Атырау, 18 мамыр 12:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Жаңыл әженің жүзінші көктемі

7 049 просмотра

Біз Индер ауданы Өрлік ауылында тұрып жатқан Жаңыл әженің үйіне оны жүзінші көктемімен құттықтауға келдік. Жаңыл әже (суретте) жып-жылы пешке арқасын тақап, таспиығын санап отыр екен.

- Кел, қызым, кел. Қонаққа барайын деп жиналып отыр едім, қонақ қашпас, барамын ғой, - деп бізді жылы шыраймен қарсылады әже.

ҰРЛАНҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ

- Менің балалық шағым мен жастық шағым болған емес, - деді Жаңыл әже бізге. Жүзге келсе де, тағдырының кейбір сәттерін жадынан шығармаған, көп нәрсе әлі есінде...

Жаңыл әже 1916 жылы көктемде Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы «Ысық мешіт» қыстағында дүниеге келген. Асқан бай болмағанымен оның атасы Түсіпқалидың 500-ге жуық қойы, бір үйір жылқысы, 70 шақты сиыры бар болатын. Бұл оның алты баласын асырауға толық жететін. Бірақ Түсіпқалидың шаруашылығы большевиктердің көзіне түсіп, теперіш көре бастайды. Жауап алуға 8 жастағы Жаңылды шақырып, «әке-шешең Аманғали мен Тойғанның тыққан алтындары қайда?» деп қыспаққа алып, көкала қойдай қылып сабап кетеді.

- Бұл менің алғашқы соққым еді. Бұл бастамасы екен көрген қорлығымыздың. Ал, мен ол кезде бала едім ғой... – деп еске алады Жаңыл әже.

Кейін большевиктер мал иелерінен мал-мүліктерін тәркілеп, жүн, ет, т. б. мал өнімдерін тапсыру секілді ауыл шаруашылығы салығын салып отырды.

- Бұл салықтарды төлеу үшін біз мал қырқатынбыз. Жүннен ескен, тоқыған бұйымдарды тарқатып, түтіп, жүн салығын орындайтынбыз, - дейді Жаңыл әже.

БАНДЫ АМАНҒАЛИ

Жаңыл әженің отбасы ел арасында Банды Аманғали (өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында аты аңызға айналған тұлға. «Банды» деп қазақтар бандиттерді емес, чекистерге қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды айтқан. - Л. Қ.) ретінде танымал Аманғалидың адамдарымен де бір кездері бетпе-бет келген.

Бірде Банды Аманғали өзінің адамдарымен өздерін аңдушылардан жасырынып жүріп, Жаңылдың отбасы тұрған ауылға келеді. Олар жүріске жарамды аттар мен азық-түліктерді алып кетіп отырған. Қасындағы адамдары Аманғалидың «бұл ауылға тимеңдер, бұл қасиетті ауыл» дегеніне қарамай Жаңылдың әкесі Аманғалиды себепсіз соққыға жығады. Мұны көрген Аманғали оларға қатты ренжиді. Ауыл адамдары ет асып, құрметтеуге көшкен. Аманғали сонда орнынан ұшып тұрып, асқа қарамастан адамдарын ертіп шұғыл кетіп қалады. Кейін Жаңылдың әкесі дертке шалдығып, 42 жасында қайтыс болады. Ол аздай Жаңылдың атасы кәмпескеге ілініп, Оралдың түрмесіне тоғытылып, оның бар малын тартып алады. Жаңыл мен шешесі Тойған екеуін елден қуып, бөлек оқшаулайды. Кеңес үкіметі қалай орындаса өзі білсін деп түтін басына 60 пұт тары, 60 пұт бидай салығын салады.

АШТЫҚ ПЕН СОҒЫС

- Шешем екеумізге тары мен бидай салығын өтеу оңай болмады. Амал жоқ, анам жасырынып ауыл-ауылды аралап, тары мен бидай іздеп, тапқанын үкіметке тапсырып отырды. Мен сол қыстауда бірнеше күн жалғыз қалып жүрдім. Жасым бар болғаны 12-де болатын. Ішетін тамақ жоқ еді, әншоқай мен қияқтың тамырын қазып, соны қорек ететінмін. Анам оралғанда мен аштықтан ісініп, тек кірпігім қимылдап жатты. Ал, кейін бізді Орал төңірегінен қуып жіберді. Қолымызға іліккенін алып, жаяулатып бірнеше күн мен түн жүріп Кулагин ауылына дейін (қазіргі Есбол ауылы – Л.Қ.) жаяу жеттік, - дейді Жаңыл әже өткеніне көз жүгірте.

