Атырау, 26 сәуір 08:45
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Салдыр-гүлдір, салдыр-гүлдір жолдар-ей...

3 539 просмотра

Атырау-Астрахан тас жолының жырын жырламаған адам қалмаған шығар біздің облыста. Әрине, жол азабын жүрген біледі.

Атыраудан батысқа бет алған жолаушыларды қаладан шыға бере шыдатпас жағымсыз иіс мазалайды – бұл қаланың кәріз жүйесінің соңғы нүктесі. «Черная речкадан» басталған иіс үлкен көпірден асқанша басылмайды. Тіпті, көліктің терезелерін жауып тастасаң да, еш қайран жоқ. Балалар «фуу» деп жиіркеніп жатса, сен екі саусағыңмен мұрныңды баса жөнелесің.

Әрі қарай жол бойында шұңқырлар басталады. Ірімшіктегі тесіктер сияқты. Ресейлік танымал «Универ» сериалының актері Станислав ЯРУШИН Атырауға келген сапарында күл-талқаны шыққан жолды сынаған бейнежазбасы әлеуметтік желіге таралған болатын.

Біреуінен өттім бе деп еңсеңді енді көтере бергенде келесі шұңқырға келіп тірелесің...

Аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, денсаулығы нашар адамдарға бұл жолмен жүру – азаппен тең. Былтыр күзде Атырауға жете алмай, сәбиін Аққыстауда дүниеге әкелген құрманғазылық келіншекті танимын.

Тас жолдың бойында қаза тапқандарға арнап қойылған белгілер де көп. Әр бұрылыс сайын десем, артық кетпеспін. Талай жанның өмірін де қиды бұл жол.

«Раньше объезжали ямы, теперь проще объезжать дорогу» деген сөз бар ғой, біздің жүргізушілер оны да орындап тастаған. Тас жолдың жанынан қара жолмен де жүре береді.

Бұл жерде Душанбе-Мәскеу пойызының жолсеріктерінің құдайы беріп тұр. Олар Ганюшкино станциясына дейін баратын жолаушыларды 500-1000 теңгеге ала кетеді.

Енді міне, жақында бірнеше брифингтерде Астрахан тас жолын жөндеу жұмыстарының басталатыны айтылды. Жөндеуді 2020 жылы бітіруге уәде беріп отыр. Асыға күтеміз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

7 тамыз 2017, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.