Атырау, 20 мамыр 09:56
 ашықВ Атырау +22
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Сыр ақтарған көркем көрме

17 830 просмотра

22 ақпан күні «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Атыраудың сырлы жауһарлары» атты ІІ қыз-келіншектер көрмесі ашылды. Қаламыздың кескіндемеші әрі қолөнерші қыз-келіншектері үшін бұл игі шара - халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жасалған үлкен сый-құрмет.  

Мұндай көрме былтыр да осындай мезгілде өткізілген болатын. Көрмеге Жазира Мұқсиева, Гүлшат Иманғалиева, Светлана Гузева, Ғазиза Акимниязова, Лаура Тілекбай, Құндыз Нұрғалиева, Нафиса Джалмухамедова, Любовь Агеева, Гаухар Даулетова, Надежда Эксузьян, Халифа Мусина, Марта Баймукашева, Бибінұр Джулдимова, Бибі-гүл Мусина, Оксана Ким, Айгерім Бекқалиева, Маншүк Қабдолованың 100-ден астам  жұмыстары, яғни картиналар, қолөнер бұйымдары, киімдер, тоқыма жұмыстары және макеттер қойылды. Бұл жолғы көрмеге алғаш қатысып отырған арулар.

- Бұл көрменің мақсаты - кәсіби суретші, көркемсурет және сәндік-қолданбалы бұйымдар жасаумен айналысатын шебер қыз-келіншектердің шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, бағалау, Атырау облысы халқының назарына сол өнер туындыларын ұсынып, жариялап, насихаттау, - дейді «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген ДӘУЛЕТОВ.

Ал көрмеге қатысушы гобеленші Нафиса ДЖАЛМҰХАМЕДОВА өзінің әріптесі Любовь Агеевамен бірге бірнеше рет Ресей қалаларында көрмелерге қатысып, қаламызда шеберлік сабақтарын өткізіп үлгергенін айтады.

- Біз Ресейдің Краснодар, Мәскеу қалаларында қолөнер бұйымдарымызды таныстырып қайттық. Енді Астанада да көрмеге қатысқымыз келеді. Нұрберген ӘБДІРЕШҰЛЫНА өнерге жақын жүрген жандар үшін жанашыр болып жүргені үшін алғысымызды білдіремін, - дейді Н.Джалмұхамедова. – Жалпы, гобелен өнері өте күрделі ғой. Оған пайдаланатын жіптер де қымбат. Оларды Астраханнан алдыртамыз. Бір жұмысқа бірнеше ай жұмсалса, мұнда тек он саусағың мен көзің жұмыс істейді. Гобелен тоқудың өзі маған керемет ләззат сыйлайды.

Көрмеге белсене атсалысқан қыз-келіншектер Атырау облыстық мәдениет басқармасының және «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының алғыс хатымен марапатталды.

Айнұр САПАРОВА

1 наурыз 2012, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.