Атырау, 4 мамыр 07:10
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

​Төремұрат батыр мен Қыз Данайдың хикаясы

12 086 просмотра

Image 0Бұл қос ғашықтың тағдыры туралы хикая киносюжетке сұранып тұр. Ғашықтардың басындағы оқиға трагедиямен біткенмен, Төремұрат батыр мен Қыз Данайдың жарқын бейнелері бүгінгі күнге дейін ауыздан ауызға тарап жеткен.

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Еңлік-Кебек, Ләйлі-Мәжнүн – бұл есімдер Әулие Валентин күні секілді кеңінен насихатталып отырса, біздің ұлттық махаббат символына айнала алар еді. Алайда, әңгіме бұл жайында емес, ұлы сезім жолында күрескен қос ғашық жайында болмақ.

БАТЫР

Елі үшін күрескен Төремұраттың жаужүрек батырлығы жөнінде шежірелі ақындар Бала Ораз, Құлманбет, Қашқынбай, Нұрым жырлап өткен. Ал, жазушы Құрал ТОҚМУРЗИННІҢ «Зар заман» атты тарихи романындағы күйші Құрманғазы туралы жазбада Төремұраттың бейнесі барынша ашыла түскен.

Төремұрат ТАЙЛЫБЕКҰЛЫ - он екі ата Байұлы таз руының Жастабан тармағынан шыққан белгілі батыр. 1821 жылы қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген екен. Тайлыбектің бәйбішесі осы баласына жерік болғанда екі жыланды қатар жеген-мыс. Әкесі көріпкелге бал аштырғанда: «Әйелің маңдайы жаудан қайтпайтын ұл табады, атын Төремұрат қоярсың» депті. Айтқандай, дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Төремұрат жас кезінен балуан, домбырашы, мергендігі өз алдына, шебер найзагер болып ер жетеді. Бір жолы жорықта келе жатқанда қасындағы қосшылары жерден көтеріле айбат шеге ысқырып тұрған жыланды көріп, шошып тұрып қалады. Бұл жыланның уы тисе мал болсын, адам болсын, сеспей қатады екен. Сонда алда келе жатқан Төремұрат қаймықпастан жыланның қасынан оқтай зулап өте шығады. Қасындағылар қараса, найзаның ұшы қадалған жылан жан тәсілім еткен екен.

Таз руының Өтен, Нарынбай батырларының үзеңгілес серігі болып, түрікпен аламандарына және Ресей отаршыларына қарсы күрескен ержүрек батыр Төремұраттың атын шығарған жері - Самай қожа арасындағы текетірес: патша сардары Самай қожа салық жинаймын деп елге бөрідей тиіп, жеккөрінішті болады. Жұртшылықтың бар жиғанын зар жылата зорлық-зомбылықпен тартып алатын патша сардары Төремұраттың туысы Өтен батырдың ағасының да жүйрік атын даладан алып кетеді. Соны естіген Төремұрат сескенбестен Самайдың артынан қуып барып, патша сардарын аударып тастап, атты алып кетеді. Мұны кек тұтқан Самай Өтен батырдың ағасының ауылын шауып, адамдарын ұрып-соғып, жәбірлеп, бар малын сыпырып әкетеді. Арадағы текетірес Самайдың Орынбордан патша әскерін әкеліп, елді өз «тәртібіне» бағындырмақ болғанына дейін ұласады. Көп әскердің қарусыз, бейғам отырған елді ойран ететіні даусыз еді. Бұл қияметке шыдамаған таз руынан шыққан Нарынбай, Төремұрат, Өтен батырлар ақыры Самайды өлтіріп тынады. Самайдың елі де қарап жатпай, патша әскерін жалаулатып, Өтеннің ауылын шабады. Сол ұрыста оқыстан жау солдатынан Өтен батыр мерт болады.

Төремұрат өзінің жолдастарымен бірге Исатай-Махамбеттің, Есет Көтібарұлының патшаға қарсы күрес кезінде де көтерілісшілердің қасынан табылып жүреді. Олар Адай руының батырларымен тізе қосып, Хиуа хандарынан қазақ ауылдарын қорғау үшін күреседі.