Сөйтіп жүріп қос мұңлық Өрлік ауылының «Егінді» қырында тұратын Есжан малшының үйіне келіп пана табады. Анасы Тойған қызын аштықтан аман алып қалу үшін 15 жастағы Жаңылды Есжанның ұлы, 35 жастағы Дәулетке тұрмысқа береді. Есжан әулетінде төрт келін бірге тұрады, Жаңыл үлкен ұлдың әйелі болатын. Мал бағып, төлдетіп, қол орақпен шөп шауып, сиыр сауып күнелткен отбасы ел қатарлы өмір сүріп жатқан. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Төрт ұл соғысқа аттанып, бар бейнет үйдегі әйел мен бала-шағаның иығына түседі.

- Мамамның көрмегені жоқ екен. Естіп отырсаң жылағың келеді. Мен жылап та аламын, - дейді әжейдің 73 жастағы қызы Үнзила. - Бір әулеттегі 17 жанды жеткізу үшін отқа да, суға да түсіпті. Қыс қатты, жейтін тамақ жоқ, өз малын союға қорқады. «Ерлер қан майданда жүргенде ет жеп, мәз-мейрам отырсыңдар» деп күстаналайды екен. Амал жоқ, өз малдарын өздері тығып сойып, жейді, онда да бірнеше айда бір. Бір адам басына беретіні бес кило тары екен. Оның жартысы топырақ.

Жаңылдың жолдасы соғыстан аман оралады, бірақ 12 жылдан соң алған жарақатынан қайтыс болады. 40 жасында бес баламен қалып, тағдыр тауқыметін тартады. Балаларын оқыту үшін малды тастап, Өрлік ауылына көшіп келеді. Ылай илеп, тас басып, егіншілерге вал соғып, ауылдағы басқарманың, әлді деген отбасының үйін майлап, орнына ақша алып, балаларының қамымен небір ауыр жұмыстарды жасайды. Сөйтіп жүріп, бес баласын жетілдіреді. Қазір олардың бәрі бөлек отау, үлкен әулетке айналған. Үлкен ұлы Қанат қана бұл өмірде жоқ.

КЕЛІННІҢ ҚҰРМЕТІ, ҒАСЫР ӘЖЕНІҢ АҚ БАТАСЫ

- Мен енемді анамдай сыйлаймын. Ол өте еңбекқор адам. Есепші, балабақша меңгерушісі жұмысын жасап, зейнетке шыққанша ол маған үлкен жәрдемін тигізді. Мен әулеттің үлкен келінімін. Жасым 75-те. Қанша жылдан бірге тұрып келеміз, бір ренжісіп көрмеппіз. Сондай жайлы, мінезі жұмсақ, ренжуді білмейді және тыным таппайды. Киіз басу маманың хоббиі еді, - дейді келіні Дәмелі СҮНДЕТОВА.

Жаңыл әже әлі де болса далаға өзі шығып келеді, мал жақты бір шолып шығып, келіндеріне ескерту жасап тұрады.

Қонаққа жиналып жатып Жаңыл әжей бізге:

- Көктем ең жақсы кезең ғой. Қыстай сақтаған сүрімізді асып, бауырсағымыз бен наурыз көжемізді пісіріп, дастарханға құрт, ірімшік, сары маймызды қоятынбыз. Бұл дәстүр сақталып келеді ғой. Малшы ауылдар бір-бірімізге қыдырып баратынбыз. Қандай жақсы кезең!

- Әже, батаңызды беріңізші.

- Еліміз тыныш, асымыз көп болсын, ынтымақ пен ырысымыз арылмасын. Қайда жүрсеңдер де аман жүріңдер, біз көрген бейнетті ұрпақ көрмесін. Әумин.

- Рахмет, әже!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.