Атырау, 26 сәуір 06:05
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Баспана 10 пайызбен беріледі

4 892 просмотра


Мемлекеттік «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының аясында ипотекалық қарыз бойынша 7 пайызға дейінгі сыйақы мөлшерлемесін мемекет субсидиялайды.

Брифингте Атырауда құрылыс басқармасы мен несиелік қаржы мекемелерінің басшылары бағдарлама бойынша түсіндірді.

Бағдарлама бойынша негізгі шарт – алынатын баспана құрылысшыдан қабылданған жаңа үй болуға тиіс. Меншігіндегі баспана санының маңызы жоқ. «Нұрлы жер» ипотекасын ҚР-ның кез-келген азаматы ала алады. Қарыз алушы баспана құнының 30%-ына дейін қаржы салады (бастапқы жарна), несие тиісінше 70 пайыздан аспайды. Қарыз сомасы – 15 жылға дейінгі мерзімде Алматы мен Астана қалаларында 20 млн теңгеге дейін және басқа өңірлерде 15 млн теңгеге дейін.

- Екінші деңгейлі банктер жылдық 17 пайызбен ипотека берді, қазір олар ипотека беруді мүлдем тоқтатты. «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында мемлекет ипотекалық қарыз бойынша 6-7 пайыз мөлшерлемені субсидиялай алады, - деп хабарлады облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ.

Тиісінше, банк қарызының келісімшарты бойынша бағдарламаға қатысушы негізгі қарыз бен 10 пайыз сыйақыны төлейді. «Нұрлы жерге» қатысушылар субсидиялау келісімшарты бойынша несие ресімдеу немесе қызмет көрсетілгені үшін комиссия төлеуден, алымдар мен басқа төлемдерден  босатылады.

Аманов осы құралдардың арқасында қарыз алушы үшін несиелік жүктеме 30-40 пайызға дейін төмендейтінін растады. «Нұрлы жер» аясында ипотека алуға өтінімдерді облыстық әкімдік жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесі қарайтын болады.

Амановтың айтуынша, бағдарламаға екінші деңгейлі жеті банк: «Цеснабанк», «Сбербанк», «Банк ЦентрКредит»,«АТФБанк», «BankRBK», «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Tengri bank» қатысады.

Бағдарлама жеке құрылыс салушылардың да баспана салуын ынталандырады.  Жеке құрылыс салушыларға банктер беретін несиелер бойынша да сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қарастырылды.

Бүгінгі күні «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру аясында Атырау облысында 2007 пәтерлік көпқабатты 37 тұрғын үй салынуда. Олардың жалпы алаңы 135,6 мың шаршы метр, олар ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

2017 жылы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым салуға 11,2 млрд теңге (6 млрд ҚР Ұлттық қорынан, 3,3 млрд республкикалық бюджеттен, 1,9 млрд жергілікті бюджеттен) бөлінді.

Бұдан басқа, 2018 жылы қаладағы екі ықшамауданда – «Береке» мен «Нұрсаядан» 4638 пәтерлік 43 тұрғын үй салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. 2118 пәтерлік 14 үйдің құрылысын салуға биыл кіріседі. 

Жаңа ипотекалық үй алғысы келетіндер ақпараттарды келесі телефондар бойынша алуға болады: 8(800)-080-44-48, 8(712)-227-11-71.  Құрылыс компаниялары үшін: 8(800)-080-18-90

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 шілде 2017, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.