Атырау, 26 сәуір 09:53
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Мереке алдындағы мал базары

8 358 просмотра

12 қыркүйекте үш күнге созылатын мұсылмандардың басты мерекесі Құрбан айт басталады. Құрбан айттың алдында жергілікті атыраулықтардың дәстүрі бойынша өмірден өткен адамдардың рухына арнап бейресми түрде шектік беріледі. Бұл екі жағдайда да қан шығарылып, мал сойылады.

Облыс имамы Батыржан МАНСҰРОВТЫҢ айтуынша, құрбандыққа жануарлардың төрт түрі шалынады – қой, ешкі, мүйізді ірі қара, түйе. Мал ауру-сырқау, кемтар болмау керек. Ешкі мен қойдың жасы бір жасқа толған, бұқа - екі жасқа, ал, түйе бес жасқа толған болуы керек. Егер алты айлық қозы бір жасқа толған қойдай күйлі болса, оны құрбандыққа шала беруге болады. Қой мен ешкі бір-бір отбасының атынан шалынса, сиыр мен түйені мұсылмандардың жеті отбасы қосылып сатып алып, шалуына болады.

Біз «Тума» мал базарында қой сататын Мереке есімді сатушы жігітпен таныстық. Ол бізге сол жердегі базардың ішкі жай-күйінен біраз сыр ашты. Жыл сайын олар осы Құрбан айт кезінде бір айда, тіпті, ай жарым жүріп табатын пайдаға қалады. Айттың бірінші күні жолы болған сатушы аз уақыттың ішінде елу шақты қойды сатып үлгереді екен, кейін, арзанға саудасы жүрмей жатқан сатушыдан мал сатып алады, оны да сатып бітіреді. Сауда кезінде сатып алушылардың түрі кездеседі. Кейбірі қошқар сұрайды. Аңыз бойынша Алла Тағаланың сынағы ма Ибрахим пайғамбарға ұлы Исмайылды құрбандыққа шалуды бұйырады. Үкімді орындаудан бас тартпаған Ибрахимнің адалдығына риза болған Ұлы Жаратушы құрбандық орнына көктен қошқар түсіреді. Айт кезінде қошқарлар, серкелер сұраныста, оларды құрбандыққа шалуды артықшылық деп есептейді.

Алайда, имам Б.Мансұров еркек те, ұрғашы да мал бара береді, бастысы жануарлардың ауру-сырқаусыз болғаны және ең маңыздысы кестірілген немесе буаз болмауы керек деп есептейді.

- Айт кезінде сауда қызады. Сатып алушы келеді, бағасы 20 мың теңге тұратын қойды сатып алудан бас тартады, кейін базарды бір айналып шығып қайтып келеді де келісіп алып кетеді. Сатып алушылардың көпшілігі құрбандыққа шалатын қойдың семіз болғанын қалайды, терісін сыпырған кезде арық болмасын дейді. Көпшілігі өзіне ұнаған қойды басқа біреу сатып алып кетеді деп қорқады да саудаласпастан алып жүре береді. Күзге қарай барлық мал семіз. Тағы бір айта кететіні, айт күндері сатып алушылардың көпшілігі сырғасы бар қойларды алудан бас тартады. Бұл малға арналған идентификациялық нөмірі бір сырғалар, ол ветерианарлардың міндетті талабы. Яғни, барлық мал нөмірлі болуы тиіс. Одан неге сатушы зиян шегуі керек?

Облыстық мешітте бізге хабарлағандай, құлағы тесік қойды құрбандыққа шалу макрух (күнә) болып есептеледі, сондықтан да оны союға жол берілмейді.

Мереке мен «Тума» базарындағы басқа да сатушылардың бағасы 8 қыркүйекте шамамен бәрінде бірдей болды: екі жастағы қой – 23-25 мың теңге, бір жарым жастағы тұсақ – 18-20 мың теңге. Жануарлардың сырғасы бары да жоғы да шамамен бір бағада сатылды. Базар аумағында қой тиеген бес УАЗ жүк көлігі тұрды. Айт күндері базар аумағы, сыртта да мал тиеген көліктен бос орын қалмайтыны белгілі.

«Тума» базарына барған күні біз тек төрт сатып алушыны ғана кездестірдік. Олардың айтуларынша, олар айт күндері мал қымбат болады деп күні бұрын сатып алып жатқандар екен. Мал соятын қосын бос болды. Қасапшылар айт алдында пышақтарын қайрап, тазартуда. «Тума» базарында қойды сою 3 мың теңге, сиырды сою – 8 мың теңге тұрады. Сатушылар маған айт күндері бағаның көтерілмейтініне уәде берді. Кім біледі, мереке алдында мал бағасы туралы шындықты кім айтар дейсің?

(Мерекелік айт намазы облыс мешіттерінде 12 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 8-де оқылады).

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 қыркүйек 2016, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.