Атырау, 26 сәуір 13:11
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Нәзік бүлдіршіндер

2 879 просмотра

"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.Психологтар мектептегі «алты жасарлар» сыныбын құп көрмейді

Бірінші оқу тоқсаны аяқталып қалды, ал алты жасар бірінші сынып оқушыларының алаңдаулы ата-аналарының психологиялық жастар орталығына баруы жиіледі. Әр жағдайдың анық-қанығына жеткен психологтар алты жастан бастап білім алу қазір жабығуға, тым мазасыздыққа және жалпы бала денсаулығының нашарлауына әкеп соқты деген пікірде.  

Отбасылық және балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы жөніндегі психолог, Астана қаласындағы «Возрождение» психологиялық орталығының директоры Альвина ЮСУПОВА «АЖ»-ға қазіргі бірінші сынып оқушыларының проблемалары жайында эксклюзивті сұхбат берді.

«ОЛ БӘРІБІР МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТА»

– Бұрын балалар бірінші сыныпқа жеті жаста баратын, енді алты жастан баратын болды. Бар болғаны бір жылдың осындай маңызды рөл ойнайтын болғаны ма?

– Біздің балалармен жұмыс істейтін орталықтың бүкіл психологтары бірдей тұжырымға келіп отыр: алты жасар бірінші сынып оқушысы өзінің психикалық даму деңгейі бойынша мектепке дейінгі бүлдіршін болып қалады. Әр жастың өз ерекшелігі бар. Алты жасарлардың көпшілігі өзін-өзі асыра бағалаудан жапа шегеді, оларға педагогикалық бағаның критерийлерін түсіну қиын. Олар күнделікке қойылған «екілікті» жасаған жұмысының бағасы емес, өз жеке басының бағасы деп есептейді. Яғни, мұғалім «сен дұрыс жасамадың» десе, бала оны «сен - нашарсың» деп түсінеді. Бұл оның оқуға ықыласын тудырмайды, керісінше, оны селқос, сенімсіз етеді, толыққандылық емес сезім дамиды.

6 жасар балаға тән ойлау ерекшелігі 7 жасар баладан ерекшеленеді. Біріншісінде еріксіз жады басым болады, яғни, ең бірінші - еске сақталуы қажет нәрсе емес, қызықты нәрсе есте сақталып қалады. Зейіннің ерекшелігі сонда, бала 10-15 минуттан аспайтын уақытта белгілі бір іспен нәтижелі айналысуға қабілетті... Содан соң оның қызығушылығы жоғалады, оның зейіні сейіледі де, ол өз жұмысына мұғалімнің соған сай бағасын алады.

«ОҚУДЫ БАЛАБАҚШАДА БАСТАҒАН ЖӨН»

– Жақында балабақшаларда дайындық топтары жойылды, бес жасар балалар нөлдік сыныптарға барды. Бәлкім, бұл мектепте алдағы жұмыс жүктемесіне әзірленуге көмектесетін шығар?

– Біріншіден, балабақшаның жағдайы бала үшін үйреншікті, ол сол жердегі мектепке анағұрлым жақсы даярланып барар еді. Біз 6 жастағы балалар дамуын жан-жақты зерттеп, мектептің бірінші сыныбымен салыстырғанда, балабақшаның дайындық топтарында оқыған кезде өздерін сабырлырақ және сенімдірек сезінетіндігін анықтадық. Басты себеп – балабақшадағы тіршілік ырғағы, балалардың тәрбиешімен және өзара қарым-қатынас жасау стилі мектепке дейінгі сәби психикасының даму деңгейіне көбірек сай келеді. Балабақшадағы дайындық тобында бала сол білімді алып шығады, бірақ анағұрлым жеңіл режимде: сабақ ұзақтығы аз болады, үзілістерде – ойындар ойнап, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды, серуенге шығады. Күндіз міндетті түрде ұйықтайды, үй тапсырмасы болмайды, оқу материалының көлемі шағын болады... Алайда 7 жастан бастап оқитын бастапқы сыныптардағы балалар 3 жыл ішінде игеруі тиіс бүкіл білім мен дағдылар 4 жылдық бастауыш мектепте 6 жастан бастап оқитын балалардікімен бірдей.

КҮННІҢ ТҮСІ САРЫ БОЛУЫ ТИІС, БІТТІ

– Мектептегі мұғалім мен балабақшадағы тәрбиешіні бала әрқалай қабылдай ма?

– Әрине. Мұғалімде анағұрлым өктем қарым-қатынас стилі болады. Ал бұл қажетсіз ғана емес, жол беруге болмайтын жағдай.

…Мәселен, өмірден алынған бір жағдайды айтайын. Баланы сары түсті күннің емес, жасыл түсті күннің суретін салғаны үшін жазалаған. Кішкентай «суретшінің» пікірінше, қызыл сәулесі бар жасыл күн әдемі екен. Бірақ мұғалім тапсырманың орындалуын талап етіп, баға қоюы тиіс. Ереже осындай, дұрыс па? Мектеп ережесін түсінудің орнына сәбиде таң қалу, реніш, ең қорқыныштысы – келесіде қателесуден қорқу сезімі пайда болады. Психологтар мен педагогтар мектепте 6 жастан бастап оқытуды «қолдайтын» және «қарсы болатын» көптеген дәлелдер келтіреді. Кезінде кеңес психологы, балалар мен педагогикалық психологияның өзіндік бағытының авторы Даниил ЭЛЬКОНИН қарсы болған еді. Ол мектепке дейінгі балалық шақты бір жылға қысқарту балалар дамуының қалыптасқан процесін бұзуы мүмкін екенін жазды. Ол 6 жастан бастап балаларды мектепте оқытуды ұйымдастырудың орнына балабақшаларда балаларды мектепке дайындау қолайлырақ болатын дайындық топтарының жүйесін кеңейткен мақсаттырақ болар еді деп есептейді. Балабақша бүлдіршіндері анағұрлым толық, анағұрлым алуан түрлі өмір сүреді. Өздерінің оқушы құрдастарына қарағанда, анағұрлым жарқын, дені сау көрінеді.

