Атырау, 26 сәуір 10:54
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Мәскеу театры қазақша сөйледі

4 914 просмотра


Жақында Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының труппасы Мәскеу қаласындағы театр сахналарының бірінде қазақ тілінде спектакль қойды. Бұл туралы толығырақ спектакль режиссері Жанат ТЕЛТАЕВТАН білген едік.

- Біз Мәскеуге «Художественная литература» баспасының директоры, журналист, жазушы Георгия ПРЯХИННЕН арнайы шақырту алдық. Бұдан бұрын ол кісі екі жыл қатарынан театрымызда өтетін халықаралық театр фестивалінде әділқазылар құрамында болған еді. Біздің труппа театр астанасы саналатын Мәскеудегі «МодернЪ» театрының сахнасында Пряхиннің «Тергеу» деректі драмасын қазақ тілінде сахналады. Шығарма Борис Пастернактың өмірінің соңғы кезеңін суреттейді.

Ол Батыста басылып шыққан «Доктор Живаго» романы үшін 1958 жылы Нобель сыйлығын алды. Осыдан кейін жазушының басынан қиындық арылмайды.

Кеңес баспасөзінде ақынның соңынан түсу науқаны, яғни, шығармашылығына қарсы үгіт-насихат басталды. Оны әдебиетші «әріптестері» шеттетіп, роман еңбек ұжымдарында да талқыға түсті. Бір қызығы, романды сол қарсы шыққан жандар оқымаған.

Осы жағдайлардан кейін Пастернак өз еркімен сыйлықтан бас тартады. Көп кешікпей ол 70 жасында ауыр науқастан көз жұмады. Оған осы көрсетілген қысым әсер еткені анық.

Тек 1989 жылы ғана Нобель сыйлығы мен медаль Стокгольм қаласында автордың ұлы Евгений Пастернакка табысталады.  

- Бұл сапарымыз біздің театрымыздың 80 жылдық тарихындағы Мәскеуге алғаш шығуымыз. Мәскеуді театр астанасы деп те атайды. Қалада 350-ге жуық театр бар. Олардың көпшілігінің залдары толы болады. Театр жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетуіміздің маңыздылығы да осында, - дейді режиссер.

Оның айтуынша, спектакль сурдоаудармасыз өтті. Көрермен жиналмас бұрын орындықтарға пьесаның орыс тіліндегі аударма мәтіні жазылған кітапшалар қойылған.

- Көрермен бізді өте жылы қабылдады. Әдетте, өзге сахнаға барғанда жатырқау деген болады. Бірақ, бұл жолы бәрі басқаша болды. Актерлер де ойындарынан ләззат алды. Қазіргі таңда Юрий Грымов жетекшілік ететін театрға Қазақстанның Ресейдегі елшісінің орынбасары, театр сыншылары, қазақ диаспорасының өкілдері және жергілікті көрермен жиналды. 300 орындық зал толы болды. Спектакль жоғары баға алды. Жалпы, алған әсеріміз көп. Тек бір өкінішті жағдай орын алды – Мәскеуде оқитын қазақ студенттеріне ақпарат дұрыс жетпепті, олар қойылымға кешігіп келді. Жыларман болып, тағы да сахналауды өтініп сұрады. Бірақ уақыт жетпеді, бізден кейін басқа спектакль сахналанатын еді. Олардың туған елге деген сағыныштары сезіліп тұрды.

Әрі қарай Ж.Телтаев қойылымға қатысқан актерлар туралы қысқаша айтып өтті:

- Пастернактың рөлін Асылбек БӘДЕЛ ойнады. Ол біраз қиналды, себебі, тарихи тұлғаны сомдау – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Барынша алып шықты. Сол кездегі КСРО-ның бас прокуроры Роман Руденконы Дастан ПЫШАНОВ ойнады, осы Дастанның ойынына көбі риза болды, жоғары баға берді. Зинаиданың рөлін театрдың белді актрисасы Анета БАЕТОВА сомдаса, Пастернактың Музасы Лараның прототипі Ольга Ивинскаяны Гаухар ҚАБИЕВА алып шықты. Сонымен қатар, Ержан ЖҰМАТОВ, Бекет ЗИНУЛЛИН, Асхат МУСАҒАЛИЕВ, Мерует ТАНАШЕВА және т.б. актерлер сахна төріне шықты.

Келесі жылы Махамбет атындағы облыстық театрдың құрылғанына 80 жыл толады. Бұл гастроль – мерейтой қарсаңындағы сенсациялық бастама болды. Ал, бастаманың жалғасы да болады. Труппа енді Еуропаға жол ашты. Париж, Милан, Лондон сахналарына шақырту алды. Мамыр айында Париж қаласында қазақ тілінде екі спектакль қою жоспарлануда.  

Режиссер театрдағы өзге де жағымды жаңалықтарды айтып өтті. Халықаралық театр күніне орай 26 наурызда қалада автошеру өткізіліп, театр ардагерлерін жинап ас беру ұйымдастырылмақ. Ал, 27 наурыз күні театрда 70 орындық кіші залдың салтанатты ашылуы өткізілмек. Бұл театр үшін үлкен жетістік. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған лабораторияда (олар кіші залды осылай атайды) моноспектакльдер, артхаус, модерн стиліндегі қойылымдар, балаларға арналған ертегілер сахналанатын болады. Себебі, облысымыздағы жалғыз ғана үлкен зал үнемі босай бермейді. Сол күні кешке үлкен шоу бағдарлама өтіп, негізгі интрига – «Жылдың үздік актері» мен «Жылдың үздік актрисасы» атағының иегерлері анықталады.

Сонымен қатар, биыл «Сүйінбай» драмасы, «Баянды махаббат», «Балкон» мелодрамаларының, «Маугли» мюзикл-ертегісінің премьералары жоспарланған. Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.