Атырау, 26 сәуір 09:20
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Құмарлық тыйымнан да күштірек

Сурет
3 594 просмотра

Атырауға желтоқсанда қабылданған көктемгі аңшылыққа тыйым салу туралы бұйрықты түсіндіру үшін Астанадан келген қонақтарды наразылықтар күтіп тұрды. Аң аулауға құмар атыраулықтар Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының кабинетінде министрліктің бұйрығын сынға ала отырып, қымсынбай ашық сөйледі.

«ЕУРОПАДА ҮЙРЕКТЕР МЕН ЕЛІКТЕР ЖОЛ БОЙЫНША ЖҮРЕДІ»

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мақұлдаған шараның авторлары жабайы құстар популяциясының едәуір төмендеуіне аңшылардың әрекеттері себеп болып отыр деп көрсеткен ғалым-зоологтардың зерттеулеріне сілтеді. Атыраулық аңшылар бүл тұжырыммен келіспейді. «Хабаршылардың»: тұрғылықты мекенжайын баяғыда Астанаға ауыстырған, Атырау облысынан парламентке сайланған экс-депутат (күтпеген жерден қазір «Хабар» телеарнасының журналисі болған) Ирак ЕЛЕКЕЕВТІҢ,  сонымен қатар, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан ӘМІРТАЕВТЫҢ ел аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанына қарағанда, бұған қарсы тек біздің аңшылар ғана емес секілді. Ашық қолжетімді ақпарат көздеріне сүйенсек, жас жігіт медия кеңістігінде жиі бой көрсетеді, бірақ оның экология, әсіресе, аңшылық мәселесі бойынша қалай маман болғаны түсініксіз. Оның радиотехникалық білімі мен өзіне тән жұмыс өтілі бар. Ол барлық уақыт бойына «Инвесторлар альянсы» РҚБ-ның, Софтверлік компаниялар қауымдастығының, енді, негізін салушылардың бірі Олжас Сүлейменовтің арқасында жоғарыдағы кабинетке ие болған экологиялық альянстың президенті болды. Солай болса да, біздің аңшыларымызды тыйым салу қажеттілігіне иландыра алмады. Жалпы әдеттегіше, бізде алдымен шешім қабылдайды, содан соң бұйрық күшіне енгеннен кейін оны түсіндіреді.


Ирак Елекеев

Елекеев кездесуді өзінің жеке бақылауларымен бөлісуден бастады:

– Жақында мен Австрия мен Германияны араладым, ол жерде үйректер мен еліктер жол бойында жүреді, адамдардан қорықпайды. Бізге де табиғатты сақтау керек, оларға көктемде ұрпақ өрбітуге кедергі келтірмеуіміз керек. Мен Есіл өзенінің жағасында тұрамын. Құстардың балапандарына қалай қамқорлық жасайтынын жиі бақылаймын. Балапандары өсіп кеткенше оларды тастап кетпейді. Мен 80-ші жылдардың ортасында Маңғыстау облыстық сотында судья болып жұмыс жасадым. Сол кезде аққуларды ату көбейіп кетті. Мен екі жас жігітке сабақ болатындай үкім шығардым, сол кезде халық ол үшін жауапкершілік бар екенін түсінді. Бүгіндегі нәтижесін білесіздер: Ақтауда аққуға ешкім тимейді. Яғни, біз осындай жұмыстарды жүргізсек, табиғатқа деген қарым-қатынас жақсарады. Әрине, бәрін соттай алмайсың, оның шешімі бұл емес қой. Бірақ біз белсенді түрде, әсіресе, өскелең ұрпаққа насихаттау жұмыстарын жүргізетін болсақ, тірі табиғатқа деген қарым-қатынас жақсара түседі. 80-ші жылдарға дейін уылдырық аулау 1000 тоннадан жоғары болғаны естеріңізде ме? Біз Швейцарияға 24 тонна уылдырық жіберетінбіз. Бүгінде Иран 70 млн шабақтар жібереді, ал біздің екі зауыт бар болғаны 4 млн жібереді. Осыдан қорытынды жасаңыздар. Ал бізге жануарларымызды атып алу үшін француздар келеді, шетелдік туризмнен түсетін ақшамен мұны ақтауға болмайды.


