Атырау, 2 мамыр 03:11
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Батыс алаңдатып отыр

4 202 просмотра


Атырауда батыстағы төрт облыстың аймақтық имамдары мен дін істері басқармалары басшыларының қатысуымен семинар өтті. Аудитория алдында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ  сөз сөйледі.

КИІМ: КӨШЕДЕ ЖӘНЕ МЕКТЕПТЕ

Оның айтуынша, дәл осы еліміздің батысында радикалды діни ағымдардың әсері жоғары екен. Оның үстіне жақсы дайындалған имамдар жетіспейді. Төрт облыста ауыл имамдарының 12 орыны бос тұр. 102 мұсылман діни қызметшісінің ішінде 52-сінің ғана орта теологиялық білімі бар.

- Біз министрлікте  ата заңда заманауи үдерістерді есепке алмаған бірқатар олқылықтарды зерделеп, оған өзгертулер енгізу керек деген шешімге келдік. Өзіміздің түзетулер енгізген жобамызда біз қоғамдық орындарда адамның бет- жүзін жасыратын киімдерді киюге, сонымен қатар тым  ашық-шашық киінуге де тыйым салуды ұсындық, - деді Ермекбаев.

ҚР білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары Зейнеп МАҚСУТОВА елімізде міндетті мектеп формасын енгізуді дұрыс шешім деп есептейді.  Бұл бірден екі мәселені шешеді -  әлеуметтік жіктелуге және балалардың діни киім киюіне жол бермейді. Мақсутованың сөзіне қарағанда, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мектеп формалары бюджет және  демеушілер есебінен қаржыландырылған болар еді.

- Соңғы екі жылда мектепке орамал тартып және қысқа балақты шалбар киіп келетін балалар саны айтарлықтай өсті. Бұл өрескел ереже бұзушылық. Айта кететін жайт, бірыңғай форма  кию тек білім беру нысандарының аумағында ғана сақталады, ал басқа жерлерде күшін жояды, - деді З.Мақсутова.


СОДЫРЛАРДЫ АЗАМАТТЫҒЫНАН АЙЫРАДЫ

Министр Ермекбаев көтерген екінші мәселе  ҚР азаматтарының шетелдік діни оқу орындарына жіберу тәртібіне бақылаудың қойылмағандығы болды. Оның айтуынша, бүгінгі күні 123 қазақстандық әлемнің 13 мемлекетінде діни білім алуда. Оның ішінде 76 студент батыс өңірінің тумалары, басым көпшілігі атыраулықтар. Осы негізге сүйеніп ҚМДБ азаматтарға діни білімді тек ҚР ішінде ғана алуды міндеттеп отыр. Және шетелдерде өз бетінше білім алғандарды мешіттерге жұмысқа қабылдауға да тыйым салынды.   Мүфтияттың жолдамасы шетелде білім алам деушілерге Қазақстанда базалық діни білім алғаннан кейін ғана тек магистратура мен докторантурада білімін жалғастыру үшін берілетін болады.

- Қазіргі таңда шет елдердегі лаңкестер лагерінде Қазақстанның 500-ге жуық азаматы бар. Сирия, Ирак аймағында террористік топтар үшін жағдай қиындап жатқаны белгілі. Содырлар шегіну жолдарын соның ішінде өз елдеріне оралуды қарастыруда. Сондықтан қазақстандықтардың ішінен шыққан осындай адамдар қылмыстық тәжірибе жинақтап елге арам ниет оймен оралуы мүмкін. Осыған байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, енді терроризмге қатысы барлар ҚР азаматтығынан айырылады, - деді министр.

Ақтөбеліктер өз тәжірибелерімен бөлісті: дәстүрлі емес діни ағымда жүрген барлық адамдар есепке алынған және қазір «әлеуметтік оңтайландыру паспорты» дайындалуда.

- Паспорта  отбасы құрамы, әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы, медициналық және өзге де қандай жәрдемдерге мұқтаждығы көрсетіледі.   Сол мәселерді анықтап, жұмыс жүргізіп келеміз, - дейді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан ЖОЛДАСОВ.

Семинарда сондай- ақ, шалғай елді мекендерде жұмыс жасайтын имамдардың жалақысын өсіру қажеттілігі туралы да айтылды.  

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

17 шілде 2017, 20:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.