Атырау, 18 мамыр 12:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Прокурорлар мен соттардың жүгі жеңілдеді, жеке сот орындаушыларына көбірек құқық берілді

4 597 просмотра

Прокурорлардың сот процестеріне қатысуын азайту және жеке сот орындаушылар институтын дамыту Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланды.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Аслан ҚАРАҒОЖИЕВТЫҢ (суретте) айтуынша, 2016 жылдан бастап азаматтық-құқықтық даулар бойынша прокурордың сотқа қатысуын қысқартуды қарастыратын жаңа ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі күшіне енді. Бұл сот процедураларын қысқарту және сот процестерін жеделдету үшін жасалады. Прокурор енді мемлекет мүддесін қозғайтын істер бойынша ғана азаматтық іс жүргізуге; өзін қорғай алмайтын азаматтарды немесе қоғамдық мүдделерді қорғау қажет болғанда; прокурор немесе сот прокурордың қатысуы қажет деп тапса, қатысуға міндетті. Жыл басынан бері баспанадан шығару, жұмысқа қайта алу, еңбекақыны өндіру, өмірі мен денсаулығына тигізілген зиянды өндіру туралы істер бойынша прокурорлардың қатысуы міндетті емес.

- 2015 жылы прокурорлар 1 606 азаматтық істі қарауға қатысты, соның ішінде азаматтарды баспанадан шығару туралы 43 дау, жұмысқа қайта алу және еңбекақыны өндіріп алу туралы 188 іс, өмірі мен денсаулыққа тигізілген зиянды өтеу туралы 37 іс бар. Сотқа бекітілген әр прокурорға 3-4 судьядан келеді. Біздің қызметкерлеріміздің кейде қатысуға тиіс бүкіл сот процестеріне қатысуға мүмкіндіктері жоқ. Енді прокурорлық қадағалауды анағұрлым тиімді жүргізуге болады, - дейді А.Қарағожиев.

2011 жылы Қазақстанда басталған жеке сот орындаушылардың жұмыстарына да қатысты өзгерістер болды. Олардың ішінде бастысы – банк салымдарының құпиясы туралы заңдағы өзгерістермен байланысты.

Image 1- Бұрын біз борышкердің банктік шотында қолма-қол ақша бар ма және салымдарының сомасы қандай деген ақпаратты бірден талап ете алмайтын едік. Алдымен сот ұйғарым шығарып, оны банктерге жолдайды. Кейбірі көшірмеге жауап беруге құқылары жоқ екендігін желеуретіп, құжаттарды қайтаратын. Қазір сот орындаушылары қаулы шығарып, оны сот бекітеді де бұл құжатты банкке жолдайды. Ол жерде 3 күн ішінде сот орындаушыға есепшоттың бар-жоқ екендігі туралы ақпарат ұсынуы тиіс. Сол күні сот орындаушы инкассалық өкім шығаруы немесе есепшотқа арест салуы мүмкін, - деп әңгімелейді Жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Нұрлыбек ӨТЕСІНОВ. – Инкассалық өкім – ең оңтайлы нұсқа, өйткені, сот орындаушының өзі бұл құжатты өзі басып беріп, өз мөртаңбасымен куәландырып, орындау қағазының немесе сот бұйрығының қосымшасымен банкке ұсына алады. Банк сол күні қарызды жабуға қажетті мөлшердегі ақшалай қаражатты түсіріп береді.

Облыстық соттың судьясы Мәтен ЕРҒАЗИЕВ бес сатылы жүйеден (бірінші инстанция, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайталама қадағалау) үш деңгейлі (бірінші инстанция, апелляциялық және кассациялық) жүйеге көшкен сот өндірісін реформалау жөнінде әңгімеледі.

Соттың бірінші инстанциясы дегеніміз қалалық және аудандық соттар. Апелляцияларды облыстық сотта қарайды. Кассациялық тәртіпте істі қарауды Жоғарғы сот жүзеге асырады. Қадағалауды Жоғарғы сот жүргізбейді. Аталған жүйе азаматтық және қылмыстық істерді қарау барысында қолданылады. Ал, әкімшілік істерге келетін болсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 851-бабына сәйкес, Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы кез келген іс бойынша заңдық күшіне енген сот қаулысының заңдылығы мен негізділігін тексеруге және ҚР Бас прокуроры мен оның орынбасарларының қарсылығы бойынша қабылданған шешімді қайта қарауға құқылы.

Сонымен қатар, алқа билер сотының қатысуымен қаралатын істер көбейеді деп күтілуде. Алайда ақыр соңында бәрі де алқа билерден бас тартуға құқығы бар сотталушының қалауына байланысты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

13 қаңтар 2016, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.