Атырау, 3 мамыр 18:41
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Ауруханаға шұғыл көмек қажет

2 921 просмотра

Доссор поселкесіндегі аурухананың жағдайы, күрделі жөндеудің екі жыл бұрын ғана жүргізілгеніне қарамастан, қазір мәз емес. Ғимарат толық жылытылмайды, су мәселесі тағы бар.

МЕРДІГЕРДІ ЕШКІМ ІЗДЕМЕЙ МЕ?

50 кереуеттік селолық аурухана, 70 пациентті қабылдайтын емхана мен 10 кереуеттік балалар ауруханасы 2006 жылы пайдаланылуға берілген болатын. Балалар ауруханасы ғимаратының жабылғанына екі жыл болды, бос тұр. Оның орнына селолық ауруханада бес кереуеттік балалар бөлімі ашылып, жұмыс істеуде.

Небары жеті жыл бұрын салынған ғимарат 2012 жылы жүргізілген күрделі жөндеуге де көнбей тұр.

Күрделі жөндеу жұмыстарын атқарған бірінші мердігер «АСД» ЖШС (директоры ЛЫСЕНКО) болатын. Бірақ, кейін анықталғандай, оның жұмысты  аяғына дейін бітірмей кетуі себепті аурухананың әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісі жоқ. Мердігердің қайда жоғалып кеткені тапсырысшы - облыстық құрылыс басқармасына да белгісіз. Оларды іздеп жатпаған да секілді.

 

САЛҚЫНМЕН ЕМДЕУ   

Аурухананың фойесіне кіретін үлкен пластик терезелер мен есік дұрыс орнатылмағандықтан осал тұр, дұрыс жабылмайды. Ал, аурухананың сырт жағынан кіретін металл есік жерде жатыр. Оған қоса, сумен қамтуда үлкен қиындықтар бар.    

- Бұрын суды ішке водовозбен әкелетін. Бірер ай болды, су бірінші қабатқа келіп тұр. Онда да бір нүктеде ғана бар. Біз осы жерден суды екінші қабатта жатқан науқастарға тасимыз. Олар бұл суды жуынуға және әжетханаға жұмсайды. Ал, ауыз суды үйден әкеледі, - дейді аурухана тазалықшылары.

Одан бөлек, әр жерде жылыту пештері қосылып тұр. Онсыз ғимарат іші салқын, қалтырап-тоңғандарға қарап бұл медициналық мекемеде сауығып кету мүмкін бе деген ойға қаласың. 

- Қатты жел мен аяздарда мұнда жұмыс жасау мүмкін емес. Пациенттерді қабат-қабат киіммен қабылдауға мәжбүрміз. Пеш қосамыз, енді басқа не істейміз? - дейді емхана меңгерушісі Зайда ЕЛЕШОВА.           

Екі жылыту қазанының күші жетпей, қыркүйекте үшінші жылыту қазаны орнатылған болатын. Бірақ ол бір күн жұмыс жасап, істен шығып қалды. Ал, су ысытатын құрылғы көптен бері жұмыс жасамайды.

 

ДӘРІГЕРЛЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

Доссор поселкесінде 8 125 ересек, 4 222 бала тұрады. Оларды емдейтін және аурудың алдын алумен айналысатын дәрігерлер жоқтың қасы. Ауруханада екі педиатр, үш терапевт, бір акушер-гинеколог болса, соның тең жартысы зейнеткерлік жаста. Емханада лор дәрігері, окулист және эндокринолог жоқ. Сол себепті халық Доссордан 90 шақырымдағы Атырауға сабылуға мәжбүр.

- Мен 32 жылдан бері дәрігер терапевт болып жұмыс жасаймын. Учаскедегі екі мыңнан асатын халықтың саулығын қадағалау менің мойнымда, оның үстіне ауруханада да жұмыс жасаймын, - дейді Гүлнәр ЖӘНІБЕКОВА.- Мамандар бізге келмейді. Сонда қайтпек керек? Ал, екі жұмысты қатар алып жүру дәрігерге өте қиын. 

Жергілікті халықтың арасында қан қысымы, жүрек ауруларымен қатар қатерлі ісік сырқаты жылдан-жылға өсіп тұрған көрінеді. Әйелдер арасында қаназдық, жүйке аурулары көбейіп кеткен.

Аурухананың бас дәрігері Раушан ЖИЕНАЛИЕВАНЫҢ зейнетке шыққанына екі жыл болған, бірақ ол дәрігерлердің жетіспеуінен ауруханада терапевт міндетін де қоса атқаруда.

- Мен аудан әкімдігіне және денсаулық сақтау басқармасына біздің аурухананың толған проблемаларын шешіп беру өтінішімен бірнеше рет хат жаздым. Кейде біз тіпті лас суды соратын вакуум таппай қиналамыз, - дейді Р. Жиеналиева. - «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамту мәселесі шешіледі деп үміттеніп отырмыз. Ал, жылыту қазандығын мердігер жөндейді. Салқындықтан ғимараттың бірінші қабаты көгере бастады. Дәрігерлер жетіспейді, мамандарға жағдай жасаса, олар мұнда келеді деп ойлаймын. Мәселен, менің өзім Мақаттан қатынап жұмыс жасаймын, оңай емес, әрине.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.