Атырау, 19 мамыр 15:51
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Балалар травматологиясындағы бір кеш

5 971 просмотра

Мен облыстық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне келген кезде сол күні кезекшілікте болған дәрігер-нейрохирург Сәулебай Жайықұлы БАЙЖАНОВ бес жасар қызды тексеріп жатты. Ол үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен екен, оны мұнда жедел жәрдем көлігі жеткізген... Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында сұранып барған кезекшілігім осылай басталды.

ТАНЫС ПАЦИЕНТ

Қыздың анасы өзін сабырлы ұстауға тырысты. Тіпті, қызын көндіге алмай жүр деп, әзілдеп те қойды. Сәулебай Жайықұлы да кішкентай пациентті таныды:

– Екі жыл бұрын бұл қыз бізге түскен болатын. Сол кезде де терезеден құлап кетті, жағдайы өте ауыр еді. Бірақ бұл жолы... Бас миы шайқалған, терілері сыдырылып, жарақаттар алған. Бүйрегін соғып алды ма деген күмән бар. Қазір УЗИ-ге жібереміз.

Қажетті жолдаманы жазып берген соң, дәрігер қызды травматологиялық бөлімшеге жіберді.

– Балалардың балкондар мен терезелерден құлауы, өкінішке орай, соңғы кездері өте жиілеп кетті. Анасы терезесін жуып жатқанда, қызы қасында жүрген. Анасы бірер минутқа алаңдап кеткен кезде осы жағдай болған. Жалпы балалардың көп зақым алуы ата-аналардың мұқият болмауынан орын алып жатады. Қазір кешкісін пациенттер көбейеді, өзіңіздің бұған көзіңіз жететін болады, - деді доктор.

Терезеден құлаған қыздың УЗИ мен талдау қорытындылары келді. Сәулебай Жайықұлының күдігі расталды – бүйрегін соғып алыпты. Дәрігер ем тағайындау үшін бөлімшеге кетті.

– Күндіз бөлімшеде нейрохирург болып жұмыс істеймін. Травматологиялық пункттегі кезекшілік басталғанға дейін өз бөлімшемдегі пациенттерді аралап үлгердім. Енді травматологиялық пунктке түскендерді қарап, бөлімшеде не болып жатқанына бақылау жасаймын, - деді дәрігер өз жұмыс орнына оралған соң.

– Ал сіз қанша уақыт кезекшілікте боласыз?

– Әдеттегідей, таңертеңге дейін.

– Содан соң демаласыз ба?

– Жоқ, кейін бөлімшеге барам.

– Сонда қашан демаласыз?

– Жұмыс күнінің аяғына дейін, алтыға дейін жұмыс жасаймын, сосын үйге кетемін.

– Бір тәуліктен астам уақыт бойына ұйықтамайсыз ба сонда?

– Жылдар бойына әдет қалыптасты. Аурухана қабырғасында жұмысыңды жасасаң, өзіңді жақсы сезінесің. Ал қалай көшеге шығасың, шаршағаның сезіле бастайды. Сол кезде үйге барып, ұйықтаймын. Бір тәулік ұйқымды қандырамын.

– Ал отбасыңыз бар ма? Әйеліңіз, балаларыңыз бар шығар?

– Әрине, бар.

– Олар ше? Олар сізді мүлдем көрмей ме?

– Неге көрмейді? Көреді. Мен үнемі кезекшілікте болмаймын ғой... Олар да үйреніп кеткен бұған.

НҰРХАТ – НАҒЫЗ ЖІГІТ

Орташа алғанда бір тәулік ішінде травматологиялық пунктке 40 шақты бала түседі. Кешкі сағат бестен кейін түсетіндер көбейіп кетеді. Дәрігерлер бұл уақыт ең қарбалас шақ дейді.

– Сіз келгенге дейін жиырма шақты бала түсті, - дейді Байжанов. - Жарақаттар да әртүрлі. Соғып алған, күйген. Соңғы кездері балалар көбінесе батуттар мен ойын алаңдарында жарақат алады. Қазір иттер қауып алған оқиғалар көбейді, балаларды желікпе велосипедшілер қағып кететін жайттар да жиіледі. Қазір біздің бөлімшеде велосипедшіден зардап шеккен бала жатыр. Жұмсақ тіндері жарақаттанып, төбе сүйегі басыла сынған. Бірақ қайталап айтамын, зақымның 90 пайызын балалар ата-аналардың қарауынсыз қалғандықтан алып жатады. Міне, бүгін таңертең алты жасар бала түсті – вокзал перронынан рельске құлаған. Қайта пойыз астына түсіп қалмағанына шүкір. Әсіресе белсенді балаға мұқият бақылау болу керек.

