Атырау, 19 мамыр 04:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Мене. Текел. Перес.

3 506 просмотра

Тәуелсіздік күні: алып тастасақ па? ауыстырсақ па?  атауын өзгертсек пе? 

Біреулер сайлау қорытындысына елітсе, енді біреулер Жаңаөзенде қаза болғандардың 40 күндік қаделерін өткізіп жатқан осы күндерде әдеттегіше беймезгіл ойларға шомып жүрдім. Мәселен: біз енді Тәуелсіздік күнін (әрі қарай - ТК) не істейміз?

«Қалай, не істеу керек?» - деп, сұрақтың бұлай қойылуына дайын болмаған оқырман таң қалар. Міне, былай, деп жауап беремін мен. Бұдан былай ел тарихындағы өте маңызды дата – 1991 жылы Тәуелсіздік декларациясының қабылдануы – жалпыұлттық ауқымдағы екі қайғылы оқиғаның құрсауында қалды. Біреуі сонау 1986 жылдың желтоқсанында дүр сілкіндірсе, екіншісі өткен айда орын алды. Өкінішке орай, үш оқиға да бір күнге тұспа-тұс келген.

Сіздіңше, Қазақстанда 16 желтоқсан енді қалай өтеді? Елдің бір бөлігі ТК құрметіне ән салып, әулие Виттің биін билесе, ал енді біреулері Жаңаөзенде қаза болғандарды еске алып, ас бере ме?

Бұлай бола берсе азаматтық соғыстың ауылы да алыс болмас.

Тәуелсіздік мерейтойында бір уақытта Астанада көңіл көтеріп жатқанда, Маңғышлақта оқ жаудырғаны да жеткілікті.

Осындай қатарласқан, бірақ түрлі жағдайдағы ойын оба індеті кезіндегі ұлан-асыр тойды еске түсіреді.

Осыған ұқсас анағұрлым терең әрі елең еткізетін аналогия бар, ол - Белшазар патшаның үлкен қонақасын беруі. Інжіл аңызының қысқаша мазмұнын еске салайын. Бабыл елінің патшасы Белшазар басшы-ұлықтарымен тойлап жатқан кезде, сарай қабырғасында : «Мене. Текел. Перес» делінген жалынды жазулар пайда болады. Даниял пайғамбар ол жазуларды былай деп түсіндіреді: «Олардың түсіндірмесі мынау: «мене» — «Құдай патшалығының күндерін санап, оны тоқтатты» дегенді, «текел» — «Сен таразыға тартылып, жеткіліксіз деп табылдың» дегенді, ал «перес» - «Патшалығың бөлініп, мидиялықтар мен парсыларға берілді» дегенді білдіреді» (Дан.5:26-28).

Дәл сол түні Белшазар өлтіріліп, ал оның патшалығын мидиялық Дарий патша иемденеді. Айтпақшы, бұл аңыз тарихи хроникамен расталған. Бабыл б.э.д. 539 жылы парсылардың шабуылынан құлады.

Тарихпен қауіпті ойын ойнамаған жөн. Сондықтан Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсаннан алып тастау керек.

Тек әрі қарай ол қалай болмақ?

Бірінші нұсқа: алып тастау

Мұның батыл нұсқа екені сөзсіз, дегенмен мұны да қарастырып көрейік. Оның үстіне қоғамның әжептәуір бөлігі біздің тәуелсіздігімізді жеткілікті дәрежедегі толыққанды тәуелсіздік деп есептемейді. Бұған қатысты айтар белгілі уәждері бар.

Қазақстанның 1991 жылы 8 желтоқсанда Беловеж тоғайында КСРО нақты құлағанға ДЕЙІН емес, құлағаннан КЕЙІН өзінің тәуелсіздігін жариялаған бірден-бір кеңестік республика екенін жас оқырмандарымыздың есіне саламын. Сөйтіп Тәуелсіздік декларациясы іс жүзінде тәуелсіздік көрінісіне айналды. Әділдік үшін айта кетейін: бұл біздің президентіміз соңына дейін Одақ сақталады деп үміттенгендіктен орын алды.

Қалай дегенмен де, көршілеріміз өз жемістерін күні бұрын үзіп алған кезде, тәуелсіздіктің өзі ағаштан түскен алма секілді біздің қолымызға күмп ете түсті.

Сондықтан біз: «Понятно, что свобода не падает к ногам…» деп жазған Игорь ИРТЕНЬЕВПЕН дауласа аламыз (Есесіне төрт жол шумақтың «Но что ж это за мода: чуть что – так по рогам?!» деген екінші бөлігі онымен ортақ сипатта).

…Сонда да ТК-ні мүлдем жойып тастау обал. Қалай дегенмен де әр елдің (Жаңа жылдан кейінгі) өзінің басты мерекесі болады ғой. Тағы да басқа нәрсе ойластырып көрелік.