Баланың пәктігі мен қозғалысқа құштарлығын ешкім де өзгертіп көрген емес. Әрине, 6 жаста бала біраз уақыт өзінің мінез-құлқына иелік етіп, алдына қойған мақсатына саналы түрде қол жеткізе алады. Бірақ ол күтпеген, жаңа, тартымды нәрсеге көңілі ауып, өз ойынан оп-аңай алаңдап кетеді. Оның үстіне, 6 жасар балада белсенділік, шығармашылық бастама қатаң талаптар мен тәртіппен реттелген қарым-қатынас жағдайында байқалмауы мүмкін.

«АЖ»АНЫҚТАМАСЫ                               Мектепке бейімделмеу – баланың мектепте оқуға қабілетсіз болып шығуы. Мұнда оқуға деген қабілеттің төмендеуі, сонымен қатар баланың педагогтармен және сыныптастарымен өзара сәйкес емес қарым-қатынасы байқалады. Бірінші сынып оқушыларында бейімделмеу анағұрлым жиі байқалады. Алайда ол жоғары сынып оқушыларында да дамуы мүмкін.

– Бақшада да, мектепте де балаларды жүріп-тұру ережесіне бағына білуді үйретеді. Ендеше ерекшелік неде?

 

– Жасырмаймын, мектепте 6 жасар балада балабақшаға қарағанда жүріп-тұру ережесіне бағына білу тезірек қалыптасады. Бірақ мұнда баланың күйі қандай болады? Иә, ол ережеге бағынады, бірақ сол мезет оны бұзбау керек деген үрей пайда болады. Балаларда мазасыздық күшейеді, эмоционалдық қолайлылық деңгейі төмендейді. Сонымен қатар мұндай қарым-қатынас стилі 7 жастағы бірінші сынып оқушыларының көпшілігіне мұндай әсер бермейді. Бар болғаны бір жас айырмашылыққа қарамастан, жеті жасар бүлдіршіндер анағұрлым ересек болады.

Оның үстіне, мектептерге жүргізген кешенді зерттеулер көрсеткендей, егер бала 6 жаста қалыптасқан мектепте оқу жүйесіне іліккен болса, қолайсыз жағдайда оның денсаулығы жиі сыр береді: салмағы азайып, қандағы гемоглобин мөлшері төмендеуі мүмкін: көздің жітілігі төмендеп, бас ауруы пайда болады. Жалпы өзін сезінуі нашарлауына байланысты бала жиі ауыра бастайды, онсыз да төмен жұмыс қабілеті төмендейді, бұл оның оқуына теріс әсерін тигізеді. Жекелеген жағдайда жүйкесі тозып, мектепке көндіге алмайды.

ҮЙ ТАПСЫРМАСЫ КЕРЕК ПЕ?

Жақында сұхбаттардың бірінде адвокат, Қазақстан заңгерлер лигасының басқарушы серіктесі Жангелді СҮЛЕЙМАНОВ үй тапсырмасының мүлдем заңсыз екенін мәлімдеді. Дәлел ретінде оқушылар үшін оқу сағаттарының жоғарғы көлемі жазылған 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 үкімет қаулысын мысалға келтірді. Апталық оқу жұмысының жоғарғы көлемі факультативтік, жеке және үйірме сабақтарын қосқанда 1-сыныпта – 24 сағаттан, 2-сыныпта 25 сағаттан, 3-ші және 4-ші сыныпта 29 сағаттан, 5-сыныпта 32 сағаттан, 6-сағатта 33 сағаттан, 7-сыныпта 34 сағаттан, 8-сыныпта 36 сағаттан, 9-сыныпта 38 сағаттан, 10-шы және 11-сыныпта 39 сағаттан аспауы тиіс. Сүлеймановтың пікірінше, мұндай жағдайда үй тапсырмасын орындау оқу жүктемесін көп көлемде әжептәуір арттырады екен.

– Өте дұрыс, -деп келіседі адвокатпен психолог Юсупова. - Өйткені бейімделуден бөлек балаға физикалық және психологиялық жүк түседі. Кейбірінде сылбырлық, жылауықтық пайда болады, ұйқысы мен тәбеті бұзылса, кейбірі ашушаң, күйгелек мінез пайда болады. Олардың бәрі мектепте де, үйге келгенде үй тапсырмасын орындап та қажиды. Ал қажу мінез-құлықтың бұзылуына, қыңырлыққа әкеледі.

Оқу жағымды болған жағдайда психологиялық қобалжушылық әдетте 1,5-2 айдан кейін азая бастайды. Анағұрлым қатаң жағдайда ол сақталып, баланың психологиялық және физикалық ахуалына ауыр салдар боп соғуы мүмкін.

Анастасия ПАСТУХОВА

31 қазан 2014, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.