«САУАТСЫЗ ЖАЗЫЛҒАН, ТІПТІ, ҰЯТ» 

Елекеевтің мамыражай интонациясын облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамы басқармасының төрағасы Асылтек ЕСБОСЫНОВ қолдамады:

– Министр сілтеме жасап отырған биологиялық негіздеме өте шикі, кәсіби тұрғыда жасалмаған. Сіз Еуропада, Америкада... болдым дейсіз. Бірақ көктемгі аңшылыққа тыйым салар алдында бірнеше жыл бұрын аңшыларға базасын даярлап алу үшін, аң-құс өсіру үшін уақыт беріледі ғой. Ал бізде аң-құс өсіруге де, көктемгі аңшылыққа да тыйым салады. Егер мен қазір жабайы құстар өсіре бастасам, мен оны атуға рұқсат сұрауға тиіспін. Енді немен айналысу керек?! Егер сіз әлемдік тәжірибеге сілтеп отырсаңыз, онда өркениетті тұрғыда әрекет етіңіздер. Сіз еске салған сол француздар бізге келді. Бірақ, сіздер қазір бізді осы бұйрықпен аяқтан шалып отырсыздар. Сіздер өз әрекеттеріңізді халықпен келісіп жасауды қашан үйренесіздер? 2015 жылы сол министр қол қойған Қазақстандағы аңшылық ережесі бар. Соны ашыңыздар – ішінде көктемгі аңшылық туралы жазылған. Ендеше сол ережені жойып, содан кейін ғана осы бұйрықты енгізу керек еді. Айтпақшы, Ресейде көктемгі аңшылыққа тыйым салынған тәжірибе бар. Губерниялардың жартысы тыйым салған, жартысы рұқсат берген. Енді тыйым салынған жерлерде күн сайын керісінше жабайы құстар азайып барады.


Асылбек Есбосынов

Ол неге байланысты екен? – деп таң қалды Елекеев.

– Аталықтары үйректерді ұяда отырғызбайды, бір жерге жинайды (аңшылық осы аталық үйректерді атуға қатысты), олар солай көбейіп кеткен. Қазір Ресейде аңшылыққа кері рұқсат бермекші. Астрахань облысында тыйым салды, қазір оларда жабайы құстар, тіпті, бізге қарағанда азайып кетті. Ал оңтүстік өңірде тыйым салынбаған, оларда жабайы құстар жеткілікті. Біздегі проблема аңшыларда емес. Бізде құстар үшін ұя салатын жерлер, қоректенетін жерлер азайып кетті. Шаруаларға жерді оңды-солды таратты... Негіздемеде бұл туралы бірде-бір сөз жоқ – ол жерде тек аңшылар туралы айтылған. Бұған академиктер қол қойыпты, сауатсыз жазылған, тіпті, ұят. 

ТЕҢІЗ БУЛЬВАР СЕКІЛДІ

Оны кездесудің басқа қатысушылары да қолдады. Лев НИКОЛАЕВ 1962 жылдан бері аңшылық етіп келеді:

– Бұл жерде менен тәжірибесі көп ешкім жоқ шығар. Сіздер ғалымдардың пікіріне сүйеніп отырсыздар, бірақ біздің теңізіміздің кешкі бульвар секілді жанатынын неліктен ешкім атап өтпеген?! Өздеріңізді түнде теңізге алып шығуды өтініңіздер, содан кейін сіздер: (мұнай) алаулардың жанатындығын, жарықтың жанып тұрғанын, жабайы құстардың көшу жолдарын бізден шалғайға ауыстырғанын және көктемгі аңшылыққа тыйым салудың ештеңе өзгертпейтінін айтар едіңіздер. Бізде аққулар көбейіп кетті, суқұзғындар да көп – бұл өте нашар құс. Ол үйректерге ұяларында отыруға мүмкіндік бермейді, алайда бізде жабайы құстар аз ұя салады. Суқұзғын күн сайын 1,5 келіге дейін балық жейді. Ол теректерді де құртып жібереді. Ол бәрін бойына сіңіріп, сірке суын шығарады деуге болады. Біз ақбөкендерді де «сақтадық» - жайлаулар мен қыстақтарға су беретін бүкіл каналдарды жауып тастадық, сөйтіп бізде ақбөкендер қалмады. Ақбөкендердің «перзентханасын» жауып тастадық, ол жақта олардың ішуге жарамды су базасы болды. Ал біз оны жауып тастадық. Ақбөкендерге бізде өсетін шөптер керек, ал біз оларды қуып жібердік. Ақбөкендер түйе секілді – ол Оралдың немесе Қостанайдың қаулап шыққан шөптерін жемейді. Тек біздің қураған шөптерді жейді. Егер біз фаунаны осылай «сақтайтын» болсақ, болашақ ұрпаққа ештеңе қалмайды. Мұнай мұнаралары бәрін өртеп жатыр. Қарабатанға барып көріңіздер. Ол жерде таза пропан өртелуде, ал мұның бәрі теңіз аймағында орналасқан.


