Атырау, 26 сәуір 06:33
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Біз жеңілдікпен жүретіндерді енді тегін таси алмаймыз»

3 442 просмотра

Атыраудағы ірі тасымалдаушы «АйсТрансХолдинг» ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВПЕН (суретте) әңгімеміз оны мазалаған мәселеден басталды:  

- Халық автобустар үкімет, бюджет есебінен алынып отыр деп ойлайды. Немесе үкімет тарапынан субсидия, өтемақы бөлінеді деп те ойлайды. Бірақ, ол олай емес. Біз 2013 жылдан бері тендерге қатысып, біраз маршрутты ұтып алдық. Өз ақшамызға 70 автобус сатып алдық, несие алдық. Кемшіліктеріміз көп, оны мойындаймыз. Бірақ, сол мәселенің бәрін шешу үшін үкімет тарапынан көмек керек. Оны шешудің екі жолы бар: не билік жолаушыларға арналған жеңілдіктерді алып тастайды, не оларды бюджет арқылы өтейді. Бірақ, екеуі де жасалмай отыр.

Бізде қалада он мыңдаған оқушы бар екен. Олардың бәрін біз тегін тасимыз. 27 000 зейнеткерді 50 пайыз жеңілдікпен тасимыз. Заңда бұлардың ешқайсысы қаралмаған. Сонда айына 40 млн теңгені біз тек оқушылардан жоғалтып отырмыз. Автобустардың қосалқы бөлшектердің қаншалықты қымбаттап кеткені туралы ешкім сұрамайды. 2013 жылы сәуірде біз 10 автобус алдық, ол кезде бір автобустың бағасы 13 млн-ға жеткен жоқ. Қазір осы автобустың құны 45 млн теңге. Жыл басынан бері бензин бағасы 30 пайызға өсті. Бәрі қымбаттап кетті. Тек халықтың жалақысы көтерілген жоқ. Бәрі ашынып жүр. Біз де солай. Бірақ, адамдарды тасу керек қой. 2016 жылы осы мәселелерді қарастыру үшін қалалық әкімдіктің жанынан комиссия құрылды. Біз субсидия туралы мәселемізді көтеріп, субсидия бөлуге 5 маршрут шығарып бердік - №№2, 6, 10, 30, 4. Есептеп қарады, әдістемеге салды, қалалық мәслихатқа берді, қолдады. Бірақ, бәрі де өзгеріссіз қалды. Инвестор әкелу керек дейді. Ал, біз инвестор емеспіз бе? Біз тек тиесілі нәрсені сұрап отырмыз.

Сүйіновтің сөзін «Атырау қаласы Жолаушылар тасымалы ассоциациясы» басқарма төрағасы Жасұлан БИСЕНОВ қолдады:

- Бұл тек біздің талабымыз емес, бұл Қазақстандағы барлық тасымалдаушылардың талабы. 2016 жылы қазан айында Астанада тасымалдау саласына қатысты үлкен жиналыс өтті. Сингапурден, Англиядан, Америкадан келген қонақтардың баяндамаларын тыңдадық, ешбір елде мемлекеттің көмегінсіз жолаушылар тасымалының жұмыс жасауы мүмкін еместігі талқыланды. Дұрысында былай: мемлекет тасымалдаушыларға итеріп тастамай, жолаушыларды жеңілдікпен қаржылай қамтамасыз етуге міндетті. Бұл жағдайлардың бәрі қалалық әкімдіктің құзырында. Облыстық әкімдікте өткен қоғамдық кеңесте осы мәселе көтерілгенде облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА «балалардан жолақысын талап ету мүмкін емес, бұл мәселені шешудің басқа да жолдары бар» деп айтты. Ал меніңше бір ғана шешім бар – нақты соманы анықтау, оны бюджеттен табу және тасымалдаушымен келісімшарт жасау керек.

Кейін мен М.Сүйіновке бірнеше сұрақ қойдым.

- Мен сіздің автопаркте жұмыс уақытында тұрған автобустарды көрдім. Олардың бәрі бұзылып тұр ма?

