Атырау, 18 мамыр 09:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Су астында қалған Атырау

4 025 просмотра

Бір тәуліктей уақытқа созылған нөсер жауынның салдарынан Атыраудағы жекеменшік үйлер тағы да суға кетті.

АУЛАДАҒЫ БАСПАЛДАҚТАР ЖӘНЕ ҚИРАҒАН ҚАБЫРҒА

…Тихий өткелі, 2-үй мекенжайында тұратын зейнеткерлердің ауласы су үстіне тасталған басқыштарға толы. Олардың айтуынша, қаңтардан бері ауладағы су кетпеген.

Басқалар секілді вакуумдер келіп, суды тартып шығарды, бірақ су қайта толады, - дейді үй иелері. – Ал 1 наурыздан бастап вакуумдар тіптен келмейтін болды. Біз әлденеше рет қоңырау шалдық, олар өздерінде отынның таусылғанын айтты.

Бұл жерде судың көптен бері жиналғаны оның көгерген түсінен көрініп тұр. Ескі үйдің іргетасын да осындай көгерген қатпар басқан. Қазір қариялар аулаға сорғы орнатып, тұрба жалғап, суды көшеге тартып шығаруда. Сорғы барынша жұмыс жасап тұр, алайда аула суға толған.

Александр Затаевич көшесінің бойындағы кейбір үй тұрғындарының жағдайы одан да қиын. Судың жоғары көтерілгені сондай, олар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

«Арнаулы автобазаны» да шақырдық, өз күшімізбен де тартып шығаруға тырыстық, бәрі нәтижесіз болды. Үйдің іші сыз болатын, осы жауыннан кейін су еденнен жоғары көтерілді, - дейді №4 үйдің иесі еденнің дымқыл тартқан тақталарын көрсетіп. – Аяқ басқан сайын су шығады. Менімен бірге тұратын анам сыз кетпегендіктен ауырып қалды, қазір ауруханада жатыр. Енді бұл жерде өмір сүру мүмкін емес. Мен уақытша сыныптасымның үйінде жүрмін. Әрі қарай не істеу керектігін білмеймін.

Алексей АВДЕЕВТІҢ отбасына да баспаналарын тастап кетуге тура келген. Олардың үйлерін де аулаларындағыдай су басқан, қазіргі жауыннан кейін бөлмелердің бірінің қабырғасы құлап қалған.

Үйді су басқаннан кейін біз бөлмеден бөлмеге көштік. Бірақ ақыр аяғында ол жерде қалу мүмкін болмады. Содан соң ата-анамыздың бір бөлмелі уақытша баспанасына көшіп кеттік. Енді қабырға құлап, үй тұруға жарамсыз болып қалды, - дейді Алексей. – Біз бұдан шығатын жалғыз жол – оны күреп, топырақты көтеріп, жаңасын салу деп түсінеміз. Алайда сәулет бөліміндегілер үйлеріміздің «қызыл желілерде» тұрғанын, яғни, жалпы қолдану аумағымен шекаралас орналасқанын айтты, жаңа құрылыс салуға рұқсат ала алмаймыз екен.

«СУ КЕТЕТІН ЖЕР ЖОҚ»

15 наурызда Өңірлік коммуникациялар орталығында қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИННІҢ, ТКШ бөлімінің басшысы Өмірбек КАМАЛОВТЫҢ және қалалық ТЖ департаментінің бастығы Михаил ХАГАЙДЫҢ қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Қаладағы қызметтер бүгінгі күнге дейін қыста жеке сектордың көптеген үйлерін басқан еріген суларды тартып шығару жұмыстарын жалғастырып келді. Осы уақыт ішінде барлығы 75 мың текше метр су тартып шығарылды. Бұл жұмыс аяқталу кезеңінде еді. Метеорологтардың болжамы бойынша, наурыз айындағы жауын-шашынның айлық нормасы 14 мм құрады. Алайда тек бір тәулік ішінде 14-15 наурызда жауын-шашын анағұрлым көп түсті. Топырақасты суларының жоғарғы деңгейде болуы жағдайды шиеленістіріп отыр. Жаңбыр суының кететін жері жоқ, - деді Зайдуллин. – Шұғыл түрде штаб құрылып, суды тартып шығару үшін «Арнаулы автобазаның», «АтырауСуАрнасының», өрт сөндіру қызметінің, БӨАЖҚЖ, ТШО, NCOC, АМӨЗ, WestDala және басқа жеке компаниялардың барлығы 80 бірлік арнаулы техникалары жұмылдырылды. Бұлар вакуумдар, өрт-сорғы станциялары, мотопомпалар. Жұмыстар үзіліссіз жүргізілуде. Бір тәулік ішінде 15 мың текше метр су тартып шығарылды. Ең алдымен техника әлеуметтік маңызды нысандар мен жеке секторларда жұмыс жасауда. Ол жерде зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы отбасылар алдыңғы кезекте тұр.

Бір күн бұрын, яғни 15 наурызда «қауырт желі» диспетчерлеріне жеке сектордағы үй-жайлардың суға кеткені туралы 139 қоңырау түскен. Олардың 80 пайызы - өткен жылы қыста және көктемде су басқан үйлердің қожайындары.

Тәулік бойына 29-01-37 («Арнаулы автобаза», қаланың оң жақ жағалауына қызмет көрсетеді), 45-47-12 («АтырауСуАрнасы», сол жақ жағалау бөлігіне қызмет көрсетеді), 35-40-96 (қалалық әкімдіктің диспетчерлік бөлімі), 25-44-51 (ТКШ бөлімі), сондай-ақ, 45-41-75, 45-41-47, 45-07-00 нөмірлері бойынша ТЖД-ның «қауырт желісі» ұйымдастырылды, – деп хабарлады М. Хагай.

Тайманов бойындағы суға кеткен үйден сегіз адамнан құралған отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Демеу қаржы есебінен оларға пәтер жалға берілді. Қажет болған жағдайда суға кеткен үйлерден адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жалғасатын болады, - дейді О.Камалов.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор
16 наурыз 2016, 11:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.