Атырау, 20 мамыр 15:26
 ашықВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Ауылға Айқын келді

2 590 просмотра

30 қазанда Махамбет ауданы Төленов атындағы мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушыларына белгілі эстрадалық әнші Айқын келді.

Әншінің ауылға сапары өткен аптада басталған «Зияткер Ұрпақ» акциясы аясында өтті. Бұл акцияның мәні - өмірдің түрлі салаларында – оқуда, жұмыста, спортта, өнерде жетістікке жеткен белгілі адамдар ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, тәжірибелерімен бөліседі. Оқыту курсының тақырыбы мен ұзақтығын жобаға қатысушының өзі белгілейді, өңірді өзі таңдайды.

Осы бағдарламаның аясында «Қазақстан-2050» қозғалысының ұйымдастырушылары халық мұғалімдерінің еріктілер қозғалысын құрғысы келеді. ҰБТ қорытындысына үңілсек, ауыл балалары қала балаларынан нашар оқиды. 2013 жылы ауыл мектептері түлектерінің орташа нәтижесі қалалықтардан 8,7 балл төмен болса, 2014 жылы бұл айырмашылық 9,3-ті құрады. Басты себеп – білікті оқытушылардың жетіспеуі. Ауылдық жерлерде ел халқының 45%-ы өмір сүретінін де ұмытпаған жөн.

Махамбет мектебінің оқушылары Айқынға көп сұрақ қойды: ол мектепте оқығанды жақсы көрді ме, әншілік карьерасын қалай бастады, сахнаға шыққанда қобалжи ма? Айқын техникалық ЖОО бітіргенін, оқып жүрген кезінде ақша табу үшін көлік жуғанын айтты. Ән айтуды қыздардың назарын аудару үшін бастапты. Алғашқы аппаратурасын банктен 500 доллар несие ресімдеп, соған сатып алыпты. Ол кезде бұл - үлкен ақша. Айқынның айтуынша, ол мектепті қашан да ыстық ықыласпен еске алады екен. Қызықты, есте қаларлық оқиғалар көп болған. Мысалы, 5-сыныпта ол бір қызға өзі жинаған ақшасына сыйлық сатып алыпты. Әтір деп алған заты ауа жаңартқыш болып шығыпты.

- Ол ақкөңіл, қарапайым жігіт екен, ол өз арманына қол жеткізе алды, яғни, біз де ойлағандарымызды орындай аламыз, - дейді сеніммен балалар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.