Атырау, 26 сәуір 17:53
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Кәсіпкерлер жайы сөз болды

3 693 просмотра

19 шілдеде Атырау облысына Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша өкілетті уәкіл Болат ПАЛЫМБЕТОВ жұмыс сапарымен келді. Бұған дейін бизнес-омбудсмен еліміздің 13 өңірінде болып қайтқан еді.

ГАЗДЫҢ БІРДЕН ҚЫМБАТТАУЫ БОЛМАЙДЫ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысы кезінде 2 мыңнан астам арыз түскен болатын. Негізінен, жер қатынастары және монополистерге қатысты мәселелермен. Газ бен су тарифтеріне қатысты сұрақтар да өте өзекті. Міне, осы мәселелер Б.Палымбетовтың жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде сөз болды. Атырау облысы бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА осының алдында ол облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВПЕН және облыс прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВПЕН кездесіп, онда жергілікті деңгейде қарастырылатын бірқатар мәселелердің белгіленгенін хабарлады.

- Бұрын «ҚазТрансГаз Аймақ» ӨФ өз тарифін кәсіпкерлер үшін бес есе көтермек деген ақпарат шыққан болатын. Қуантуға асығайын: бүгін келіссөздер барысында біз тарифтің мұндай бірден көтерілуі болмайды деген шешімге келдік, – дейді Ә.Бекқожиева.

– Мұнай бағасы түсіп жатыр, жағдай өзгеріп жатыр, енді бизнес соған орай бейімделуі керек. Мен Атырау облысында бизнестің мұнайгаз саласынан іргесін алыстатып, өңірде экономиканың басқа да салаларында көптеген жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмын. Бизнестің буыны беки түсті және өз проблемалары мен мұқтаждықтары туралы ашық айта бастады. Әлбетте, проблемалар жоқ емес, бірақ олар талқылауға шығарылып, шешілуде. Менің Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша өкілетті уәкіл ретіндегі міндетім және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеті – соған көмектесу, – деп атап өтті Б. Палымбетов. Ол, сондай-ақ, барлық өңірге тән проблеманы тілге тиек етті: сот жалған кәсіпкерлер деп таныған алақол бизнесмендердің әрекетінің кесірінен олардың іскер серіктестері ірі айыппұл сомасын төлеумен зардап шегеді. Ресейде, мәселен, мұндай практика жоқ, онда жалған кәсіпкерлер өз істері үшін өздері жауап береді.

Бұдан соң кәсіпкерлерге сөз берілді. «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-нің бас директоры Асхат ДҮЙСАЛИЕВ ТШО-ның Болашақ Кеңею Жобасына қатысқысы келетін отандық фирмаларда қандай проблемалардың туындап жататынын айтып берді. Жоба отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер ашады, бірақ шетелден әкелінетін жабдықтар мен қосалқы құрылғыларға жоғары кедендік баж салығы мен ҚҚС салынады, соның салдарынан жергілікті өнімнің өзіндік құны бірнеше есеге өсіп кетеді. Сол себепті тапсырысшыға оны отандық кәсіпкерден сатып алғаннан гөрі бірден шетелден сатып алған жеңілірек. Дүйсалиев Болашақ Кеңею Жобасы аясында отандық өндіруші үшін арнайы экономикалық режим құруды ұсынды.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН АУКЦИОНДАР

Кәсіпкер Сапаргелді ӨТЕПБАЕВ (бұрын өзі де қалалық әкімдікте жұмыс істегенін айтып өтейік) өзінің жер телімінде жекеменшік балабақша құрылысын жүргізуге рұқсат ала алмай келе жатқанына шағымданды. Әкімдік бұл жер телімінің балалар алаңын жабдықтауға арналған деп есептейді.

– Билік маған айырбас ретінде Алмагүл және Авангард 2 ықшамаудандарынан басқа жер телімдерін ұсынды. Мен бұл жер телімін 2007 жылы мен 24 млн 600 мың теңгеге сатып алдым, қазір әкімдік оны 26 млн теңгеге бағалап отыр, ал тәуелсіз бағалаушылар 41 млн теңгеге. Әрине, мен мұны бәсі төмен айырбас деп есептеймін, – деді ол.

– Мен қай жер телімі туралы айтылып отырғанын білемін және мен де онда балалар алаңын салған жөн деп есептеймін, – деп комментарий берді кездесуге қатысқан облыс әкімі Н.Ноғаев. – Бұл Сәтпаев даңғылындағы халық көп шоғырланған аудан. Егер ол жаққа балаларды таңертең және кешке әкелетін болса, ол жерде қозғалыс қиындай түседі.

Көп жылдан бері гүл бизнесімен айналысып жүрген Бахыт ИСХАКОВАНЫҢ да жер мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдарға шағымдары бар. Ол 2012 жылдан бері жер телімін бөлу туралы өтінішіне жауап ала алмай келеді.

– Бұл қағазбастылық бірнеше жылға созылған болатын. Кейін маған аукционға қатыс деді. Жақсы деп, мен құны 19 млн теңге тұратын лотты жеңіп алдым. Алайда, әртүрлі құқықбұзушылықтардың кесірінен аукцион қорытындылары жоққа шығарылды. Аукцион өткізу процедурасы да дұрыс емес, комиссия толықтай мемлекеттік орган өкілдерінен құралған. Сауда-саттықтың ашықтығына сенімді болуымыз үшін неге оған Палата өкілдерін, кәсіпкерлердің өздерін енгізбеске?

Дәл осындай проблемалар ауыл кәсіпкерлерінде де бар. Бірқатар аудандардың бас жоспарының болмауы, детальді жоспарлау жобаларының болмауы бизнесте үлкен проблемалар туғызып отыр. Бос жер телімдері туралы ақпарат та кәсіпкерлер үшін жабық күйінде қалып отыр.

Одан бөлек, кәсіпкерлер салық салу туралы, мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде пайда болатын проблемалар туралы айтты.

Н. Ноғаев барлық айтылған мәселелер назарға алынатынына сендіріп, кездесуде қатысып отырған жаңа қала әкімі Серік ШАПКЕНОВКЕ осыған тиісті нұсқау берді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 шілде 2016, 13:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.