Атырау, 18 мамыр 17:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Жас жазушылар мен ғалымдар

3 382 просмотра

Image 0Эльза БАУЫРЖАНОВА 11 наурызда Құрманғазы мәдениет үйінде «Жарқын болашақ» VIII республикалық КАТЕV қазақ тілі олимпиадасының Батыс Қазақстан облыстары бойынша жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

«Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы КАТЕV халықаралық қорының қолдауымен 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашында республикадағы 30 қазақ-түрік лицейінің оқушылары арасында өткізілген олимпиада соңғы бес жылдан бері жалпы білім беретін барлық мектептерді қамтиды.

Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысының оқушылары республикалық кезеңде Атырауда бас қосты. Барлығы 35 оқушы. Олар бес бағыт бойынша өз білімдері мен қабілеттерін сынға салды: «сөз шеберлері», «әнші бұбұлдар», «тілші-әдебиетшілер», «жазушылар» «жас ғалымдар».

Марапаттау салтанатынан соң жеңімпаз атанған оқушылардың кейбірін сөзге тарттық.

Эльза БАУЫРЖАНОВА Исатай ауданы, Аққыстау орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Олимпиадаға «Жас ғалымдар» аталымы бойынша қатысып, «Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің ислам дінімен сабақтастығы» тақырыбындағы жұмысын ұсынған.

- Мен зерттеу барысында аудандағы кітапханаларды, ғаламторды қопардым десе де болады. Ислам қазақ әдебиетіне шығыс поэзиясынан келгенін, Мағжанның да Абай мен Шәкәрімнің шығармаларынан сусындап өскенін дәлелдегім келді. Бүгін жүлделі І орын алғаныма өте қатты қуанып тұрмын, - дейді оқушы қыз.

Мәдина ТҰРҒЫНӘЛИҚЫЗЫ Ақтау қаласындағы №23 мектептің 11-сыныбында оқиды екен. «Тілші-әдебиетшілер» аталымы бойынша сынға түсіп, І орынға ие болды.

- Бұған дейін олимпиадаға төрт рет қатысқан едім, бірақ республикалық деңгейге алғашқы рет шығып отырмын.

Image 1Кирилл КИРИЛЛОВ Атырау қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы Кирилл КИРИЛЛОВ те «Тілші-әдебиетшілер» аталымы бойынша сынға түсіп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұрын орыс мектебінде оқыған Кирилл лицейге оқуға түскен соң қазақ тілін меңгеруге кіріскен.

- Қазақ тілін меңгеріп келемін, алайда алда мақсаттарым көп. Сабағымды жақсы оқып, көптеген жетістіктерге жеткім келеді, дейді Кирилл.

КАТЕV қорының тәрбие бөлімі басшысының орынбасары және қазақ тілі әдістеме бірлестігінің жетекшісі Руслан СИХИМБЕКОВТІҢ айтуынша, Қазақстанның өзге облыстарында «Жарқын болашақ» олимпиадасының кезеңдері өткен соң жеңімпаздар сәуірдің соңында Астанада өтетін «Халықаралық Тіл және мәдениет фестиваліне» жолдама алады. Фестивальға қатысу ниеттерін қазақ диаспорасы бар 25 ел білдіріпті. Фестиваль лауреаттарына Сулеймен Демирел университетінің гранттары беріледі және таңдаулы жоғары оқу орындарына түсерде жеңілдіктер қарастырылады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

24 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.