Атырау, 3 мамыр 22:32
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

​Алаяқтардың әккілігі мен арсыздығы

3 427 просмотра

Image 0Соңғы жылдары қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстар саны едәуір өсті. Анағұрлым кең тараған алаяқтық сызбасы туралы Атырау қалалық ІІБ басшысының орынбасары Марат ТАҒАНИЯЗОВ (суретте) әңгімеледі.

ТАНЫСТАР ШЕҢБЕРІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

- Заңды процедураларды белден басып, жаңа пәтер алғысы келетіндер әлі де бар. Баспананы жеделдетіп алуға байланысты алаяқтық фактілері бізде статистика бойынша бірінші орында тұр. Адамдар алаяқтарға миллиондарды оп-оңай ұстата салады.

- Сонда әлі де бұл тұзаққа түсетіндер бар ма? Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы хабарламалар көп болды ғой.

- Иә, және бұған қуана келіседі. Ықтимал құрбанының күдігін туғызбас үшін алаяқтар тұтас қойылым қояды. Мәселен, сіз танысыңызбен бір жерде бас қосасыз, сіздермен бірге танысыңыздың танысы, әкімдік қызметкері-мыс немесе заңды процедураларды айналып өтіп пәтер алған-мыс адам да болады. Олар сізге ұзақ-сонар әңгіме бастайды, олардың әңгімесінен қажет адаммен келісіп, еш қиындықсыз пәтер алуға болатындығы туралы білесіз. Ал, «қажет» адам өз қызметінің бағасын айтады.

- Сонда бейтаныс адамға қалай сенуге болады?

- Міне, солай. Сізді танысыңыз таныстырды ғой. Сізге осы сызба бойынша пәтер алған жолы болғыш адамды көрсетті. Сізді, тіпті, құрылыс алаңына апарып, «болашақ» пәтеріңізді көрсетуі мүмкін. Адамдар бірнеше миллионды алаяқтарға осылай береді. 20 миллион теңге берген де жағдай болған. Алаяқ, тіпті, сізден қарызға ақшалай қаржы алғаны туралы қолхат жазып береді. Ештеңе күмән туғызбайды. Содан кейін ол түрлі себептерді алға тартып, өз уәдесін орындамайды. Біресе қалада жоқпын, біресе құрылыс тоқтап тұр, біресе бұл үйге қазір өртенген үйдің тұрғындарын қоныстандыруда, ал, сіз міндетті түрде келесі үйді тапсырған кезде аласыз дейді. Осылайша құрбандық өзінің алданғанын түсінгенге дейін созыла береді.

- Полицияға жүгінген кезде алаяқтық фактісін дәлелдеу оңай ма?

- Бұл жерде дәлел базасы өте әлсіз. Алаяқ сізден қарызға алдым деген қолхатты жамылуы мүмкін. Сол кезде іс азаматтық сипатқа ие болады. Ал, бәлен миллиондаған қарызды, тіпті, оны сот қайтаруға міндеттесе де, алаяқ ұзақ жылдар бойына төлеуі (немесе төлемеуі) мүмкін.

Басқа бір тәсіл – шетелдік компанияға жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, ақша табу. Ықтимал құрбанға сол компания кеңсесінің фойесінде кездесу белгілеуі мүмкін. «Жақсы орын» үшін адамдар алаяқтарға 2, кейде 4 мың доллардан береді. Өткен жылы осындай 417 факт тіркелді, биыл қаңтарда 30 факт тіркелді.

ТҮНГІ ҚОҢЫРАУ

- Бірнеше жылдан бері телефон алаяқтығы қарыштап тұр. Таныс тәсіл, бұл туралы талай айтылды. Сізге түн ортасында телефон соғып, атыңызды атап, өзін полиция қызметкері деп таныстырып, ұлың, күйеуің немесе ағаң адам қақты, есірткі заттар сатты және тағы басқа қылмыстар жасады деп хабарлайды. Осы кезде алыстан өз туысыңыздың даусына ұқсас дауыс естисіз. Әрі қарай сізге осы проблеманы шешу үшін телефонға немесе көрсетілген жерге белгілі бір сомадағы ақшаны салуды ұсынады.

- Алаяқтар өз құрбандарын қалай таңдайды, көбіне олар адамның атын дәл тауып жатады?

- Қазір барлық анықтамалық ақпараттарды Интернеттен оңай табуға болады. Оған қоса, түн ортасында соғады, бұл кезді ұйқылы-ояу адамның диалогты сараптауға жағдайы болмайды. Жалма-жан ақшаны алып, аталған қоқыс жәшігіне салуға жүгіргенше, сол туысыңның өзіне қоңырау шалып, амандығын білген дұрыс емес пе? Алайда, алаяқтар ақшаны бергенше желіде болуын сұрайды. Жақында мынадай оқиға болған: бір әйелге түн ортасында телефон соғып, ұлының келеңсіз жағдайға тап болғанын айтып, құтқаруға 200 мың теңге керек деп, желіде қалуын сұрайды. Ол ақшаны алып, аталған жерге жүгіреді. Бұл кезде ұлы үйге келген. Ал, туыстары әйелге бұл алаяқтық екенін хабарлайын десе, телефоны бос емес.

Өткен жылы 55 телефон алаяқтығы фактісі тіркелді. Биылғы қаңтарда 9 оқиға болған. Қылмыскерлер сим-карталары мен телефондарын жиі ауыстырады, сондықтан оларды табу қиын болып отыр.

АЙБЫНДЫ ЖӨНДЕУШІЛЕР

- Тағы қандай тәсілдер бар?

- Мәселен, сіз құжатыңызды жоғалтып алып, газетке қайтарған адамға сыйлық бар деп хабарландыру бердіңіз. Алаяқ сізге телефон соғып, құжаттардың табылғанын, алайда алу үшін алдымен белгілі бір телефонға ақша салуды талап етеді. Бұған ол бұрын да осындай жағдай болғанын, құжат иелерінің сыйлық бермей кеткенін, енді мұндай жағдайға түскісі келмейтінін айтып, ақталады.

Көптеген адамдар жалған интернет дүкендерге алданады. Адам бір тауарды таңдап, ақшасын төлейді, уақыт өте тауар да келмейді, ақша да жоқ. Сондықтан мұндай сатып алуларды белгілі интернет дүкендерден жасап, алдын ала сатып алушылардың пікірімен танысқан абзал.

Сонымен қатар, жалған жөндеу бригадаларынан зардап шеккендер хабарласады. Сіз бригада тауып, бригадирді жұмыс көлемімен таныстырып, уақыты мен ақшасына келісесіздер... Олар жұмысты бастап та кетуі мүмкін. Қызу жұмыстарына қарап, қандай жұмыскер балалар таптым деп қуануыңыз да мүмкін. Кейіннен олар жарты ақшасын беруді өтініп, сосын жоқ болып кетеді.

Атыраулықтардың өте қырағы болғандарын қалар едім. Егер кімде-кім алаяқтыққа тап болса, келесі нөмірлер арқылы полицияға хабарлассын: 102, 98 15 05, 98 15 01, 98 15 60, 98 15 22.

Тамара СУХОМЛИНОВА

11 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.