ат спортына онша көп қызығушылық танытпай отыр. Жаттығулар кезінде үй жалдау, тамағы, барлық жағдайы федерацияның тарапынан ұйымдастырылады. Бекітілген жалақымыз 90 мың теңгеге жетіңкіремейді. Қазір құраманың басым бөлігін шымкенттіктер құрайды.

- Көкпаршылар қазір қайда жүр?

- Ақтөбеде ұлттық спорттың 15 түрінен «Ақбидай» ауыл спорты жарысы өтуде. Қазір спортшыларымыздың барлығы сол жақта жарыста. Алғашқы іріктеу ойындарының нәтижесі бойынша жеңістің үні естілуде. Көкпаршыларымыз содан кейін Шымкентте Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирге қатысады. 

- Дайындықтары қалай?

- Көкпаршылар маусым, шілде, тамыз айларында дайындықтарын Жамбыл, Алматы облысы аумағында өткізеді. Атырауда аттар дұрыс демала алмайды. Күн ыссы, оның үстіне маса. Аттар күнде жаттығу жасап, қозғалыста жүру қажет. Сіңірі қатаймай, дайындықсыз жарысқа кетсе, бірден аяғынан айырылады.

- Ауылдың аттарын бәйгеге бір ай қалған кезде дайындайтын еді ғой?

- Олар қазақ аттары ғой. Қазақ жылқысы бәйгеде шаршаса тұрып қалуы мүмкін. Ал қаны бөлек араб аттары ақырына дейін жетеді де, аяғын ісіріп алады. Сондықтан мұқият дайындау керек.

- Жылқыны тай кезінен аласыз ба, бағасы қанша тұрады?

- Аттарды 3-4 жасынан сатып аламыз. Бағасы жүз мың доллор тұратын, миллион доллор тұратын жылқылар бар. Жүз мың доллордың атына жағдайымыз келмегенімен екі-үш миллионның жылқыларын сатып аламыз. Теңге алу, аударыспақ ойындарына арзандау жылқы бара береді. Ең қымбаты бәйгенің жүйрік аты.

- Ат спортын дамытуға Атырау жері қолайлы ма?

- Өңіріміз ат спортын дамытуға қолайсыздау. Ат дайындауға таулы жер ыңғайлы. Аттар жоғарыға көтеріліп, тынысы ашылып, бұлшық еттері шынығады. Жаттығу ай сайын 18 күндей өтеді. Бірақ жеріміз қолайсыз екен деп ұлттық спортпен айналыспай отыруға тағы болмайды.

- Бүркітші болғым келеді дейтін жігіттер де жоқ па?

- Бүркітші болса дайындап шығарамыз деп хабарландыру жасаудамыз, бірақ құлшынып келіп жатқан адам жоқ. Қазір үш бүркітшіміз бар. Спорттың бұл түрімен ағайынды ҚОШҚАРОВТАР айналысуда. Бүркітшілерді де жаз мезгілінде бүркітімен бірге Алматыға жібереміз. Біздегі ыссылық, маса бүркітке қолайсыз. Бүркіт күніне 1 келі ет жейді. Олар таулы жерде өздеріне азық ауласа, екінші жағынан жаттығу болады.

Бүркітшілеріміз екі дүркін Қазақстан чемпионы. 2014 жылы 8 мемлекеттің қатысуымен Астанада өткен халықаралық фестивалде «Нарын» атты бүркітіміз бас бәйгені жеңіп алды. Бұдан бөлек Жамбы атудан Темірлан ІЗДӘУЛЕТОВ деген садақшымыз 20  садақшының арасынан төртінші орын алды. Аударыспақ бойынша 60 келі салмақта бір спортшымыз бар. Аударыспаққа ауыр салмақтағы ойыншыларды таба алмай отырмыз. Қыз қуудан жігітіміз бар да, қызымыз жоқ. Жарыстар болған кезде қыз қуудың қызы басқа өңірден шығып көмектеседі.  

- Талғайраң ауылы маңынан салу жоспарланып отырған ипподром мәселесі не болып жатыр?

- Ипподромның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Алайда, әлі күнге дейін құрылысы басталмай тұр. Ипподром салынса фестиваль, чемпионат дегендерді өзімізде өткізу арқылы, көпшіліктің қызығушылығын арттыруға болатын еді. Алда, 15 қазан Атырауда жаппай көкпар өткізгелі отырмыз. Оған республикадан екі жүздей спортшы қатысады.  Мұнда ең көп салым салған адамға алтынмен апталған қамшы сыйлаймыз деп отырмыз.

Ералы ТОЙШИЕВ – көкпардан «Атырау» командасының капитаны:

- Атыраудың «Көкпар» командасына 2015 жылы шақыртумен капитан болып келген едім. Бұған дейін Шымкент облысының құрамасында көкпар шаптым. Ең алғаш 14 жасымда көкпарға келуіме ауылда әкем де, әкемнің інісі, ағам да көкпаршы болғандығы, соларға қызығушылығым сеп берді деп ойлаймын. Қазір інім де көкпар шабады. Оңтүстікте көкпарға көп аттар қатыстырылады. Өзім көкпарға ата кәсібім, қызметім ретінде қараймын. Бұдан  бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысында  Абай ауданында өзімнің шағын жылқы өсіретін шаруа қожалығым бар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

12 қыркүйек 2017, 18:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.