Атырау, 20 мамыр 11:48
 ашықВ Атырау +22
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қарбыз, Мәсімов және «көк көйлектің ішіндегі көктем»

6 856 просмотра

Айтыс өнері атам қазақтың қанындағы нәрсе. Рухты тәрбиелейтін құрал деп білеміз біз оны. Алайда, жақында Атырауда өткен белгілі айтыскер ақындар Ақмарал ЛЕУБАЕВА мен Айбек ҚАЛИЕВТІҢ жекпе-жек айтысы жергілікті өнерсүйер халықтың алдында өзінің беделін төмен түсіріп алғандай ма дерсің. Бәске ештеңе тігілмегесін бе, жекпе-жек айтыс дегеннен гөрі, оған жеңіл-желпі айтыс деген атау сай еді.

Осылай боларын сезді ме, Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының залында халық тарыдай шашылғандай сирек отырды. Сонда билет бітіп қалды дегендері қайда деп қойдық. Қарап тұрсақ, көрермендердің көпшілігі де шалғай аудандардан келген ауыл қазағы екен.

Ораза кезінде өткен айтыста Астанадан келген ақын Айбек Қалиевтің өнері басым түсті. Ал Оңтүстік Қазақстаннан келіп отырған ақын Ақмарал Леубаева «Айбек айта береді, мен қасында отырып аузымды жыбырлатсам болғаны» дегені ме, Айбек бастап берген Шымкенттің қарбызы тақырыбынан әрі асып кете алмады. Ал Айбек болса, алдын-ала келісіп алғандай, айтыс өнерінің бар жауапкершілігін өз мойынына алды. Ол елдегі жағдайдың турасын айтып, билікті, үкіметті, парламентті сынға алды. Халықтың жағдайын айтудай-ақ айтып, елінің мұңын мұңдамаған парламентті қолымда болса бір-ақ күнде таратып жіберер едім деп кесті ақын. «Қытайға жеті мың гектар жерді берді, үкімет етегіне шалынып жүр» деп те жырға қосты. Елден бой тасалап жүрген Рахат Әлиевті де бір сыбап алды. 

Айбек ақын Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевке де құлаққағыс етті. «Әкімі ақынын іздеген елдің бағы ашылар» деп  ол атыраулық айтыскер ақын Сағадат Нұрмановтың пәтерсіз жүргенін айтып қалды. Қаладан бір пәтер берілсе деген тілегін жеткізді. «Жұмысының байқап тұрсам жағдайы жоқ, шуылдаған бес-алты баласы бар, еленбей өз елінде жүрсе дағы, Алты алашқа Сағадаттың бағасы бар» деп жырлады.

Ал Ақмаралдың ораза кезінде елді бірлікке шақырайық, қартайғанда тыныштықты ойлайтын болдық» дегеніне, Айбектің берген жауабы мынау болды:

«Көсіліп сөйлеп қалам тілім барда,

Жасырын сенен жұртым сырым бар ма?

Сіз маған тыныштықты ойла дейсіз,

Қытай келсе, көретін күнің бар ма?

Ақ апа, ақиқатты ақтарайық,

Сампылдап шығып тұрған үнің барда

Махамбеттің еліне келіп тұрып,

Шындықты жасыратын жының бар ма?!»

Бұдан әрі қарай ақын өзгелерге жақсы атты болып көріну үшін шетелге берген мұнайымыз біткен соң, жадау халықтың қалай күн көретінін толғады.

Оған қоса, Қытайдағы қазақ жазушысы, драматург, ақын, «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлының туған елден топырақ бұйырмастан дүниеден өткенін айта келе, оралмандар деп атанған қазақтардың проблемасын қаузады.

Тағы да сол Айбектен біз Ақмарал Леубаеваның көктемде өткен «Періште емеспіз, пендеміз» атты шығармашылық кешінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың өзі алтын білезік сыйлағанын білдік. Айбекке жауап берген Ақмарал мұндай білезікті премьер-министр елімізде жалғыз маған ғана сыйлады деп мақтанды. «Кәрімге берген қазақ көп, Кәрімнен алған жалғыз біз» деді ол.  

Одан бөлек, өзіне де тіл тигізген Айбекке Ақмарал былай деп жауап қатты:

«Көк көйлекті киіп ап көлбеңдеп деп,

Тиісіп бізге де-ай кеткен жағың.

Бұл күйеу қайдан білсін апасының,

Көйлегінің ішінде-ай көктем барын».

Сонда Айбектің оған берген жауабы:

«Апамыз көктем жайлы сарнайын деп пе ең?

Сөздері қайын апамның балдай неткен!

Көк көйлектің астында көктем бар деп,

Құмарды оятады қанбай кеткен.

Көк көйлектің ішінде шаруам жоқ,

Сен өйтіп тақылдатпа таңдайды еппен.

Апырым-ай, көк көйлектің астындағы

Көгермей көп жыл жатқан қандай көктем?».

Міне, жалпы осы. Бұл айтыстың өтуіне қаржылай демеушілік көрсеткен ақтаулық тұрғын екенін атап өткіміз келеді. Ал Атыраудан қолдау білдірер ешкім табылмапты. Бұл әрине, біз үшін сын екені айтпаса да түсінікті. 

Айтпақшы, жуырда Атырауда өтетін келесі жекпе-жек айтыста Сағадат Нұрмановпен бірге Балғымбек Имашев өнер көрсетеді.  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

8 қыркүйек 2011, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.