Атырау, 2 мамыр 02:45
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Басқарманың қамшысы

1 969 просмотра

80 жастағы тыл ардагері Базар БЕКМАҒАМБЕТОВ (суретте) - балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген өз замандастарымен сол уақыттың бар ауыртпалығын көрген жан.

Бүгінде қосағы о дүниелік болып кеткен. Қазір бауырына басқан ұлы Нұртаймен бірге Индер ауданы Елтай ауылында тұрады. Базар ағаның жүріп-тұруы қиындаған, дауысы тым бәсең шығады. Бірақ ол біздің келгенімізге қуанып, естеліктерімен бөлісті.  

- Соғыс басталғанда біз «Қызылтөбе» деген жерде болдық. Әке-шешем колхоздың малын бақты. Бала болсам да соғыс басталды деген хабарды естігенде бір жаманшылықтың келгенін ұқтым. Әкем майданға 1941 жылы алынып, шешем жылап-сықтап, шиеттей жас балаларымен қала берді, - деп әңгімесін әрі қарай жалғады Базар қарт. - 1943 жылы әкем Бекмағамбеттен екі рет хат келді. Оның бірі командирінен екен, онда әкемнің бірнеше немісті жер жастандырып, ерлік көрсеткені жөнінде жазылған алғыс хаты болса, екіншісі әкемнің өзінен келген.  Бұл оның соңғы хаты екен, кейін хабар-ошарсыз кетті...

Әкесінің майданнан оралмауы Базарды тез есейтті. Соғыстың зардабынан ел күйзеліп, адамдардың жүдеп қалған шағы. Ер азаматтардың көбінің елге оралмай, шейіт кетуі шаруашылық жұмысын тұралатып, әйелдер, шал-шауқан, жас балалар ауыр еңбекке жегілді. Базар 10 жасында шопан көмекшісі болып, қой бақты. Қарын аш, талғажау болар құмаршық қана. Ашқұрсақ жүрсе де, бала мектепте оқығысы келді.

- Біз бірнеше шақырымдағы мектепке түйеге екі бала болып мінгесіп баратынбыз. Мен мектепте бар болғаны он қаріпті үйреніп үлгердім. Қасымдағы бала сабақты көп ұға бермейтін, апай оған көп ұрысатын. Сосын ол «оқымаймын» деді, ал, мен болсам оған еріп, ауылға бірге қашып кеттік. Балалық қой (күліп алды). Ауылда екі ай мал бақтым, бірақ кейін мектепте оқығым келетінін түсіндім. Түйеге мініп, мектепке кері бара жатыр едім, бір кезде артымнан колхозбасқармасы жетті ентігіп. Ол маған: «Оқымайсың, кері қайт, мал бағысасың» деді. Мен оның айтқанын тыңдамадым, жүре бердім. Сол кезде басқарма менің соңымнан атпен қуып жетіп, қамшының астына алды. Сөйтіп, таяқ жеп, кері қайттым. Қорғайтын ешкімім жоқ, әкем соғыстан қайтпаған. Біз малдың соңында жүріп, шөп шауып, жинап, таситынбыз. Бұл балалар үшін азапты еңбек еді, біз қыс демей, жаз демей жұмыс істейтінбіз.   

Бірде мені басқарма шақырып:«Новосибирскіге жұмысқа барасың» деді. Мен бас тарттым. Басқарма қатты ренжіді, боқтап, сыбады, айтқанымнан қайтпадым. Сол кезде менің орныма барғысы келетін адам табылып, жақсы болды. Мені жайыма қалдырды. Кейін мені Кулагиноға үш ай трактористік курсқа жіберді. Ал, мен ол кезде, тіпті, аты-жөнімді жаза алмайтынмын. Бірақ сабақта оқытушы не айтады, соны мұқият есіме сақтап, іштей ауызша темірлердің атауларын жаттаймын. Сол зеректігімнің арқасында куәлік алып, тракторист болып шыға келдім. Колхозға трактор айдап келдім.

- Ал, жазуды қалай үйрендіңіз?

- Әскерде жүргенде. Томскіде үш жыл әскерде болғанда сауат ашу курсына жазылып, қаріптер үйреніп, ежіктеп оқи бастадым. Бірер уақыттан кейін ауылға хат жазуға сауатым толық жетті. Кейін кешкі мектепте оқып, ақыры шоферлық курсты бітірдім. Содан үзбестен шофер болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым.

Міне, бұл - бір адамның ауыр еңбекпен өрілген өмірі, бұл сол буынның өмір тарихының бірі ғана, ал, олар қаншама...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.