Атырау, 20 мамыр 15:34
 ашықВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Виолончельмен барлық музыканы ойнауға болады

5 003 просмотра
7 наурызда американдық Break of Reality виолончель рок тобы АҚШ елшілігі мен «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен БЦС-пен ауыратын балалар мен олардың аналарына арнап қайырымдылық концертін қойды.
Топ құрамында виолончельде ойнайтын Патрик Лэрд, Эндрю Дженс және әлемдегі виолончель сыныбы бойынша жалғыз профессор қыз Мэт Уейс, сондай-ақ барабаншы Айван Тревино өнер көрсетеді. Музыканттар Қазақстанда бір аптадан кері концерттерін қойып жүр, бұған дейін олар Алматы, Шымкент және Астанада болған еді.
Концерт «Игра престолов» сериалына қойылған саундтректен басталды. Топ мүшелерінің ішіндегі ең әңгімешілі Айванның айтуынша, Қазақстанда олар ерекше аспап – домбырамен танысып үлгеріпті. Біздің ұлттық музыкамыздан шабыт алған Патрик виолончельден жеке композиция орындады. Ал оның өз әйеліне шығарған «Star» деп аталатын шығармасын топ залда отырған барлық әйелдерге арнады. Мен концерт басталғанша музыканттармен сұхбаттасып үлгердім.
- Бұл сіздердің Қазақстанға алғаш келулеріңіз бе?
- Жалпы бұл біздің Орталық Азияға бірінші келуіміз.
- Осында келгенше Қазақстан туралы не біліп едіңіздер?
- Эндрю: Менің ағам Алматыда мұнай-газ компаниясында жұмыс жасады.
Айван: Мен қазақстандық боксшы Генадий Головкинді білемін, мен оның жанкүйерімін. Оның салмақ дәрежесінде басқа да мықты бокшылар бар, әрине, бірақ онымен ешкім рингке шыққысы келмейді.
- Біздің қысымыз қалай?
- Бізге алдын ала ескерткен, біз қатты аязға дайындалып келгенбіз, бірақ Астанаға келгенде ондай қорқынышты ештеңе жоқ екенін көрдік. Нью-Йоркте де салқын болды. Бәрі жақсы.
- Қазақстанда сіздер туралы аз біледі, өздеріңіз туралы қысқаша айтып кетсеңіздер.
- Барлығымыз да жоғары классикалық білімі бар музыканттармыз. Алайда басқа да жанрларды да ұнатамыз, сондықтан да біздің музыкамызда рок элементтері кездеседі. «Шет елдердегі американдық музыка» бағдарламасы аясында АҚШ елшілігі американдық топтарды өз музыкасын тарату үшін жер-жерге жібереді, бұл өзіміз үшін де пайдалы, басқа музыканттардың тәжірибесінен үйренеміз. Біз, сондай-ақ, оқытушылық қызметімен де айналысамыз, әр түрлі мектептерге барып, жас музыкантарды оқытамыз. Оқытушылық қызметіміздің көп бөлігін алады.
- Америкада қандай белгілі алаңдарда өнер көрсеттіңіздер?
- 10 жыл ішінде біз үлкені бар, кішісі бар, барлық алаңдарда өнер көрсеткен болармыз. Әр жердің аудиториясы әр түрлі.
- Өз музыкаларыңыздың бағытын қалай сипаттайсыздар?
- Біз сөзбен жанрды анықтау мүмкін емес. Біз барлық музыка ұнайды, сонымен қатар аудиториямызда әр түрлі, арасында классиканы сүйетіндер мен рок музыканы ұнататындар бар. Біз біріктіреміз, араластырамыз, осындай қоспа пайда болады.
- Араларыңызда нағыз рок музыканттар бар ма?
Айван: Мен барабанда ойнаймын. Алматыда Ғалымжан Молданазаровтың концерті болды, бұл белгілі музыкант тобымызбен бірге өнер көрсетті, гитарада ойнады. Сол жерде нағыз рок болды. Жалпы рок музыканттар арасында өзімізді судағы балықтай сезінеміз.