Науқастар қабылдайтын бөлмеде тәулік бойына полиция қызметкері кезекшілік етеді. Медиктер оған қоғамдық орындарда, оқу орындарда алынған аса ауыр жарақаттар туралы хабардар етеді. Ол ата-анадан түсініктеме алады. Бұдан басқа, болған оқиғаға қатысты біреулерге талаптары бар ата-аналар оған арыз жазып бере алады.

Біздің әңгімеміз үзілді. Жаңа пациент, 4 жастағы Әмір келді. Баланың анасы үйде ойнап жүріп, баланың құлап, батареяға соғылғанын айтты. Тексеру барысы оның жұмсақ тінінің жарақаттанғанын көрсетті.

– Қорқынышты ештеңе жоқ. Салқын компресс басамыз. Үйде қайталаңыз, - деп тыныштандырды дәрігер алаңдаған ананы.

Әмірден кейін бір аяғын ақсаңдап басқан 12 жастағы Мәдинаны әкелді.

– Күндіз құрбыларымен жағалауға барып, өздері пикник ұйымдастырған. Қызым ештеңе айтпады, ал мен оның ақсаңдап жүргенін бірден байқамадым, - дейді анасы. – Аяғыңа не болды деп сұрап едім, жай, соғып алдым деді. Содан соң аяғын көрсетуге мәжбүрледім. Аяғын едәуір кесіп кетіпті. Жайыққа аяғын жумақ болғанда өткір нәрсе кесіп кеткен. Маған айтуға қорыққан.

– Кескен жері өте терең емес, дегенмен тігуіме тура келді. Онымен Мәдина бір апта жүреді. Күн сайын таңдыруға келіп тұру керек, - деді дәрігер емханаға жолдама жазып беріп.

Біз Мәдинамен қоштасқан кезде, абыржыған ер адам тізесінің біраз жері жараланған ұлын көтеріп әкелді. Бұл 7 жасар Нұрхат еді. Бала досымен бірге велосипед теуіп жүргенін, құлап, велосипедтің шынжыры аяғын кесіп кеткенін айтты.

Сәулебай Жайықұлына бұл кезекшілікте медбике Мерейгүл НҰҒЫМОВА мен санитар Әсия ҚҰБАЕВА көмектесті.

Мерейгүл дәрігерге көмекші болып, қажетті құралдар мен препараттарды беріп тұрды. Әсия түрлі әдістермен кішкентай пациенттерді дәрігердің қимылдарынан алаңдатумен болды. Нұрхатпен де түрлі тақырыпта әңгімелесе бастады, тек балақай тізесінің не болып жатқанына мән бермесе болғаны. Ал бұл уақытта оның тізесін тігіп жатты.

– Жарақат терең, біз қабатты тігіс салдық, - деп түсіндірді дәрігер.

Ал Нұрхат нағыз жігіт екен, бір дыбысын шығармады.

Рас, маған енді велосипедке мүлдем мінбейтінін айтты.

КІШКЕНТАЙ САУСАҚТАҒЫ ЕКІ ТІГІС

Содан соң бірінен кейін бірі кішкентай пациенттер түсе бастады. Бір жасар Айарудың саусағы ісіп кетіпті – темір есікке қысып қалған екен. Рентген қорқынышты ештеңе жоқ екенін көрсетті. Тек жұмсақ тіндері жарақаттанған.

3 жасар Нұрасылдың саусағы таңылған.

– Мен асүйде жұмыс жасап жатқанмын, ол жанымда ойнап жүрді. Содан соң басқа бөлмеге жүгіріп кетті. Кенет тып-тыныш болып қалды. Не істеп жатқанын қарайын деп барсам, ол тігін құралдары бар қорапты шығарып алыпты, әне-міне дегенше, ұстараның жүзімен қолын кесіп алды. Жарасын йодпен өңдесем де қаны тоқтамай тұр, - дейді анасы.

Медиктер Нұрасылды процедуралық бөлмеге алып кетті.

– Жарақаты өте терең емес, бірақ тамырға жақын екен. Оның үстіне анасы босқа йод құйыпты. Баланың нәзік тіні күйік алған, - дейді дәрігер.

Нұрасылдың кішкентай саусағына екі тігіс салуға тура келді.

Келесі пациент – екі жасар Айым. Әткеншектен құлап қалған.

