Атырау, 26 сәуір 12:55
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Экс полицейдің ісі: прокурор Өтеуов үшін 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

3 975 просмотра


28 сәуірде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ қылмыстық ісі бойынша кезекті отырыс өтті.

Бұл күні сотта тараптардың жарыссөзі орын алды.

Алғаш боп процесс прокуроры Рамазан КАМЕЛ сөз алды.

Ол, негізінен, өзінің айыптау сөзін қайталап ("Экс-полицейдің ісі: айыптаушының сөзі мен бейнематериалдар"), тек бір ғана жаңалықты: айыптаудан басқа қылмысты жасыру мақсатында дәрменсіз күйдегі тұлғаны көрінеу өлтіру туралы тармақ алынып тасталатынын, пайдакүнемдік пиғылда аса қатыгездікпен өлтіру тармағы қалатынын хабарлады. Сонымен қатар айыптаудан ҚР ҚК-нің адам ұрлау туралы 125-бабы алынып тасталған. Өйткені сотталушы әуел бастан құрбандығын ұрлау емес, өлтіруді жоспарлаған. ҚР ҚК-нің 362-бабы да айыптаудан алынып тасталды. Өйткені мемлекеттік айыптау тарапы болған оқиғада лауазымдық өкілеттігін асыра қолдану емес, теріс пайдалану фактісі орын алған деп шешті.
Дегенмен де, айыптаушы Өтеуовке ғұмыр бойына мемлекеттік лауазымда жұмыс істеу құқығынан және полиция лейтенанты шенінен айырумен қатар қатаң режимдегі колонияда 23 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды, ал екінші сотталушыға, Асан ҚҰРБАНБАЕВҚА, прокурор ҚР ҚК-нің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Содан кейін Өтеуов пен Құрбанбаев көшеде тонаған зардап шегуші Мәншүк МЫРЗАҒАЛИЕВА сөз алды:

– Мен полиция осылай етеді деп ойламаппын. Қазір көшеде Өтеуовтің сыбайластары іс жүзінде көп болған деген әңгімелер жүріп жатыр. Сотталушыларды заң қаталдығымен соттау керек. Оның үстіне Өтеуов тұрғындардың қауіпсіздігі мен заңды қорғауға тиіс болудың орнына, кісі өлтіріп, тонаған. Басымнан осы оқиға өткеннен кейін көшеге шықсам, үнемі жан-жағыма қараймын, сөмке ұстамайтын болдым.

Кимнің немере ағасы Михаил КАН сөз алды:

– Қазір Құрбанбаев пен Өтеуов бір-біріне қарсы жауап беріп отыр. Ақиқат жоқ. Ал бәрі 2015 жылдың 13 шілдесінде басталды. Інім шамамен сағат 14-те "Дина" базарына "Газель" көлігімен келіп, оны куәгер ЕРМҰХАНОВТЫҢ көлігінің қасына қояды. Содан кейін екеуінің де сөмкесі ұрланады. Сөмкенің ішінде Диманың төлқұжаты, жүргізуші куәлігі мен 10 мың теңгесі болған. Ермұхановтың сөмкесінде тек құжаттары болған. Ермұханов ұрлық болғандығы туралы дереу хабарлаған. Диманың Өзбекстан азаматы екенін өздеріңіз білесіздер. Мен оған, егер ұрлық туралы шағым түсірілсе, онда іздеу немесе құжаттарды қалпына келтіру процесі ұзаққа созылып кетуі мүмкін екендігін айттым. Ал оған үйіне оралу керек болатын. Сөйтіп біз одан да құжатты жоғалтып алғаны туралы арыз берген жөн деп есептедік.

Бұл сөмкеде наурызда көші-қон полициясында рәсімдеу үшін түсірілген 3 те 4 см көлемдегі фотосурет болды. Біз газет пен интернетке хабарландыру бердік. Дереу Димаға белгісіз біреу қоңырау шалып, құжаттар өзінде екенін айтып, теміржол вокзалында кездесуді ұсынды. Дима сол жерге барып, бірақ ешкімді кездестірмеді. Мен мұны телефон алаяқтары деп ойладым, өйткені олар өз шоттарына 7 мың теңге аударуды сұраған еді.