Ресей отаршыларының Жем өзені бойының төменгі сағасынан бекініс салмақ болған әрекеті де осы батырлардың қарсы қимылынан кейін нәтижесіз аяқталады.

Қашқынбай ақынның:

...Қара таздың баласы

Төремұрат, Өтен мен

Қаруы қайсар Нарынбай

Дөңгелек бөрік түрікменді

Маңғыстаудан бездіріп, - деп жырлағандай еліне қорған батырларын қадір тұтқан.

«ҚЫЗ ДАНАЙДЫҢ ҚЫРҒЫНЫ»

Image 2

Көркіне аттылы бұрылып қалар асқан сұлу Данай қыз (кейін Қыз Данай аталып кетеді) сөзге шешен, ақылды болып өскен еді. Оның сұлу көркіне қызықпаған жігіт кем. Төремұратқа алғаш кездескенде ару қыз бесіктен Қитарбайға айттырылып қойылған болатын. Қитарбай Төремұратқа жақын ағайын болып келеді. Жас батырдың көзі немересі Қыз Данайға түскенде елге сыйлы, құрметті ақсақал Әлбаба қарсы болмай, құптайды. Екі жасты қосу артықтық болмас деп түйеді ақсақал сонда. Қыз да батырды ұнатып қалған.

- Батыр көзіңіз қисайып кетпесін, - деді сұлу.

- Сол иығыма құс еркесі аққудың өзі қонғандай.

- Сол аққудың ұшатын кезі таяу.

Жақында ұзатылатынын қыз осылай сездіртеді.

Ел аузында Қыз Данайдың батырды алғашқы сынауы былай болған деседі: бірде батыр нөкерлерімен ауылына келгенде қу қыз жігітті сынамақ болып ыстық суға толы құманды өзі алып, қонақтарға құймақ болады. Нөкерлері ыстық су тигенде шыдай алмай, қолдарын жалма-жан тартып алады. Кезек Төремұратқа келеді. Қыз ыстық су толы құманнан су құйып тұр, ал, батыр еш сыр білдірмей, түк болмағандай бейқам күйде көзін қызға қадап қолын жайбарақат жуып отыра беріпті деседі.

Сөйткен жастардың қосылсақ деген арманы адыра қалады, Әлбаба ақсақал көп ұзамай дүние салады. Қарсылығына қарамай қыздың жұрты қыз Данайды жылатып, еріксіз Қитарбайға әйелдікке беріп жібереді.

Бірақ екі жастың бір-біріне деген ынтықтығы сезімдеріне селкеу түсірмейді. Күннен күнге жалындап лаулайды. Ғашықтар қосылуды армандайды. Ақырында Төремұрат Қитарбаймен ара ағайындықты ысырып тастап, Қыз Данайды бір түнде алып қашады. Екі ауыл арасында алауыздық пайда болып, дүрлігіске түседі. Ағасының намысын қорғаған Қитарбайдың інісі атқа қонып, қасына жігіттерді ертіп барып, Төремұраттың елін шабады. Ұрыс кезінде Қитарбайдың інісі батырдың қолынан қаза табады. «Қыз Данайдың қырғыны» деген тарихта қалып қойған осы оқиға болатын.

МАХАББАТТЫҢ ҚҰДІРЕТ КҮШІ

Image 1Төремұрат батыр Төремұратың кәрі нағашысы болып келетін аты аңызға айналған күйші Құрманғазы САҒЫРБАЙҰЛЫ түрмеден қашып шығып, қос ғашықтың үйінде тұрады.

- Бұл ел - сенің де елің. Төр де сенікі, - дейді Төремұрат қашып-пысып, арып-ашып жеткен күйшіге.