«ЕНДЕШЕ КӨЛІКТЕРГЕ ДЕ ТЫЙЫМ САЛАЙЫҚ»

Тыйымға аңшылықты сүйетіндер ғана емес, аңшылықтану мамандары да қарсы болды. «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы филиалының директоры Александр ИВАСЕНКО тіркелген алты мың аңшыдан аңшылыққа шығатын жергілікті 1 200-1 500 аңшының популяцияға зиян келтірмейтіндігіне сенімді:

Жалпы республикалық лимиттен облыс үлесіне 60 мың үйректен тиеді. Біз тіпті бұл лимитті облыстағы аңшылар санымен таңдамаймыз. Көктемгі аңшылық – биотехникалық шараның бір түрі. Ол бір адамға бес аталық үйректен аулауды қарастырады. Үйректі емес, аталық үйректі. Үйректер ұя басуға отырған кезде, аталықтар оларға  ұрпақ көбейтуге мүмкіндік бермейді. Жұмыртқалары салқындап кетеді де, сондықтан өсіп-өнбейді. Аң аулау, осылайша, жабайы құс популяциясының өсіп-өнуін реттеуге арналған. Бұл тыйым ештеңе бермейді. Бұл іс жүзінде табиғатқа жасалып отырған ізгілік емес. Ендеше, қасқырды аулауға да тыйым салайық. Қорғау шараларын күшейту керек – инспекторлардың техникалары да, бензиндері де жоқ. Теңізге шығатын болсаң, бірде-бір инспекторды кездестіре алмайсың. Қанша тыйым салғанымызбен, аңшылар теңізге шыға береді. Сондықтан көктемгі аңшылыққа тыйым салу – бос сандырақ, - деп тұжырымдады Ивасенко.


Александр Ивасенко

Құстар мен жануарлар аңшылардан емес, олардың мекендерінің шекарасын адамдар бұзғандықтан және онымен көршілес тұрғандықтан экологиялық проблемалардың салдарынан кетіп қалады деген пікір бар. Көктемгі аңшылыққа тыйым салуға қарсы болатындар өзеннің тайыздануы туралы және тереңдету жұмыстары қажет екендігін (балықтар азайған – жабайы құстар үшін азықтар да азаяды), жағалаудағы қорғаныс аймағын жеке тұлғалар мен фирмалардың заңсыз басып алғанын, орман массивтерінің жойылғаны мен жоғалғаны туралы, батпақты жерлердегі қамыстардың өртелуі туралы әңгімеледі.

– Бізде Қарқаралыда да үйректер көлдерде адамдармен қатар жайбарақат өмір сүріп жатыр. Мұндай тек Еуропада емес, бізде де бар. Тыйым салмау керек, заңды күшейту керек. Отбасымызды асырау үшін немесе табыс табу үшін емес, демалу үшін барамыз. Ал аңшылыққа тыйым салу - жол жүру ережесін бұзу қаупі бар болғандықтан көлік қозғалысына тыйым салумен немесе қоғамдық тәртіпті бұзбас үшін адамдарды көшеге шығармаумен бірдей. Егер мұның бәріне тыйым салынса, онда заң бұзушылықтар да болмайды. Бұл бұйрықтың логикасы осындай. Бақылау қажет. Орман шаруашылығы инспекциясын материалдық жағынан, жарақтандыру жағынан күшейтіңіздер, инспекторларға өкілеттік беріңіздер. Аңшылыққа қарсы емес, заң бұзушылыққа қарсы әрекет ету керек, - деді журналист әрі тәжірибелі аңшы Карим БАХРИДЕНОВ.

– Сіздер соңғы 10 жылда жабайы құстардың популяциясы екі есеге қысқарды деген мәліметтерді келтірдіңіздер. Өңірлер бойынша, атап айтқанда, біздің өңір бойынша мәліметтер бар ма? – деп сұрадым мен кездесуді ұйымдастырушылардан.

– Келесі отырыста өңірлер бойынша осындай ақпараттар беруге тырысамыз, - деп жауап берді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының теңіз инспекциясы бөлімінің өкілі А.НҰРМҰХАНОВ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

26 сәуір 2017, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.