Патрик: Мұнда, әрине, виолончельдің маңызы ерекше. Өйткені, виолончель - жоғары да, төмен де ноталарды ойнай алатын ерекше аспап. Бұл октавалары шектелген қарапайым скрипка емес, виолончельмен кез келген музыканы ойнауға болады.
- Қазақстанда сіздерді қалай қабылдады?
 Мэт: Кеше Астанада екінші шығарманы орындағаннан кейін маған залдан бір ер адам маған гүл сыйлады. Мен қатты қуандым, өйткені көбіне гүлді қойылым аяқталғаннан кейін береді ғой. Ол шыдай алмаған болуы керек, оған біздің музыка қатты ұнаған шығар. Жалпы, мұндай менің жұмысымда бірінші рет болып тұр. Сондай-ақ, концерттен кейін адамдар бізге жақындап, өнеріміз қатты ұнағанын, шын мәнінде ләззат алғандарын айтып жатады.
Эндрю: Біз Қазақстан мен Түркіменстанда концерт қойғанда барлық билеттер сатылып кетіп, зал лық толып тұрды. Бұл бізді, әрине, қуантады. 
- Репертуарларыңызда кавер-нұсқалар көп пе, әлде өз шығармаларыңыз басым ба?
- Негізінен, 80 пайыздай өз шығармаларымызды орындаймыз. Патрик – композитор, аздап музыка шығаратын Айван оған көмектеседі.
- Отбасыларыңыз бар ма, музыкадан басқа немен шұғылданасыздар?
- Эндрю: Мен Лос-Анджелесте тудым, бірақ қазір Нью-Йоркта тұрамын. Баскетболды ұнатамын.
Патрик: Мен Нью-Джерсиденмін, Бруклинде әйеліммен бірге тұрамын, әзірге баламыз жоқ. Сноубордты сүйемін.
Мэт: Мен Сан-Францискоданмын. Сиэтлде жігітіммен бірге тұрамын. Шаңғы тепкенді ұнатамын.
Айван: Техаста әйелім және итіммен бірге тұрамын. Иттерді, боксты, жалпы спорттың көп түрін жақсы көремін. Эндрю екеуміздің қызығушылығымыз бірдей. Бұл – баскетбол. Біз әр түрлі командада бір-бірімізге қарсы ойнаймыз, бірақ бұл шығармашылығымызға әсер етпейді.
- Қандай белгілі музыканттармен бірге өнер көрсеттіңіздер?
Айван: Біз белгілі рок топтарымен бір алаңда талай өнер көрсеттік. Алайда олар тек АҚШ-та ғана танымал. Мәселен, Cake тобы немесе Third Eye Blind. Ғалымжанмен бірге концерт қойдық, ол да белгілі музыкант. 
- Сіздер классикалық аспаптармен рок ойнайтын бірінші топ емессіздер. Сіздердің пікірлеріңізше, сіздер аудиторияны қалай баурайсыздар, ерекшеліктеріңіз қандай?  
Айван: Жалпы музыканттар музыканы әрлегенде рок бағытқа қарай кетіп қалады. Бұл орайда бізге Финляндияның Apocalyptica рок тобы (виолончельде ауыр металь жанрын орындайтын – С.Т.) қатты әсер етті. Олар барлық жанрлардан аз-аздан алады.
Патрик: Менің ойымша, басты ерекшелігіміз өз музыкамызды орындауымызда болар. Аудиторияны да баурайтын осы болса керек.
- Жас музыканттарға қандай кеңес берер едіңіздер?
- Импровизация жасаңыздар, шектелмеңіздер, классикалық музыка шеңберінен шығыңыздар, өз музыкаларыңызды шығарып, еркін болыңыздар.
Мэт:Музыканы көп тыңдап, жұмыс жасаңыздар,жасаңыздар.
Топтың негізгі концерті бүгін кешке «Құрманғазы» мәдениет үйінде өтеді. Кіру тегін.
Әңгімелескен Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор
8 наурыз 2015, 19:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.