Содан кейін, 20 шілдеде, түс кезінде оған тағы да қоңырау шалды. Жас жігіт өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, одан құжаттарын шынымен де жоғалтып алды ма, әлде ұрлап кетті ме деп сұрады. Дима жоғалтып алғанын айтып, әңгіме сонымен тәмамдалады.

Бұл істегі сәйкессіздіктерді санамалап шығайын. Құрбанбаев Диманың фотосуретін менің пәтерімдегі сөреден алғанын айтады. Сонда ол тас қараңғыда оттықтың көмегімен осы фотосуретті көрген бе? Бұл ұрланған құжаттар арасында болған, Диманың наурызда түскен фотосуреттері болатын. Мен 5 тамызда оларда Дима туралы бүкіл ақпарат болған деп жорамалдаймын. Сағат 14-те оған қоңырау шалды. "Дина" базарында "Технодом" жанына кездесу белгілейді. Күн сайынғы жүретін жолын біліп алған олар Диманың бұл жермен еш жүрмейтінін, тиісінше, ол бөтен көлікке мінген кезде куәгер болатын таныстары жоқ болатынын білді.

Мен оған, егер қоңырау шалып: сенің төлқұжатың бізде десе, нөмірі мен сериясын сұра дедім. Егер айтса, төлқұжат соларда болғаны. Құрбанбаев қоңырау шалды деп ойлаймын. Дмитрий акцент арқылы өзінің жерлесі - өзбекстандық қоңырау шалғанын түсінеді. Менің қызметкерлерім сол күні оған қоңырау шалғанын, ол түскі асын бітірместен, асығыс шығып кеткенін көрген.

Келесі дәлел: алдыңғы сот отырысында Өтеуов менің атымды білгенін айтты. Демек, біз туралы ақпарат оларда көптен бері бар. Олар біздің демалысқа қашан кететінімізді және қашан келетінімізді білген. Неліктен қылмыс 5 тамызда жасалды? Өйткені келесі күні біз оралуымыз керек болатын. Сондықтан олар түн ортасында пәтерге түсіп, асықпай сейфті шығарады. Мен сотта Құрбанбаевтан осы уақытқа дейін Атырауда қай жерде тұрғанын сұрадым. Ол Атырау ықшамауданында тұрғанын айтты. Кімде және қандай мекенжайда тұрғанын білмейді. Қараңыздар оған. Ол екінші топ мүгедегі. Мұндай адам не істей алады? Тек жеңіл жұмысты ғана. Ал ол үй ауласына іргетасты бір өзі құйғанын айтады. Мен оның кәуап пісіруші болып жұмыс істегеніне сенермін, бірақ іргетас құю... Мен оның жауаптарына күмән келтіремін. Мен былай түсінемін: Өтеуов оның "крышасы" болған, ал Құрбанбаев "Динада" кәсіп қылған.

Өз жауабында Өтеуов банктен несие алғанын және бүкіл ақшасын букмекерлік кеңседе ұттырып алғанын еске салды. Демек, ол егер бүгін жоғалтса, ертеңгі күні міндетті түрде орнын толтыратындығына сенімді болған. Қазақта: "Оңай олжа оңалтпас" деген мақал бар. Мен Өтеуовті қызметтестерінің "Мани" деп атағанына назар аудардым. Бұл Манарбек деген атының қысқартылып айтылуы емес, ағылшын тілінен аударғанда "ақша" деген сөз. Оның көзінде тек ақша бар. Базардан өзбектерді көрді ме, оның көзіне адам емес, ақша келе жатқандай болады.

