Атырау, 26 сәуір 05:46
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

4 минус 1: Бір ресейлік полигонға кеміді

2 301 просмотра

22 ақпан күні парламенттің Мәжіліс депутаттарының пленарлық отырысында Ақтөбе облысының аумағындағы Ресей Федерациясының Ембі полигонын жалға алуды тоқтату туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Кезінде бұл полигонда зениттік-ракеталық кешендердің («С-300», «Бук», «Тунгуска»), әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарының, шағын радиусты аумақта әрекет ететін оперативті-тактикалық ракеталардың сынақтары жүргізілді, сондай-ақ, осы типтегі қарулардың жаңа үлгілері қолданылған әскери оқу-жаттығулар өтті. Полигонның жалпы аумағы 791 мың гектарды құрайды.

Депутаттардың бірі атап өткендей, 60 жылдың ішінде Ембі полигонында алты мыңға жуық сынақ жүргізілген.

Ресей Ембі полигонын жалға алуды 2016 жылдың қазанында тоқтатты. Ол кезде Мәскеуде Ресей мен Қазақстан арасында Ембі полигонын пайдалану және жалға алу шарттары туралы келісімшарттардың әрекет ету мерзімін тоқтату туралы мемлекетаралық Хаттамаға қол қойылған болатын.

Депутаттардың қарауына заң жобасын қорғаныс министрінің орынбасары Талғат МҰХТАРОВ ұсынды.

- Қайтарылатын жерлер алдағы уақытта ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің және пайдалы қазбаларды барлаумен айналысатын ұйымдардың пайдалануына берілуі мүмкін. Одан бөлек, полигон учаскелерін әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына пайдалануы мүмкін, - деді ол.

Депутаттардың «осы жерлерді әрі қарай да пайдалануға жарамдылығын тексеру үшін қандай экологиялық сараптамалардың жүргізілді және бұл сараптамалардың нәтижелері қандай?» деген сауалына Мұхтаров былай деп жауап берді: 

- Энергетика министрлігі және Экология жөніндегі комитет, соның ішінде жергілікті экологиялық қызметтермен бірлесіп, полигондағы жағдайды сол жерде зерттеген сарапшы комиссиясы құрылған болатын: тікұшақпен шолып өтіп, топырақ сынамасы алынды. Ғарыштық түсірілімдер жасалды. Нәтижелері бойынша қоршаған ортадағы және топырақтағы ластаушы заттардың көлемі шекті-рұқсат етілген нормалардан аспайтынын көрсетті. Бұл полигон ядролық болып саналған жоқ, сондықтан жергілікті тұрғындар мен билік органдары тарапынан аурушаңдықтың көбейіп кетуі туралы шағым түскен жоқ. 

Мұхтаровтың айтуынша, қазіргі уақытта Ресей тарапынан Қазақстанда жұмыс жасап тұрған үш полигон жалға алынып отыр: Қарағанды облысындағы Сарышаған полигоны, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағындағы 929-ші полигон, сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы аумағындағы 4-ші полигон. 

Қаржы министрінің орынбасары Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ депутаттардың бірінің сауалына жауап бере отырып, жыл сайын Ресей Федерациясы төрт әскери полигонды жалға алғаны үшін Қазақстанға 20 млн 757 мың АҚШ долларын төлеп отырғанын айтты.

- Соның ішінде Ембі полигоны 2008 жылдан бері пайдаланылмаса да, ол үшін де үнемі төлеп тұрды. 

Талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

23 ақпан 2017, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.