Атырау, 26 сәуір 06:23
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Тұрлан Нұржанов: «Хаттағының бәрі жалған, арандатушылық»

6 567 просмотра

15 желтоқсанда күні бойына өңір тұрғындары WhatsApp мессенджері арқылы Атырау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының кейбір қызметкерлерінің атынан құпия хат алумен болды. Онда олар өз басшылары Тұрлан НҰРЖАНОВТЫ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға айыптайды.

Атап айтқанда, анонимдер мемлекеттік қызметтің әр бағытында (жинақ, төлқұжат және кадрлық бөлімдері, есеп бөлімі) орналастырылған өзінің жақын және алыс туыстары болатын жасанды тұлғалар арқылы ол қызмет көрсеткені үшін пара алып отыр, жұмыс орындарын қажет адамдарға сатады, қызметкерлеріне сыйақы жазып, содан соң алып қояды деп растайды. Жалпы, «“Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау филиалын өзін «мұқтажсыз өмірмен қамтамасыз ететін жеке дүкенге» айналдырды дейді. Хат авторлары «мұқтажсыз өмір» деп осы мемлекеттік құрылым басшысына тиесілі-мыс 5 дәріхананы, бірнеше машина мен «Зибаш» дүкенін меңзеп отыр.

- Біздің облысымызда 10 орталық бар. Олардың қызметкерлері арандату ақпаратын тарату фактісі бойынша құқыққорғау органдарына шағымдануды өтінген хат жолдады. Олардың пікірінше, бұл хаттар орталық қызметкерлерінің беделі мен абыройын түсіру үшін жазылған. Кең тараған бұл жаланың департаменттің бүкіл қызметкерлерінің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретіні сөзсіз.

Осыған байланысты мен ҚІІБ-не, прокуратураға және ҰҚК-ге шағымдандым. Сонымен қатар, Астанадағы өз басшылығыма хабардар еттім. Олар осы хаттың авторларын таба алады деп үміттенемін. Менің ешқандай дәріханам, машиналарым мен дүкендерім жоқ. Біздің орталықтарда ешқандай сыбайлас жемқорлық сызбалары қолданылмайды, - деп мәлімдеді «Ақ Жайық» тілшісіне Тұрлан Нұржанов.

- Қалай ойлайсыз, бұл кім болуы мүмкін? Хатта сіздің мекеме қызметкерлерінің аты-жөндері мен егжей-тегжейлер туралы көп жазылыпты.

- Бұл хат дүйсенбі күні түстен кейін Facebook әлеуметтік желісінде «Атырау ЦОН Атырау» фейк аккауынтының парақшасында пайда болды. Ал келесі күні бұл аккаунт жойылды. Бірақ ақпарат әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы таралып кеткен. Хатта біздің жұмыс жасап жүрген қызметкерлеріміздің аты-жөндері көп жазылған, мұны департамент қызметкерлерінің бірі жасағанын жоққа шығармаймын. Құқыққорғау органдары қаскөйді тауып, оны жауапкершілікке тартады деп үміттенемін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА
16 желтоқсан 2016, 15:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.