 

Екінші нұсқа: басқа күнге ауыстыру

Бұл енді құлаққа жылы тиеді. Оның үстіне бізде мерекелер күнін ауыстыру тәжірибеде бар. Айталық, Астана күнін алайық.

Жаңа ТК үшін бір қарағанда, ең бір қолайлы күн: осыдан екі жыл бұрын күнтізбенің қызыл күні болып белгіленген бұрынғы 25 қазандағы Республика күні. Дәл осы күн туралы таяуда ғана газеттердің бірінде менің әріптесім және ұстазым Николай ЛАРИН былай деп жазды:

«Бұл мереке күнінің туындау тарихы мынадай: 1990 жылдың қазан айында республикада Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл  сол кездегі аласапыран кезең үшін идеологиялық жағынан сенімді және  психологиялық тұрғыдан алғанда қажетті құжат еді. Алайда, ол заң тұрғысынан алып қарағанда, мүлде сауатсыз болды. Егер сол кезде еліміздің өзі кеңестік  социалистік республика болып тұрғанда, оның үстіне елде КСРО азаматтығы сақталып қалған тұста және Кеңес Конституциясының барлық нормалары басым болғанда, қайдағы егемендік туралы сөз қозғалмақ. Тәжірибелі деген заңгерлер мұндай кемшін тұстарды көре білді. Осы Декларацияны жасаушылардың бірі, депутат Виталий Воронов Жоғары Кеңестің президиумының отырысында сол кезде-ақ, «Қазақ КСР-і» атауын «Қазақ республикасы» деп ауыстыруға ұсыныс жасаған болатын, бірақ, оның сөзіне ешкім құлақ аспады. Уақытынан  бұрын алға ұмтылып қайтеміз, бізді дұрыс түсінбей қалуы мүмкін, алдымен халықпен кеңесейік деген тоқтамға келген еді».

Құжаттың заңды тұрғыдан сауатсыз болғанында не тұр? Бізде барлық заңдар сондай емес пе? Егер еліміздің бас құқық танушысы Игорь РОГОВТЫҢ өзі жаңаөзендіктерді сайлау және сайлануға тиісті қасиетті құқықтарынан айыра жаздаған жағдайда не айтуға болады?! Алайда Конституцияның кепілдігі мен құқығын бұза алмады.

…Айталық, ТК-ін тағы да Наурызға қарай ығыстыруға болады. Бірақ, ол үшін еліміздің өзі де бүгінгі күнгі мүшкіл халімен тұйық шеңберде терлеген аттай шаба бермей, көктемгі мереке секілді жарқын да үмітке толы күйде болғаны жақсы ғой.

Сондай-ақ, ТК шенінің үлкендігіне қарай Бірінші мамыр мерекесін ығыстыруға қабілетті. Өйткені, 1 мамыр- Қазақстан халықтарының бірлігі күні.

Айта берсе, нұсқалар жетерлік. Ойлануға тұратын жайт.

Үлкен бір өтініш ТК-ін Астана күнімен қосуға болмайды. Әйтпесе, егер шенеуніктерді тоқтатпасақ, онда олар барлық мемлекеттік мерекелерді 6 шілдеге ыңғайластырады. Және оған қоса оны әлемнің жаратылу күні деп жариялайды.

 

Үшінші нұсқа: атауын өзгерту керек

Жаңаөзен зұлымдығынан аз да болса (егер ол мүмкін болса) жақсылықпен арылар болсақ, ТК-нің атауын өзгертуге болар еді. Жаңа атау – жаңа тағдыр демекші. Ешқандай қанды қарғыстың зілі болмас еді.

Жаңа атау нұсқаларын ұсынамын:  Қазақстан күні, Ел күні, Халық және еліміз күні. Тіпті, болмаса сол Республика күнін қайтадан атап өтелік. Міне, бұл жол дәл біздің жолымыздай болмақ, мәңгі есте сақтап, кейін естен шығарып және ғайыптан тағы да қайтарып аламыз.

Міне, қолымнан келгенін өздеріңізге әңгімелеп бердім. Дегенмен, 2012 жылдың 16 желтоқсанына дейін әлі 11 ай болса да менің қарапайым ғана, мызғымас сенімім бойынша «Тәуелсіздік күні қалай болады?» деген  мәселені жаңа парламент палаталарының біріккен мәжілісінде жуық арада талқылау керек. Және жұртшылықпен кеңесіп қойған да артықтық етпейді: бұл тым аса қиын шаруа емес қой. Әйтпеген жағдайда депутаттардың қолы босамай қалады: пленумдар, жұмысшы топтары, парламентаралық ассамблеялар, сайлаушылармен кездесу, құқықтық істер, сыбайлас жемқорлықпен, яғни,  елеспен күресу... Және тек оны Ақорда  «МЕНЕ. ТЕКЕЛ. ПЕРЕС» жалынына оранған сәтте ғана байқауға болады. 

Вадим БОРЕЙКО, журналист

25 қаңтар 2012, 23:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.