Атырау, 20 мамыр 13:25
 ашықВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қайта тірілген Күләш

3 967 просмотра

Image 0«Астана опера» солисі Салтанат АХМЕТОВА (суретте) қазылар құрамында Елена Образцованың өзі болған ресейлік «Большая опера» тележобасындағы жеңісінен соң сенсацияға айналды.

Маған одан сұхбат алу мүмкіндігі Астрахандағы дайындық арасындағы үзілісте туды. Салтанат ол жерде біздің Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге ҚР елшілігінің ҚР мәдениет министрлігі және Астрахан облысының әкімшілігі қолдауымен Ресейде ұйымдастырған концертте өнер көрсеткен болатын.

Концерт 27 мамыр күні Астрахан опера және балет театрының зәулім сарайында өтті. Бұл былтыр Атырауда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыру шараларының бірі.

«БАЛА КЕЗІМНЕН ЖОҒАРЫ НОТАЛАРДЫ АЛУҒА ТЫРЫСАТЫНМЫН»

- Салтанат, мен, көпшілік секілді, сіздің «Большая опера» жобасының ақтық сынындағы Моцарттың «Волшебная флейта» операсындағы «Царица ночи» ариясын орындау шеберлігіңізге тәнті болдым. Сіз ресейлік және қазақстандық көрермен үшін де үлкен жаңалыққа айналдыңыз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз?

- Мен Көкшетауда туып-өстім. Фортепиано класы бойынша музыка мектебін тәмамдадым, кейін Біржан сал атындағы музыка колледжінің ән айту бөліміне оқуға түстім. Ол жердегі менің алғашқы ұстазым Жақып Көшкембаев болды. Дауысымның әлі де қалыптаспағанына қарамастан ол 14 жасымда мені колледжге оқуға қабылдады, маған үлкен сенім артты. Одан соң мені Қазақстанның Халық әртісі Хорлан Қалиламбековаға оқуға жіберді. Олар менің алғашқы ұстаздарым, мен оларға қарыздармын. Анам мені және сіңлім Лейланы музыка мектебіне жастайымыздан берген еді. Ес білгелі ән айтып келемін, «Әнші балапан» балалар конкурстарына қатыстым. Бала кезімде маған Робертино Лоретти қатты әсер қалдырды, мен оған еліктейтінмін. Тағы бірде радиодан Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Бұлбұл» әнін естіп қалдым. Ол кезде бұл әнді орындау мен үшін қол жетпес армандай көрінген, ал қазір «Бұлбұл» - репертуарымдағы сүйікті әндерімнің бірі. Жалпы, бала кезімнен жоғары ноталарды алуға тырысатынмын, мен үшін ең жоғары нотаны бағындыру ерекше сезім сыйлайтын.

Анам жасымыздан біздің бойымызда еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті тәрбиелеуге тырысты. Соның бәрі ересек өмірімде көп көмектесті, әлі де көмектесіп келеді.

- Ал кәсіби түрде ән айтуға қашан бет бұрдыңыз?

- Мен әрқашан ән айтқым келді, соның ішінде операда. Алайда опералық вокалмен 17 жастан бастап жаттығатын болғандықтан, ал мен мектепті 14 жасымда бітірдім, алдымен шет тілі бөліміне оқуға түскім келді. Анам менің ересек студенттердің арасында кішкентай болып жүретінімнен қорқып, музыкалық колледжге оқуға түсуге кеңес берді. Ал колледжден кейін мен Астанадағы Қазақ ұлттық академиясына оқуға түстім. 3-курсты аяқтаған соң мені Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры труппасына қабылдады.

НАҒЫЗ ДАУЫС ДЕП ОСЫНЫ АЙТ!

- Менің анам сіздің ән айтқаныңызды естіген кезде «Айтатыны жоқ, Күләш қайта тірілген екен! Көмейі сайрап тұр ғой!» деп таң қалған-ды. Ол 1948 жылы Қыздар педагогикалық институтында оқып жүргенінде Күләштің ән салғанын көрген.

- Күләш, Хорлан, Бибігүл – қазақ ән мектебінің ерекше тұлғалары. Олар қашан да үлгі тұтатын жандар.

- Сіз бірде Хорлан Қалилам-бековамен кездесуіңізді ең үл-кен сәттілік деп айтқан екенсіз.

- Әрине. Ол кезінде Абай опера театрының примасы болған, оның дауысына, оның темпераментіне сай композиторлар арнайы шығармалар жазған. Айтпақшы, мен қазір Еркеғали Рахмадиевтің «Поднятая целина» операсындағы Катяның ариясына дайындалып жүрмін. Ол Хорланға арнайы жазылған. Кезінде ол Болгария опера театрына тәжірибеден өтуге барғанында оның дауысын, ән салғанын естіген бойда оны гастрольды әнші ретінде тіркепті. Ол Болгария опера театрының сахнасында Риголеттоны да, Травиатаны да шырқады.