Қиын-қыстау кезде Төремұраттай батырдан пана тапқан күйші қамсыз жата береді. Ауылда күнде ойын, күнде той. Құлақ құрышын қандырар әсем күйге еліткендер жадырап сала берген. Қыз Данайдың асқан ажарлығы, ақылы күйшіге қуат береді. Қос ғашыққа бақыт тілеген күйші көңілі көтеріңкі. Осы кезде күйші «Төремұрат», «Адай», «Тас астау-тас дере», «Қызданайдың күлкісі», «Қызданайдың жүрісі» сияқты бірнеше атақты күйлерін дүниеге келтіреді. Бірақ жастар елде ұзақ тұра алмайды. Алауыздықтан елден әлсін-әлі тыныштық кетеді. Ойлана келе, Төремұрат пен қыз Данай ел басылып, тынышталғанша уақытша кетуді ойлап, Түркіменстанға барып бой тасалайды. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды. Ақылына көркі сай қыз Данайды көрген түркімендердің көңілі бұзыла бастайды. Ақылсымақтары Төремұрат батырды өлтіріп, жесірін өз батырына алып бермек болып келіседі.

-Түркімендердің бұл ойларын сезіп қалған батыр әйелін алып бір түнде қашып кетеді, - деп әңгімелейді «Қыз Данай», «Алашқа аты жайылған Төремұрат» кітаптарының авторы, тарихшы-өлкетанушы Аманғали ӘМІРЖАНОВ. - Бірақ мұны біліп қалып, артынша қуғыншы шығып, қуып жетеді. Кескілескен ұрыс болады. Жалғыз өзі жауларына қарсы тұрған Төремұрат батыр Күйкен тауында қаза табады. Бұл шамамен 1845 жыл еді. Батырды өлтіріп, қыз Данайды түркімендер еліне алып кетеді. Негізі қыз Данай сол кезде жүкті болған деседі. Оны білген түркімендер қыз Данайды ұрып-соғып, баласы бойынан түсіп қалады. Қыз Данай сол кезде түркімен батырдың сәйгүліктерін баптауды сұрап алады. Сөйтіп, аттарды әбден жарата жүріп, бір түнде еліне қарай қашады. Адайларға барып пана тұтып, ар жағында туған жеріне жетеді. Қыз Данай ойлана келе елдің ауызбіршілігін, ынтымағын сақтап қалу үшін өзін амалсыз Қитарбайға қияды. Қитарбайдан бір ұл тапқан деседі.

Ел арасы тынышталып, арада біраз жыл өткен соң Төремұрат батырдың басында белгі қалмағаны адайдың Сүйінғара атты батырының құлағына жетеді. Қалың қорым ішіндегі елеусіз төмпешікті көрген Сүйінғара батыр күйініп кетеді. Сол жерде бір асқан байдың басындағы белгіні алып Төремұраттың басына қояды.

- Бірде әкем Қапан бір жерде отырғанда біреу намысына тие «бабаларыңның сүйегі қайда қалғанын білмейсіңдер, іздемейсіңдер ме?» депті. Бірақ ол бұл сұрақтың жауабын білмейтін, - дейді құлсарылық жеке кәсіпкер Қайыржан БАЛЖІГІТОВ. – Осы нәрсе маза бермейтін. Мен Қарақалпақстанда тұратын туыстарыма бұйымтайымды айтып, Төремұрат бабамыздың жатқан жерін тауып беруге жәрдемдесулерін өтіндім. Олар бірден көмектесті. Сонымен, біз екі жыл Күйкен тауын шарлап кеттік. Табылмады. Кейін Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының мұражай бастығы Аманжан деген кісі хабарласып, «әкеммен талай рет Төремұраттың басына келгем, осы жердің шетін ашып қараңдаршы» деді. Шынымен біз сол кісінің сілтеген жері бойынша Таз таңбасын тауып алдық. 2006 жылы болашақ мазардың эскизін сызып, өз күшімізбен мазардың құрылысын бастап кеттік. Мазардың басына дулыға орнатылды. Бұған сол кезде Бейнеу ауданы әкімі Басшы ӘЗІРХАНОВ көп жәрдемдесіп, басы-қасында болды. Бейнеудегі бір көшеге Төремұраттың есімін берді. Сөйтіп, батыр, баба басын қайтадан жаңғырттық.

Бұл тағдырдың сын тезінен өткен екі адамның арасындағы махаббат күші туралы хикая аңыз секілді болғанымен, өмірде болған оқиға.

- Бұл оқиға жөнінде кино түсіруге болады, - дейді Құлсары қаласында тұратын ақын Лұқпан СИСЕКЕНОВ бізге Төремұрат батыр туралы қызықты деректер бере отырып.

Мен де онымен келісемін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.