Атырау, 26 сәуір 11:25
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейлер бар - ІІД

3 032 просмотра

Фото: newskaz.ruАлматы қалалық ішкі істер департаменті таратқан мәліметке сәйкес, қалада қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы жоспар енгізілді. Полиция қызметкерлері арасында қаза болғандар бар. Бір қылмыскер қолға түсті, тағы біреуі іздеуде жүр, деп хабарлайды Baq.kz.

Айта кетейік, бүгін Алматыдағы Никольский базарының аумағында атыс болды. Ол жерде аудандық полиция басқармасы орналасқан. Басқарманың маңайы қоршауға алынып, көрші ғимараттардағы адамдарды кеңселерінен шығармай қойды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, атыс қаланың тағы екі ауданында болды.

Әзірше, аталған оқиғаға қатысты ресми мәлімет жоқ. Алайда куәгерлер әлеуметтік желілер арқылы оқиға орнында көргендерін жазып жатыр. Олардың мәліметіне сәйкес, атысты бір адам емес, бірнеше адам ашқан. Полицейлер қылмыскерлердің бір сыбайласын атып тастады, екі полицей жарақаттанды деген ақпарат болды.

«Атыс болды. Автомат асынған біреу атып шықты да, Әуезов атындағы театр жаққа жүгірді. Сол жерде Лада көлігін ұстап, тайып тұрды. Оның бір сыбайласын полицейлер атып тастады», - дейді куәгерлердің біреуі. Полицейлер атыс ашқан ер адамның сыбайласын атып өлтіргендерін растады. Атыс кезінде жарақат алған бес ер адам жедел медициналық жәрдем ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Олардың аты-жөні әлі белгісіз.

Алматыда болған атыстан кейін әлеуметтік желілер мен Whats'App мессенджері арқылы сенімді ақпаратпен бірге негізсіз мәліметтер де тарап кетті. Ішкі істер министрлігі Қапшағайдағы әскери бөлімшеге шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «Алматы-1» теміржол вокзалынан өрт шыққанын растамады.

Бүгін Астана уақыты бойынша 12 сағат 20 минутта Алматы қаласы бойынша террористік қауіптіліктің қызыл деңгейі енгізілді. Айта кеткен жөн, террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі енгізілгенде азаматтардың көлік құралдары мен жеке заттарын тексеруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ көлік қозғалысына шектеу қоюға болады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары тұрғын үй және тағы басқа ғимараттарға рұқсатсыз кіре алады. Телекоммуникациялық жүйелер арқылы жүргізілетін келіссөздер бақылауға алынып, барлық арнайы күш құрылымдарының жұмысы күшейтіледі. Әуежай, метрополитен, теңіз және өзен порттарында, сондай-ақ теміржол және автовокзалдарда тексеріс жұмыстары жүргізіледі.

Дереккөз: Baq.kz

18 шілде 2016, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.