Атырау, 19 мамыр 12:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

ҚМГ БӨ 2011 жылы мұнай өндіруді ереуілдер мен электр ажыратуларына байланысты 7%-ға азайтты

2 109 просмотра

АСТАНА, 9 қаң  - Қазақстан жаңалықтары АА. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ («ҚМГ БӨ», «Компания») «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» (CCEL), «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) компанияларындағы үлестерді есепке алғанда, 2011 жылы 12 341 мың тонна мұнай (тәулігіне 250 мың баррель) өндірді, бұл 2010 жылдағыдан 944 мың тоннаға немесе 7 %-ға кем, деп хабарлады дүйсенбіде ҚМГ БӨ баспасөз қызметі.

Компанияның деректеріне сәйкес, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы (ӨМГ) 5 082 мың тонна (тәулігіне 102 мың баррель) мұнай өндірді, бұл өткен жылдағыдан 884 мың тоннаға аз. «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы (ЕМГ) 2 818 мың тонна (тәулігіне 57 мың тонна) мұнай өндірді, бұл өткен жылдағыдан 18 мың тоннаға артық, соның арқасында 2011 жылы ӨМГ және ЕМГ жалпы өндіру көлемі 7 900 мың тоннаны (тәулігіне 159 мың баррель) құрады, бұл 2010 жылдағыдан 866 мың тоннаға немесе 10 %-ға аз.

«Өндіру нәтижелеріне 2011 жылдың мамыр-тамыз айларында ӨМГ-де өткен заңсыз наразылық акциясы, сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында ауа-райының қолайсыздығынан кен орындарында электр қуатын беруді шектеу, апатты сөну жағдайлары кері әсер етті», - делінген компания баспасөз қызметінің хабарламасында.

Компания мұнай өндіруді қалпына келтіру жөнінде бірқатар шараларды қолға алды, деп сендірді баспасөз қызметі.

«Соның арқасында тәуліктік мұнай өндіру деңгейінің өсу қарқыны байқалады, 2011 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша мұнай өндіру деңгейі тәулігіне 14,2 мың тоннаны (тәулігіне 105 мың баррель) құрайды», - делінген хабарламада.

ҚР Үкіметі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның ресми болжамына сәйкес, Brent маркалы мұнайдың барреліне 80 АҚШ доллары бағасын ескере отырып жасалған ҚМГ БӨ-нің 2012 жылға арналған бюджеті 126,5 млрд. теңге (852 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі күрделі салымдарды қамтиды, бұл 2011 жылдағы осы мақсатқа жұмсаған шығыннан 19 %-ға көп.

«Күрделі салымдардың артуы негізінен геологиялық барлау жұмыстары шығындарының артуына және қосымша сервистік кәсіпорындарды құру шығындарының ұлғаюына байланысты», - деп атап көрсетілген хабарламада.

Атап айтқанда, компания Федоровский блогында геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға 64 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компания аталған блоктың 50 % үлесіне ие, есеп шоғырландырудың үлестік әдісі негізінде жүргізіледі.

2012 жылы негізгі активтерде жоспарланған өндіру көлемі 8 615 мың тоннаны (тәулігіне 174 мың баррель) құрайды, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» ӨФ 5 800 мың тонна, «Ембімұнайгаз» ӨФ 2 815 мың тонна, бұл 2011 жылы өндірілген 7 900 мың тоннадан (тәулігіне 159 мың баррель) 9 %-ға көп. Осы көлемнен 2 100 мың тонна Атырау МӨ-де одан әрі өңдеу үшін ішкі нарыққа жөнелтіледі деп күтілуде. Ішкі нарыққа жеткізу бағасы тоннасына 34,0 мың теңге болады деп жоспарлануда, бұл 2011 жылдағы тоннасына 27,3 мың теңге мөлшеріндегі жеткізу бағасынан 25 %-ға қымбат.

ҚГМ, CCEL, ПҚИ өндіру көлемдеріндегі ҚМГ БӨ-нің жоспарланған үлесі 2012 жылы 4 441 мың тоннаны (тәулігіне 91 мың баррель) құрайды.

Осылайша, ҚМГ БӨ шоғырландырылған өндіру көлемі ҚГМ, CCEL, ПҚИ өндіру көлемдеріндегі үлесті есепке алғанда, 2012 жылы 13 056 мың тонна (тәулігіне 265 мың баррель) деңгейінде болады деп жоспарлануда, бұл 2011 жылдағыдан 715 мың тоннаға немесе 6 %-ға көп.

ҚМГ БӨ мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстанда көшбасшылардың үштігіне кіреді. ҚМГ БӨ-нің мұнайдың дәлелденген және болжамды қорларының көлемі 2010 жылдың соңындағы жағдай бойынша 232 млн. тоннаны (1,7 млрд. баррелді), ал еншілес компаниялардағы үлесті есептегенде 2,2 млрд. баррельден астамды құрайды. Компанияның жай және артықшылықты акциялары Қазақстан Қор Биржасында, ал ғаламдық депозитарлық қолхаттары – Лондонның Қор Биржасында листингтен өтті. 2006 жылдың қыркүйегіндегі ІРО кезінде Компания 2 миллиардтан астам АҚШ долларын тартты. 2011 жылдың желтоқсанында халықаралық Standard & Poor’s агенттігі Компанияның несиелік рейтингін «ВВB-» деңгейінде, ал 2011 жылдың қыркүйегінде GAMMA корпоративтік басқару рейтингін «GAMMA-6» деңгейінде растады.

Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА

9 қаңтар 2012, 18:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.