Атырау, 3 мамыр 00:59
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

​Қуғыншы тікұшақтар мен торуылдаған катерлер. Ал балық жоқ

3 284 просмотра

Image 0

7 маусымда облыстық әкімдікте балық саласының проблемалары жөнінде кеңес өтті.

«БРАКОНЬЕРЛЕР БІЗДІҢ ЖОСПАРЫМЫЗДЫ БІЛІП ОТЫРАДЫ»

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткен «Бекіре» операциясының қорытындылары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде заң бұзушылардан 31 тонна заңсыз ауланған балық тәркіленген. Соның ішінде 2 тоннадан астамы – бекіре тұқымдастар, 3,5 тоннасы - қара уылдырық. Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ сұрақ қойды:

– Сіз Жанбай бағыты бойынша жеткілікті назар аударылмады дедіңіз. Сөйте тұра, ол жерде браконьерлік оқиғалары болмады деп растайсыз. Сізді қалай түсінуге болады?

– Бұл жерде балық инспекциясының теңіз бөлімі ахуалды бақылауға алған. Бұдан басқа, теңіздің осы учаскесінде 6 табиғат пайдаланушы балық аулайды. Бұрын браконьерлікпен айналысқан Жанбай поселкесінің тұрғындары қазір заңдастырылып, балық аулау кооперативтерінің құрамына кірді.

Әкім ҚР шекара қызметінің өкілі Фархат МИРМАНОВТАН сұрады:

– Балық қорғау бөліміндегілер тікұшақты бір сағатқа жалға алу 600 мың теңгеге шығатынын мәлімдеді. Әуе шолғынына бөлінген 5 млн теңге бір ұшуға жұмсалады. Олар аралап шығып, ешкімді ұстамағандарын айтады. Тиімділігі жоғары тікұшақтарды пайдалануға болмай ма?

– Әзірге ұшып шығу жоспары жоғары жақпен мақұлданады. Браконьерлер бұл туралы біліп отырады. Ақтаудан ұшып шығуды ұйымдастыру керек. Сіздерде ақтаулық шекарашылардың теңіз учаскесінен браконьерлерді ұстаған жағдайлары болды ғой. Менің пікірімше, браконьер кемесіне қару қолданбаса және десант түсірмесе тікұшақ тиімсіз.

Диалогқа ІІД бастығының орынбасары Асан ШАЛҚАРОВ қосылды:

Image 1

– «Бекiре» шарасы барысында үш мәрте шарлап шықтық. Біз жалға алып отырған азаматтық тікұшақтардың ұшқыштары десант түсіру үшін қажет болатын биіктіктен төмендеуден бас тартады. Біз былай жасаймыз: қаша жөнелген браконьерлік байдаларды тікұшақпен жағалау жаққа қарай қуамыз. Ол жерде біздің катерлер торуылдап күтіп тұрады.

Әкім түйіндеп:

– Демек, тікұшақтарды пайдалану іс жүзінде еш нәтиже бермейді екен ғой, - деді.


«МАЙШЕЛПЕКТІ ҚАЛАЙ БӨЛІСЕТІНІ – ТҮСІНІКСІЗ!»

Осыдан кейін Ноғаев балық аулау кооперативтерінің басшыларына қарап, сіздерде қалай деп сұрады. Сол кезде шағымдар бірінен соң бірі жауды. Бірінші болып Құрманғазы ауданының балықшылар артелінің өкілі сөз алды:

– Біздің проблема - төмендетілген лимиттер. Биыл бүкіл ауданға бар болғаны 4 мың тонна ғана рұқсат етілді. Көктемде осы көлемнің 54 пайызын аулап тастадық. Лимит аз болғандықтан саланың дамуы тежелуде. Біз қосымша балықшылар жалдамаймыз, ау құралдарын сатып алмаймыз. Оған қоса, лимит жылдан жылға азаюда.

Ғалымдар Каспийде балықты қанша уақыт аулауға болатынын тіке айтуға тиіс. Бұрын олар аудан ауқымында 12 мың тонна аулауға болады деген еді. Ал іс жүзінде одан үш есе аз аулауға рұқсат беріп отыр. Лимиттерді балық аз ауланған қиын жылдары төмендететін. Ол кезде елде жоспарлы шаруашылық болды. Жоспар 100 пайызға орындалды деп мәлімдеу үшін оларды төмендететін. Бірақ қазір біз ешкімге есеп бермейміз, лимиттерді төмендетуге қажеттілік жоқ. Мамырда Атырау балықшыларының делегациясы астрахандық әріптестерінде қонақта болып қайтты. Оларда тіпті егер кооператив 50 мың тонна ұстаса да, лимит үш есеге көп. Бізде де әр уақытта лимит резерві қалуға тиіс...

