Атырау, 26 сәуір 09:13
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Мұнай саласында қысқартулар жүріп жатыр

3 388 просмотра

Таяуда өткен селекторлық кеңес барысында ҚР энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК мұнай сервисі саласында жұмыс жасап жатқан 40 мыңдай адамның қысқаруы мүмкін екенін ескертті. Атырау облысының еңбек нарығындағы ахуалға жорамал жасай отырып, кадрлар жөніндегі менеджерлер еңбек ақының төмендеуі, жұмыс күнінің төрт сағатқа дейін қысқаруы және ақысыз еңбек демалысы секілді үрдістер туралы айтуда.

Төмен бағадағы мұнайға қатысты қазіргі ахуал ең алдымен мұнай сервистік компанияларға ауыр тиеді. Өйткені көлем күрт төмендеуде. Бұл салада аяғынан тік тұрып қалу үшін бұл кәсіпорындар персоналдарды қысқартпақ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, мұнай сервис компанияларында жыл басынан бері 606 адам жұмыстан шығарылған. «Болат жол», «МГҚК ҚазҚұрылысСервис» АҚ Атырау филиалы, «ОйлТрансГрунт» ЖШС, «ФугроКазПроект» ЖШС, «ПромСтройЭнерго» ЖШС, «Вест Моторс Сервис» ЖШС, «Арктик Групп Интернешнл» ЖШС, «Норд Каспиан Рекруитмент компании» ЖШС секілді және басқа да кәсіпорындардың жұмысшылары қысқартуға ұшырады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 606 адамның 295-і жұмыспен қамту органдарына есепке тұрған. Оның 161 тұрақты жұмыс орнына, 43-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.

Биыл барлығы 3 420 адам қысқартылмақ болатын. Алайда олардың көпшілігінің жұмыс орындарын басқа нысандарға және басқа құрылымдық бөлімшелерге ауыстыру есебінен сақтап қалу мүмкін болды. Сонымен қатар өндірістік процестерді тұрақтандыру, облыстық әкімдік, кәсіпорындар мен кәсіподақтар арасында жұмысшылардың еңбек құқықтары мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша үшжақты Меморандумға қол қойылды.

Г.Аманғалиеваның айтуынша, жыл бойына 2 523 жұмыс берушімен Меморандумға қол қойылды. Ірі жұмыс берушілерден ЕмбіМұнайГаз, АМӨЗ, ЮРСС, Сазан Құрақ, Сайпем, Атырау Жарық, Kisorion компанияларын атауға болады.

Үшжақты құжатқа қол қойған бүкіл кәсіпорын өнім (жұмыс) көлемі қысқарған жағдайда кәсіподақтың мақұлдауы бойынша, толық емес жұмыс уақытын енгізумен қатар, жұмыс орындарын сақтау жөніндегі бүкіл мүмкіндіктерді қарастыруға міндеттелді. Г.Аманғалиеваның айтуынша, осы құжаттың арқасында 114,9 мың жұмыс орнын сақтау мүмкін болған. Бірақ Меморандум тек 2015 жылға жасалды. Келесі жылы осындай көлемдегі жұмыс берушілермен меморандумға қол қою мүмкін бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Қараша-желтоқсанда жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына 198 қызметкерді қысқарту туралы 18 сервистік компаниядан хабарлама келіп түсті. Бәлкім, олардың бір бөлігі ТШО-ның үшінші тынысты зауытын салу жөніндегі дайындық жұмыстарына ауысатын шығар.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасындағылардың айтуынша, ТШО мен NCOC секілді ірі мұнай компанияларынан персоналдарды қысқарту туралы хабарламалар түспеген.

Әзірге 2016 жылы еңбек нарығындағы ахуал қандай болатынын болжау қиын. Мәселен, 2000 жылдан бастап Қашаған аралында бұрғылау жұмыстарын жүргізетін «КСА Дойтаг Дриллинг ГмбХ» неміс компаниясының филиалы өз жобасын аяқтады деуге болады – бүкіл ұңғымалар бұрғыланып болды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының мәліметтері бойынша, неміс компаниясында қазақстандық 121 қызметкер жұмыс істейді. Персоналдарды қысқарту туралы ақпарат өкілетті органға әзірге түспеген.

Жергілікті еңбек нарығындағы ахуалды Check Point Talent Solutions LLP рекрутингтік компаниясының персоналдарды іріктеу жөніндегі менеджері Наталья ЖЕЛДЫБАКОВА былай деп сипаттайды:

Биыл еңбек ақы төмендеуінің тұрақты үрдісі басым; кейбір компаниялар қызметкерлердің жұмыс күндерін 8-ден 4 сағатқа дейін қысқартып, ақысыз еңбек демалысына жіберуде. Көптеген кәсіпорындар шығынға ұшырауда. Бірақ торықпаған жөн деп ойлаймын. Ірі жобалар жұмыс істейді. Анағұрлым ұсақ компаниялар аяқтарынан тік тұрып қалуға тырысады. Әрине, біздің өңірде жалақы бұрынғыдағыдай жоғары болмайды. Көбірек табыс тапқысы келгендіктен жаңа жұмыс іздейтіндер жақсылап ойланулары тиіс. Оларға қомақты ақшаға қаншалықты ұзақ мерзімді және тұрақты жұмыс ұсынылар екен?

Тұрақтылық – жоғарғы жалақының соңынан қуу емес, адамдар үшін бірінші орында осы болуы тиіс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

27 қараша 2015, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.