Атырау, 20 мамыр 11:07
 ашықВ Атырау +22
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Шараның балетке берген билеті

4 483 просмотра

54 жастағы Талғат ҒАТАУОВ (суретте) - балетмейстер, педагог-хореограф. Кіші өнер академиясында  сабақ береді әрі  мұнда өзі құрған «Қазына» би ансамблін басқарады. Оның шәкірттері талай отандық және

халықаралық бәйгелерде жүлде алған.

- Біраз шәкірттермен жұмыс істей келе, биге икемділігін, билеуге деген ниетін  көріп,  біршама еңбектендік. Мәселен, кәсіби жарамсыз деп, қатардан шығып қала жаздаған Ербол ҒАБИТОВ деген шәкіртім қазір академия мақтанышы. Өзі де хореографиядан ұстаздық етуді үйреніп жүр,  - дейді Т.Ғатауов.  

Тағы бір шәкірті Мырзахан МЫҢБАЕВТЫҢ да жасы 16-да. Ол да жұлдызы жарық жас бишілердің бірі. Бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Жуырда Бостон қаласында өтетін халықаралық балет байқауына шақырылып отыр. Сол жерде оған Нью-Йорк қаласында грант оқуына түсуге жолдама берілмек.  

 

«ҚОЙ БАҚПАСА,  ПАРТБИЛЕТТІ ТАПСЫРСЫН!»

Бір қызығы, Талғат Ғатауов бала күнінде биші боламын деп ойламаған, армандамаған да. Мектептен соң шопан болып еңбек етіпті. Себебі, әкесі ауылда бригадир болатын. Партком хатшысы әкесіне: «Балаң мал бағуға бармай ма, партия билетіңді үстелге қой!» деп бұйырған.

- Ол жылдары солай болды ғой. Амал жоқ, айтты ма, барасың. Сөйтіп, екі жылым қойдың артында кетті. Жасым 18-ге қарағанда әскерге кеттім. Әскери борышымды 1976-1978 жылдары Мәскеуде өтеп келдім де, 1978-1980 жылдары инженер-механик оқуын колледжде қызыл дипломмен бітірдім.

Талғат Ғатауов сол жылдары жарымен танысып, отау тігеді. Ұлдарының үлкені - Таир Ғатауов та өнер жолын қуған,  Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының дарынды әртісі.

 

ӘННЕН - БИГЕ

Ол би әлеміне ән арқылы келген. 1986 жылы Алматыда өткен ән байқауына да қатысқан.

- Сол жолы қазылар алқасының құрамында отырған танымал биші Шара ЖИЕНҚҰЛОВА апамыздың назарына іліктім,- деп еске алады Т.Ғатауов. - Ол кісі ән орындап тұрғанда қозғалып тұрған қимылымды байқаған. Сол жерде маған бидің оқуына түсуге кеңес берді. Мен сол жылы Шымкенттегі өнер институтына оқуға түстім

Би үшін «зейнеткер» саналатын 29 жастағы  Талғатты  ол жерде әзер қабылдаған, тіпті алты айлық сынақ мерзімін өтуі тиіс болған. Кейін ол ең үздік студенттердің  біріне, ал би мәңгі  кәсібіне айналды. Ғатауов ұзақ жылдар бойы Оралдағы облыстық филармонияда («Ақ Жайық» би ансамблі) еңбек етті. Содан соң Махамбет Өтемісов атындағы хореография  университетінің  кафедрасында ұстаздық етті.  Ал екі жыл бұрын оны Атыраудағы  Кіші өнер академиясына шақырған. Бүгінгі дарынды шәкірттері ұстаз еңбегінің жемісі.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2012, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.