Атырау, 26 сәуір 08:29
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Сарыөзек тұрғындарына арналған көпір құрылысы басталды

7 185 просмотра

Image 0Жыл аяғында аяқтау жоспарланып отырған Сарыөзек каналы арқылы жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды.

ӨЗЕН АРҚЫЛЫ ТӨРТ АЯҚТАП ӨТЕТІН

Канал арқылы өтетін тозығы жеткен ағаш өткелді жөндеу өтінішімен Сарыөзек ықшамауданының тұрғындары көп жылдар бойы әкімдіктердің табалдырығын тоздырған еді. Тіреуіші жоқ ағаш құрылымды тұрғындардың өздері көп жыл бұрын салған. Содан бері қарай бұл қарама-қарсы жағалауға өтетін бірден-бір жол болатын. Жылы канал өнеркәсіптік кәсіпорыннан бастау алып ағып жатыр, тіпті қыста да қатпайды. Жауын-шашынды күндері адамдар сенімсіз көпірден төрт аяқтап жылжып өтетін. Әйтпесе, желге тербеліп тұрған құрылым еркін қозғалуға мүмкіндік бермейтін еді.

- Адамдар үнемі көпірден құлайтын, ажал құшқан жағдайлар да болды, тіпті, арасында балалар да бар, - деп әңгімелейді Сарыөзекте 15 жылдан бері тұратын Ажар БИСЕКЕНОВА. - Өткен жылы бізге қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ орынбасарларымен, «Атырау Жарық», «Атырау Су Арнасы» және басқа мекемелердің өкілдерімен келді. Олар күн сайын арғы бетке өту үшін басымызды қатерге тігуге тура келетінін өз көздерімен көріп кетті. Өйткені ересектерге қалаға жұмысқа, басқа шаруаларымен, балаларға мектепке, балабақшаға бару керек.

Image 2

Сол 2014 жылы қалалық әкімдіктің және «Атырау Су Арнасының» демеушілік көмегімен ескі ағаш құрылымның орнына тіреуіштері бар темір көпір орнатылды. Ал жақында ғана жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Серік ЖҰМАШБАЕВТЫҢ айтуынша, «Ерасыл Құрылыс» ЖШС мердігер болып табылады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, ал көпір құрылысын аяқтау жыл аяғына жоспарланып отыр.

ЖАҢА ТРАНСФОРМАТОР ЖӘНЕ ҮНЕМДЕУ

Сарыөзек тұрғындары үшін тағы бір өзекті проблема - электр қуатына қатысты іркілістер. Мәселе мынада, бастапқыда «Здоровье» бағбандық қоғамындағы жер саяжай учаскелері ретінде берілген еді. Алайда содан кейін адамдар жеке тұрғын үй құрылысын салып, сол жерде тұрақты тұра бастады. Үйлердегі электр желілері туберкулезге қарсы күрес ауруханасының трансформаторына жалғанды. Бірақ ол мұндай көп көлемдегі пайдаланушыларға арналмағандықтан, жүктемені көтере алмай қалды. Іркілістердің емдеу мекемесінің қалыпты жұмыс жасауына кедергі келтіретіндігіне наразы болған аурухана әкімшілігінен және дұрыс жағдай жасауды талап еткен тұрғындардан әкімдікке шағымдар қарша борады.

Image 0

- Мен қалалық әкімдікте 1999 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Электр қуатының іркілісіне қатысты шағымдар сол кезде де болған, - дейді қалалық ТКШ бөлімінің көлік, энергетика және байланыс секторының меңгерушісі Қуаныш ИБРАГИМОВ. – Ақыры, қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың тапсырмасымен қуаттылығы 360 кВт болатын жаңа трансформатор орнатылды. Оған бұрынғы «Здоровье» бағбандық қоғамының үйлері жалғанды. Бүгінде бұл желіге 91 үй жалғанған, тұрғындар энергішілермен жеке келісімшарт жасаған. Енді есептегіштің көрсеткіштері бойынша төлейтін болады. Электр қуаты бойынша қарыздары болған тағы 7 үй бар. Олармен қарыздарының өтелуіне қарай келісімшарттар жасалады. Есептегіштері жоқ және қуаттылық бойынша төлеп отырған үйлер саны - 117. Қалған үй иелерінде құжаттарға қатысты проблемалары бар. Олардың кейбіреулері энергішілер барған кезде үйлерінде болмаған.

Электр қуатының іркіліссіз берілуімен қатар жаңа трансформатордың орнатылғаны тұрғындардың қаржысын үнемдеуге сеп болды. Сарыөзек тұрғыны Мұрат КАЛИКОВТЫҢ айтуынша, бұрын қуаттылық бойынша есептеген кезде айына 3-5 мың теңгеден төлеуге тура келетін. Ал есептегіш бойынша 500-600 теңгеге шығады екен.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

3 шілде 2015, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.