- Мәселе онда емес, бізде жүргізушілер тапшы. Олар жақсы табыс сұрайды, ал атап өтілген себептерге байланысты мен ондай табыс төлеуге жағдайым тартпайды. Сондықтан олар бізде көп тұрақтамайды. Қазіргі таңда бізде 150 жүргізуші болу керек, бірақ тек 70 жүргізуші ғана жұмыс жасайды. Кондукторлар мен жүргізушілердің  жалақысы 2013 жылдан бері өскен жоқ. Көтерейін десем, өзімізге тиесілі ақшамызды ала алмай отырмыз. Субсидия мен өтемақы төленетін болса, мен олардың жалақысын көтеремін, сәйкесінше, олардан талап ете аламын.

- Оларға қазір қанша төлеп отырсыз?

- Қазір кондуктор айына 30 мың теңге, жүргізуші 15 күнге 75 мың теңге алады.

- Кондукторлардың көпшілігі билеттерді бермейді, бұл ақшаның бір бөлігін қалталарына басады деген сөз ғой.

- Мүмкін, мен оны жасырмаймын. Ондай фактілер бар. Әр кондуктордың артынан күн ұзағына кісі салып қоя алмаймын. Баланстағы 70 автобуста таңертең бәрі билетпен қабылдап алады, кешке қалғанын тапсырады. Олардың араларында бермей қалатындары болар. Бірақ контролерлар тексеріп жүреді.

Кондукторлардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін де түсіну керек – жалғыз кондуктор күн сайын қанша түрлі адаммен жұмыс жасауы керек. Ал адамдар әртүрлі.  

- Қазіргі таңда қала әкімі дайындап жатқан қаладағы жолаушылар тасымалы тұжырымдасының ішінде электронды билет енгізу де бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Иә, мен хабардармын. 2022 жылға дейін дайындап бітіру керек. Егер мен оған дейін банкрот болып қалмасам. Ал электронды билеттердің енгізілуін қолдаймыз. Бәрі ашық әрі таза болады.


Мақсот СҮЙІНОВ.

- Қала көшелерінде неше автобус жүр?

- Біздің 70 автобусымыз да қалада жүреді. Қалған маршруттарға жеке тасымалдаушылардың 90-120 автобустары шығады. Жалпы есеппен күніне 170 автобус шығады.

№4 маршруттың жағдайы алаңдатады. Нұрсаяда мектеп жоқ, балалар қалаға қарай ағылады. Мәселенің шешімі бола ма?

- №4 маршруттың ұзақтығы 36 шақырым. 1 сағат 10 минутқа созылады. Нұрсая кеңейіп барады. Маршрутты Абай аялдамасына дейін әкелуді жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе, «Дина» базарының тұсындағы қиылысқа бағдаршам керек. Ол жерде үнемі көлік кептелісі болады да жатады. Мәселе өте көп. Және олар қалалық әкімдікпен бірге шешілуі керек.

- Жүргізушілер мен кондукторлардың жұмыс күні қашан басталады және қашан аяқталады?  

- Бұл маршрутқа байланысты. Жалпы жұмыс таңертең 7-ден басталады, кешке 23.00-ге дейін жалғасады. Көшеде автобустар ең болмағанда 22.00-ге дейін жүрулері керек.

- Оларды кешкі 7-ден кейін таппай қаласың.

- Егер жүргізушілердің кешке жұмыстарын ерте тоқтатқанын көрсеңіз, бірден бізге хабар беріңіз. Бізде олармен жасаған келісімшартымыз бар, онда бәрі көрсетілген.

- Аялдамаларда автобустар ұзақ тұрып алады.

- Аялдамаларда ұзақ тұрып алу немесе көшеде жарысуға келсек, бұл үшін біз жүргізушілердің жалақысынан кесеміз. Сол әдіс жақсы көмектесті. Ал жеке тасымалдаушылардың арасында бар шығар.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

3 шілде 2017, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.