Атырау, 26 сәуір 09:24
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Лига көмекке келеді

2 004 просмотра

Жақында Атырауда республикалық «Ұлттық тұтынушылар лигасы» қауымдастығының филиалы өз жұмысын қайта бастады.

Бұл - қоғамдық ұйым. Оның қызметтерін белгілі бір деңгейде осы саладағы мемлекеттік орган – Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті (бұрынғы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау) атқаруы керек еді, алайда, оның қызметкерлері әзірге жаңа салаға үйреніскен жоқ, тұтынушылар үшін сотқа талап-арыз жазатын, кеңес беретін жағдайға жеткен жоқ. Сондықтан да көңілі қалған тауар және қызметтерді сатып алушылар адвокаттар жалдап, бірден сотқа шағымданғанды жөн санайды. Бұл жерде оларға Тұтынушылар лигасы көмекке келе алады.

- Біздің мақсатымыз – заң жағынан және кеңес беру сияқты көмек көрсету, азаматтар мен заңды тұлғалар арасында құқықтық білімді насихаттау, - дейді Атырау филиалының басшысы Марина МҰХТАРОВА. Сонымен қатар, ұйым тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге тәуелсіз сараптама жүргізеді, тұтынушылар құқығын қорғау туралы істер бойынша сот практикасы материалдарын жинайды. Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, көптеген шағымдар коммуналдық қызметтерге қатысты. Қарыздар мен олардың өсімпұлдарын дұрыс есептемеу, түбіртектерде теріс деректер беру сияқты шағымдар көп. Сондай-ақ, тұтынушылар сатушының ақауы бар тұрмыстық техниканы ауыстырудан бас тартуы, сатылымда сақтау мерзімдері өткен азық-түліктердің бар болуы, өнім бағасы туралы теріс ақпарат беру, таразыдан жеу сияқты келеңсіздіктер туралы хабарлайды. Дүкендер көбіне қолма-қол ақшаға алынған затқа фискалды чек бермейді. Адамдар медициналық қызметтер бағасының қымбатшылығына және сапасының төмендігіне наразы. Банктік және басқа да қаржылық қызметтер көрсететін ұйымдарға (сақтандыру, зейнетақы қоры және т.б.) айтылған шағымдар да жеткілікті: теріс ақпарат беру, пайыздық мөлшерлемелерді көтеру және т.б. Туристер шарт талаптарының орындалмағанын, рейстердің кешіктірілуі туралы айтады.

- Мен қазір үш іспен айналысып жатырмын. Жас жігіт жаңа айфон сатып алған, алайда оны бірнеше рет оңдатуға тура келген. Екінші жағдайда әйел адам пойызда баратын жеріне дейін екі тәулік салқын вагонда жатып, қатты ауырып қалған екен, үшіншісі – тағы да сапасыз тауар, - дейді М. Мұхтарова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.