Қалайша мұндай салқынқанды болуға болады? Менің бауырымды жылағанына, жалынғанына қарамастан өлтіріп тастады. Осыдан кейін жайбарақат көлігін жуып, кешкі ас ішкен. Сонда тауық бауыздағанмен бірдей болып тұр ғой. Содан соң сол көлікпен Өтеуов қызы мен әйелін әке-шешесінің үйіне апарады. Әйелі бірнеше сағат бұрын аяусыз адам өлтірілген орында отырады...

Құрметті сот, басты айғақ - 3 те 4 фотосурет. Ол қылмыс жасалған түні алынбаған, құжаттармен бірге шілдеде жоғалып кеткен. Екіншісі: қылмыскерлер куәгер НАЙМАНОВАНЫҢ жауабы бойынша, менің пәтерімде бар болғаны 15 минут болған. Демек, олар қайда бару және не алу керектігін білген. 26 пышақ жарақаты Диманы өлер алдында азаптағандығын білдіреді. Бұл нақты жоспарланған қатыгездікпен кісі өлтіру!

Мен зардап шегуші ретінде жасаған қылмыс ауырлығына қарай, Өтеуовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Құрбанбаевқа да жоғарғы мерзім - 7 жылға бас бостандығынан айырып, оған кісі өлтіруге тікелей қатысы бойынша тергеу жүргізуді сұраймын.

Зардап шегуші тараптың адвокаты Жанаргүл СҮНДЕТҚАЛИЕВА сөз алды:

– …Біз Ішкі қауіпсіздік басқармасына (ІҚБ) Құрбанбаевтан олар жасаған тонау қылмысы туралы ақпарат түскен кезде, осы полиция бөлімшесінің қызметкерлері оның жауабына тексеру жүргізбей, Құрбанбаевты кері қылмыс жасауды жалғастырып, Өтеуовке қатысты ақпарат жинауға жібергенін көріп отырмыз. Бұл бетімен жіберу ме, қылмыс жасыру ма әлде салдыр салақтық па? ҚР ҚК-нің 405-бабына сілтеме жасай отырып, соттан ІҚБ қызметкерлерінің әрекетінде заң бұзушылықтар болды ма, соны тексеру үшін прокуратура тарапына жеке қаулы енгізуді, егер олардың кінәсі анықталса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймын.

Одан кейін сотталушы Өтеуовтің адвокаты Балжан ҚҰСПАНОВА сөз алды. Ол Құрбанбаевтың Өтеуовтен қорыққандықтан онымен бірге қылмыс жасауды жалғастыра бергендігі туралы сөзіне күмән келтірді.

Адвокат сот шешімін шығару кезінде Өтеуовтің бұрын сотталмағандығын және кішкентай жаста қызы бар екенін ескеруді сұрады.

Тараптардың жарыссөзі кезінде прокурор Р.Камел:

– Атырауға ҚІІБ қызметкерлерінің әрекетіне жеке тергеу жүргізетін бас прокуратурадан тергеу-жедел тобы келді және Өтеуов айтқан бүкіл фактілер тексерілетін болады, - деді.

Өз сөзінде Құрбанбаевтың адвокаты Жамбыл МҰҚАШЕВ өзінің қорғалушысының қылмысты Өтеуовтен қорыққандықтан жасағандығын алға тартып, соттан Құрбанбаевты қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Сонымен қатар, ол адвокат Сүндетқалиеваның осы істегі ІҚБ қызметін тексеруді бастау туралы сот қаулысын шығару қажеттігі туралы өтінішін қолдады.

Сотталушы Өтеуовке сөз берді. Ол айыптаудағы бүкіл мәтін бойынша өз кінәсін мойындайтындығын және ҚР ҚК-нің 380-бабы ("Билік өкіліне қатысты күш қолдану") бойынша ғана кінәсін мойындамайтынын айтты.

– Құрбанбаев Кимді менімен бірге өлтірді, – деді ол. – Әділ шешім шығаруды өтінемін.

Құрбанбаев өз сөзінде Өтеуовтен қорыққандықтан қылмыс жасағандығы туралы адвокатының нұсқасын қайталады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор
30 сәуір 2016, 10:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.