- Сіз бірнеше халықаралық конкурстарда лауреат атандыңыз, алайда танымалдылығыңыз «Большая опера» жобасынан кейін артқаны рас. Сіз осы жобаға қалай келдіңіз?

- 2013 жылы Германияда өткен Neue Stimmen («Жаңа дауыстар») конкурсында ән салғанымды естігеннен кейін «Большая опера» жобасына шақырды. Бұл 25 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі деңгейдегі вокалдық сайыс. 2013 жылы Қазақстан осы жарысқа алғашқы рет қатысты. Конкурсқа 1 500 өтінім түскен, олардың арасынан 40 әншіні таңдап алды. Мен тоғыз финалистің арасынан табылып, арнайы жүлдеге қол жеткіздім. Бұл конкурстың жақсы жағы – Еуропаға шығуға мүмкіндік ашылады, ал, ол жерде біз Қазақстанымызды танытып, атағын шығара аламыз.

- Сахнада сіз қол жетпестей көрінесіз, әсіресе, күрделі арияларды орындаған сәтте, ал сөйлескен кезде қарапайым, көңілді әрі жұмсақ жан екенсіз...

- Сахнада тұрып, үлкен аудиторияға арнап ән салғаным менің өзгеше адам екенімді білдірмейді. Жүрегімде мен Көкшетаудан шыққан қарапайым Салтанатпын. Ән салғанды жақсы көретін, балмұзақ пен тәттіге әуес, ұйықтағанды жаны сүйетін қазақтың қызымын (күледі). Мен кейде опера әншісінің қалыптасқан образын өзгерткім келеді. Күнделікті өмірде қарапайым адамдар сияқты бейсболка, кроссовка және кеудеше киген тинейджердің кейпінде де жүремін.

Орақ ЖАУЫРОВ, Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестірінің бас дирижері: - Салтанат сияқты солистермен жұмыс істеудің өзі үлкен ғанибет. Ол сирек талант, ерекше дауыс иесі. Бірінші дайындықтан кейін біздің оркестердің музыканттары аспаптары мен пюпитрларын соғып, оған зор қошемет білдірді. Бұл барлық оркестерлерде қалыптасқан өзіндік дәстүр. Алайда осындай қошемет тек оркестр мойындаған солистерге көрсетіледі. Салтанаттың болашағы зор екеніне сенімдімін.








ТЫНЫШ ҰЙҚЫ ЖӘНЕ ДӘМДІ ЕТ

- Әншінің дауысына не әсер етеді?

- Көптеген факторлар. 20 жасыңызда және 40 жасыңызда сіздің дауысыңыз әтүрлі шығады – ол адамның физиологиялық ерекшелігіне, жасының ұлғаюына, өмірлік тәжірибеге және арнайы білімге байланысты. Мысалы, менің даусым – лирика-колоратуралы сопрано, алайда «Большая опера» жобасына қатысқан уақытта мамандар менің дауысым драматикалық колоратура дегенге келді... Мүмкін, менің дауысым әлі де қалыптасу үстінде шығар.

- Сізге Дина Нұрпейісова атындағы оркестрмен ән салған қалай болды, бас дирижері Орақ Жауыровпен жұмыс жасау қалай екен?

- Дина Нұрпейісова оркестрімен мен бірінші рет ән салдым, алайда біз көп уақыттан бері бірге жұмыс жасайтын жандар сияқты болдық. Екі дайындықтың өзі де жеткілікті болды. Ұжым – кәсіби мамандар екен, дирижері де өте талантты.

- Әр солистің сахнаға шығар алдында өз құпиясы бар. Мәселен, біреулер шикі жұмыртқа ішеді, біреулер тамағын erisimo (сарбасқұрай немесе «әнші шөбі») шөбінің тұнбасымен шаяды. Ал Салтанат Ахметова не істейді?

- Мен үшін тыныш ұйқы маңызды, сол кезде менің дауысым анық әрі ширақ шығады. Сонымен қатар менде мынадай дәстүр қалыптасқан: ертең сахнаға шығамын деген түні ет жеп жатамын,сонда келесі күні күш-қуатым таусылмайды. Бұл да менің оқытушым Хорлан Қалиламбекованың кеңесі.

- Әншілік жолға енді түскендерге қандай тілек айтасыз?

- Өз ісіне адал болу және армандаудан қорықпау керек. Адам өзіне сенуі керек, сонымен қатар алға қойған мақсатына жету жолында талмай еңбектену қажет.

- Салтанат, сіз Қазақстанның мақтанышысыз, мен сізге әлемге жол ашылып тұрғанына сенімдімін!

- Рахмет!

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

4 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.