Атырау, 8 мамыр 22:53
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Атырау қақпасы

3 163 просмотра


Жазғы маусым қызған шақта Атырау темір жолы вокзалының жұмысы оқырмандарымыздың біршама наразылықтарын тудырады.

- Екі апта бұрын вокзалдан бүкіл отбасымызға билет сатып алдым. Терминалдан электронды кезек түбіртегін алып, күтіп отырдым. Жарты сағат өтті. Әлі ұзақ күтуге тура келетінін түсініп отырмын. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на жататын төрт кассаның тек біреуі жұмыс жасап тұр. Қалғандарында кассирлер болды, бірақ клиенттерге қызмет көрсетпеді. Кассалардың біреуіне барғанымда әйнек қоршаудың ар жағындағы әйел маған өз кезегімді электронды таблоға сәйкес күтуді бұйырды.

Бір қызығы, «Жолаушылар тасымалы» кассаларының жанында клиенттерге тірі кезек бойынша қызмет көрсететін бірнеше жеке касса орналасқан. Ол жердегі кезек тез өтіп жатыр. Тағы «электронды» кезекті күттім, содан соң шыдамай, жеке кассаға бардым. Мұны неге бірден жасамадым? Аз болса да үнемдегім келген: «Жолаушылар тасымалы» комиссия алмайды, ал жеке кассалар 150-ден 300 теңгеге дейін алады. Аз ақша сияқты, бірақ 3-4 адамға билет алсаң, әрі кету-келу билетіне едәуір сома болады. Неліктен «Жолаушылар тасымалы» кассалары нашар жұмыс жасайды? – Лаура есімді «АЖ» оқырманы.

Қала тұрғындары вокзал ғимаратының іші қапырық екеніне шағымданды. Ыстық кезде адамдар көп жиналған кезде, олардың айтуынша, тыныс алу мүмкін емес екен.

Мен сол жерді көру үшін вокзалға бардым. Шынымен де, «Жолаушылар тасымалының» төрт кассасының электронды кезек тәртібімен тек біреуі - №4 касса ғана жұмыс жасап тұр екен. Жарты сағат бақылауымнан кейін №2 касса ашылды. Сол уақытта жеке кассаларда қызмет көрсету қарқынды жүріп жатты. Онлайн режимде билет алуға болатын терминалға осы уақыт ішінде ешкім жақындаған жоқ.

Қапырыққа келер болсақ, иә, бірінші және екінші қабаттарда ауа жоқ. Кассалардың жанында сплит-жүйе бар, бірақ аумағы үлкен орынжайды салқындатуы әлсіз, есесіне суы жиі тамып тұр. Кассирмен тілдесіп тұрған кезде көлшікте тұру немесе төбеңнен тамған тамшыға шыдап тұру жағымсыз екені рас.

Мен жауапты тұлғаларға комментарий алу үшін жүгіндім. «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассалары жұмыс тәртібіне сәйкес жұмыс жасап тұр, - деп растайды редакция сауалына «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалының директоры Сүлеймен МАХАМБЕТОВ: «Қазіргі кезде Атырау станциясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 4 билет кассалары жұмыс жасайды – 3 тәулік бойына және 1 күндізгі. Билеттерді сатудан басқа №1 касса - барлық бағыттар бойынша мүгедектер мен топтарға қосымша қызмет көрсетеді, №2 касса – дисконттық карталар мен жүрейін деп тұрған пойыздарға билеттер сату бойынша жұмыс жасайды, №3 касса – жолаушыларға броньдар мен әскери талаптар бойынша қызмет көрсетеді.

Билет кассирлері жұмыс кестесіне сәйкес түскі үзіліске және 15 минуттық технологиялық үзіліске кетеді. Біз талдау жүргіздік: бір жолаушыға қызмет көрсетуге орташа алғанда 15-20 минут уақыт кетеді. Бұл тек бару жолына ғана алынатын билет болса».

Қапырық ауаға келер болсақ: «Атырау вокзалының күту залында күрделі жөндеуден кейін: бірінші қабатта - билет кассаларының жанына 4-уі, екінші қабатта – еденге қойылатын 5 кондицинер, барлығы 9 кондиционер орнатылды, - деп хабарлады редакция сауалына «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының вокзал шаруашылығы жөніндегі бөлімінің басшысы Ажар АХМЕТОВА. – Автоматтың үнемі істен шығуына байланысты қазіргі кезде бүкіл кондиционерлерді қосуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан тәулік бойына билет кассаларының алдында 2 кондиционер жұмыс жасайды. Екінші қабаттағы күту залына жолаушылар шоғырланған кезде еденде тұрған 2 кондицинер қосылып, үздіксіз жұмыс жасап тұрады. Журналист вокзалға барған уақытта сырттағы ауа температурасы 45 градусқа жеткен еді. Сол күні кондиционерлер бізде үзіліссіз жұмыс жасап тұрды. Жолаушылар тарапынан ешқандай шағымдар түскен жоқ».

Жалпы, бәрі де, кассалар да қалыпты жұмыс жасап тұр. Алайда өз көзіңмен сәл басқаша көріністерді көресің.

Жақын уақыттан бері вокзал ғимаратына кіре берісте жүктер мен қол жүгін тексеруге арналған жабдық орнатылған. Демалысқа шығушылардың көпшілігі тексеруден өту үшін және пойызға кешікпеу үшін вокзалға ертерек келу керек пе деп алаңдайды. Жағдайды пайдаланып, осы сұрақты А.Ахметоваға қойдым. Сөйтсек, тексеру террористік қауіптілік деңгейіне байланысты жүргізіледі екен. Былайғы уақытта немесе біркелкі «сары» деңгейде тексеру ішінара жүргізіледі. Жоғары («сарғылт») және сыни («қызыл») деңгей жарияланған кезде баршаға заттарын лентаға қоюға тура келеді. Қазіргі кезде вокзалға еркін кіре беруге болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті түсірген автор

19 шілде 2017, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.