Image 3

– Төменгі ернін тесіп өткен жарақат, - деп үкім шығарды дәрігер. – Тігеміз.

Кішкентай Айым процедура кабинетінде қатты жылады. Әсия оны алаңдатып, Мерейгүл жақсы көмек көрсетті. Сәулебай Жайықұлы жарақатты тез жамады. Айым бірден тынышталды.

– Кішкентай балалар ауырғаннан емес, ата-анасының қолынан бейтаныс демперде киген ағайлар мен апайлардың алып кетіп, түсініксіз нәрселер жасайтындығынан қорқып жылайды, - дейді доктор. – Айымға біз сорғыш жіптерден тігіс салдық. Онымен кәдімгі жіпке қарағанда ұзағырақ жүреді, бірақ нәзік бала тіндері үшін бұл оңтайлы нұсқа.

Біз Айыммен қоштасқан кезде кезекке бірнеше пациент жиналып қалыпты.

Үш жасар қыз ойын алаңында төбешіктен құлап, маңдайын ісіріп алған. Төрт жасар Айым әткеншектен құлап, құлағының артын кесіп алған. Ал 12 жасар Асылай роликпен сырғанап, қолымен құласа, 7 жасар Ислам ойын алаңында бұзық әткеншекке мініп, құлап қалған.

Сәулебай Жайықұлы бәрін тез қарап үлгеріп, қажетті тексертулерге жолдады. Басқалар рентгенде болғанда, жылаған Айымды қарап шықты. Жарақаты терең емес екен. Медбике оны өңдегеннен кейін Айым күлімсірей бастап, менің фотокамерама қарап, бой түзеп суретке түсе бастады. Баламысың деген...

Асылайда, дәрігер күдіктенгендей, қолында жабық сынық бар болып шықты. Оның қолына гипс салынды. Бір ай бойына қызға ролик пен басқа ойын-сауықты ұмытуға тура келеді. Исламда – қорқынышты ештеңе жоқ, бас терісін сыдырып алған. Анасы Седа, баланың жарақатын өңдеп, таңып жатқанда, ұлы жарақат алған балалар алаңы туралы көптен бері дабыл қағып жүргенін әңгімеледі:

– Ол жердегінің бәрі сынған, бүлінген. Балалар жарақат алып келеді. Жақында алаңды жөндегендей болған, бірақ әткеншектер тағы да сынық екен. Ал балалар қауіпті дегенді түсінбейді ғой. Барма десең де, олар бәрібір сол жерге жүгіріп кетеді.

САЛЫСТЫРМАЛЫ ТҮРДЕГІ ТЫНЫШ КЕЗЕКШІЛІК

Тек кешкі сағат онға қарай травматологиялық пунктте тыныштық басталды.

– Қарбалас уақыт өтті. Бізде сіз өткізген бірнеше сағат ішінде осы жерде 14 пациент болды – бұл көп емес. Әдетте көп болады. Енді бір-бірлеп, балаларының ұсақ жарақаттарына бірден мән бермеген ата-аналар келе бастайды. Осылай таңертеңге дейін жалғасады... Түнде бостау болған кезде, сырқатнамаларды толтыруға, мұның бәрін компьютерге енгізуге уақыт болады, - дейді доктор.

Кетіп бара жатып, Сәулебай Жайықұлынан неліктен дәрігер болуды ұйғарғанын сұрадым. Доктор Байжанов былай деп әңгімеледі:

– Жалпы біздің отбасымыз - теміржолшылар әулеті. Менің алдымда кім болам деген сұрақ болмады. 8-сыныпты аяқтағаннан кейін теміржол техникумына оқуға тапсырдым. Бірақ түсе алмадым, көру қабілетім бойынша жарамадым. Сол кезде әкем әрі қарай не істейсің деп сұрады. Ойланып-ойланып, медицина институтына оқуға түсуді ұйғардым. Бала кезімде әкемнің дәрігер досы бар болатын. Ол бізге жиі келіп, әжемізді қарап, қан қысымын өлшеп, кеңестер беретін. Әжем үнемі бұл мәртебелі мамандық дейтін. Ал енді мен өз өмірімді дәрігерліксіз елестете алмаймын... Үлкен ұлым мен қызым мамандықтарын таңдап қойған – бұл медицинамен байланысты емес. Кенжем менің жолымды қуатын шығар деп үміттенемін.

Қоштасар кезде Сәулебай Жайықұлы ата-аналарға сәлем жолдауымды өтінді. Оның өтінішін орындайын: балаларыңызға абай болыңыздар!

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

30 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.