Біз балықшылар бригадасының санын көбейткіміз келеді, жаңа тоңазытқыштар салғымыз келеді. Облыс орталығынан бізге маусымдық жұмысқа орналасу үшін адамдар келеді. Біз оларды қабылдаудан бас тартамыз. Ең қынжылтатыны – балық енді жүрген кезде, біздің лимитіміз бітіп қалды. Сөйтіп, қармақтарымызды орап тастауға тура келеді...

Осындай шағыммен «Інжу-Маржан» ЖШС директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВА сөз алды:

– Өткен жылы біз өзеннен және теңізден балық аулау лимитін 92,6 пайызға орындадық. Былтыр сазан аулау лимиті 80 тонна болды. Ал биыл – екі есе аз. Оның орнына мөңке, шортан және қылышбалық аулауға лимит берді. Бірақ біздің кооператив жұмыс істейтін жерде мұндай балықтар атымен жоқ. Басқа кооперативтер өткен жылы лимитті 28 пайызға орындады, ал оларға биыл 90 тоннадан астам аулауға рұқсат берді.

Лимитті бөлген кезде комиссияға балықшыларды да тарту керек. Биылғы жылға дейін лимитті балық қорғау қызметі бөлді. Сол кезде бәрі - заң бұзушылықтары бар балықшылар саны, игеру пайызы, биоқорлар үшін төлемдер, шабақтардың өсіп-өнуі және т.б. ескерілетін. Қазір «майшелпекті» қалай бөлетіні – белгісіз!


РЕЗЕРВАТПЕН АЛАУЫЗДЫҚ

«Абылайхан» ЖШС директоры Еркін КӨШӘЛИЕВ әсерлене сөйледі.

– Квота бөлумен айналысатын «Қазбалықшар» ҚБ филиалының директорын тағайындаған кезде атыраулық жер қойнауын пайдаланушылардың пікірлері ескерілмеді. Филиалды басқаруға біздің проблемамыздан мүлдем хабары жоқ адамды тағайындады. Алайда бастапқыда балық инспекциясында, кеденде және «Нұр Отан» партиясында мол тәжірибесі бар адам ұсынылған еді. Табиғат қорғау прокуратурасы «Қазбалықшар» тарапына квотаны бөлу кезінде заң бұзылғандығы туралы ұйғарым шығарды. Мен квота ойша бөлінген деп есептеймін. Нәтижесінде кейбір шаруашылықтар мол болғандықтан квотаның бір бөлігін қосалқы мердігерлерге берген. Олар өз кезегінде басқа өңірлерге бақыланбайтын балық жеткізушілер болып табылады. Екіншіден. 2010 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын құру туралы үкімет қаулысымен енгізілген өзгерістердің негізінде, резерватта су қорының жері жоқ. Осыған қарамастан, Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімі тұрақты жер пайдалану құқығына акт берген. Бұл жерде жердің бір бөлігі Каспий акваториясын қамтиды. Бұдан басқа, «Ақжайық» басшылығы резерват шекарасын қате белгілеген. Мемлекеттік актіге сәйкес, алаңы 52 мың гектар болатын жер бөлінді. Алайда резерват буферлік аймаққа сілтеп, шекарасын кеңейтті. Осылайша осы су айдынындағы балық аулау жөніндегі біздің құқығымыз бұзылды.

Бұдан басқа, Зарослый каналында бақылау-өткізу қосыны заңсыз орнатылған. Ол жерде ешқандай негізсіз кәсіпшілік кемелері тоқтатылады, кәсіпшілік билеттері тексеріледі, ауланған балық тіркеліп, ұстау хаттамалары толтырылады. Мемлекеттік актіге сәйкес, бұл канал резерват аумағына кірмейді.

Резерват қызметінің негізгі түрі сулы-батпақты жерлердің биотүрлілігін сақтау болып табылады. «Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту туралы» Заңның 39-1 бабында сулы-батпақты алқаптар – табиғи (теңiз суларын қоспағанда) және сирек кездесетіндерін әрі құрып кету қаупі төнгендерін қоса алғанда, су маңындағы жануарлар түрлерінің жаппай мекендейтін, ұя салатын, өсiмiн молайтатын орны болып табылатын жасанды акваторийлер болып табылады. Мен аталмыш жерлерден ешқандай балық көрген жоқпын. Резерват балықшыларды ұстап, аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясын алмастырып, өз ісімен айналыспай отыр...

Облыс әкімі өз орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВҚА Е.Көшалиевтің сөзін тексеріп, баяндауға тапсырма берді.

С. Нақпаев оның осы сөзіне қатысты лимиттерді көбейту қажет емес деп мәлімдеді:

– Біз кімнің және қандай жабдығы бар екенін, қанша аулап, қайда сататынын білеміз. Астрахандық балықшылар Атыраудан өңделмеген күйде көп балық көлемін сатып алғандарын айтты. Қазір өңдеп, оларды жоғары қосылған құнмен сатады. Бізге вакуум орамасындағы қаракөзді көрсетудің қажеті жоқ. Өңдеу сапасын жақсарту керек. Теңізге шығып, майшабақ аулау керек. Мемлекет майшабақ аулағаны үшін салық салмайды, тек теңіз кемелерін сатып алу керек. Балықты анағұрлым терең өңдеу және майшабақтарды аулау – міне, осыған талпыну керек.


БАЛЫҚ НЕГЕ АСТРАХАНҒА КӨШІП ЖАТЫР

Image 3

Жайық арнасының тайыздану проблемасын «Құрманғазы» ӨК төрағасы Салауат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ көтерді:

– Балық аулау қиындап барады. Балық Жайыққа кірмейді. Астраханға барған делегация құрамында болған кезде мен Астрахань облысының ауыл шаруашылығы министрі Алексей ГАЛКИННЕН жыл сайын Волганы тереңдетуге қанша ақша бөлінетінін сұрадым. Ол биыл федералдық бюджеттен 4 миллиард рубль бөлінгенін және олардың игерілгенін айтты. Мен оған біздің жағдайды әңгімелеп бердім. Ол басын шайқап: «Сіздің балықтардың бізге көшуі осыдан екен ғой» деді.

2011 жылдан бастап Жайықты тереңдету жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұрын Астраханнан «Волга-1» және «Волга-2» балшық сорғыш кемелер жүзіп келіп, арнаны тазартатын. Ең бастысы балық өтетін канал болатын. Сонымен қатар балық Дамбы-1 және Дамбы-2, Сасықөзек каналдары арқылы да кіретін. Оларды қазып шығару керек. Әйтпесе мына сіздердің кеңестеріңіз – бос былшыл.

Отырыс соңында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Нариман ЖҮНІСОВ (суретте) сөз алды:

– Каспийдің Солтүстік бөлігінің тікұшақпен шарлау тәжірибесіне қатысты айтарым, сіздердің оны жалғастырғандарыңызды қалар едік. Өйткені, осылайша біз браконьерлер шоғырланған жерлерді көріп қана қоймай, итбалықтарды және құстарды бақылауға аламыз. Тікұшақтар біздің биологиялық мониторингіміз үшін маңызды. Шынымен де, 2011 жылдан бері су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген жоқ. Өйткені қаржыландыру болмады. Қазір біз Азия және Дүниежүзілік банктермен келіссөздер жүргізудеміз. Олардың тараптарынан қарыз беру туралы келісім бар, тек келісімшарттар жасау қалып отыр. Атырау облысындағы екі бекіре балығын өсіру зауыттарын жаңғырту мәселесіне де осы жолмен келеміз. Бір зауытты жаңғырту құжаттамасы бар.

«Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы» заң жобасы әзірленді. Соның шеңберінде «Балық шаруашылығы туралы» салалық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олар заңнама деңгейінде проблемалы мәселелерді шешуге көмектеседі деп үміттенемін. Қазір заң мәжіліске қарауға енгізілді.

Лимитті көбейту мәселесін, әрине, оңды шешуге болады. Бірақ оны шексіз көтере алмаймыз. Бұлайша бес жыл ішінде мүлдем балықсыз қалуымыз мүмкін. Лимитті көбейту – тығырықтан шығар жол емес. Тауарлық балық өсіру немесе жоғары қосылған құнмен өңделген өнімді шығару бірден бір жолы болмақ.

Қалай дегенмен де, лимит туралы мәселені талқылаймыз. Қазан айында Балық шаруашылығы инстиутының ғалымдары 2017 жылға лимиттердің биологиялық негіздемесін әзірлейтін болады. Бәріңізге жиналып, талқылауды ұсынамын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

8 маусым 2016, 20:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.