Атырау, 26 сәуір 12:17
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Полиция ұрылардың екі тобын ұстады

1 498 просмотра

№1 қалалық полиция бөлімінің (Балықшы) криминалдық полиция қызметкерлері ұйымдасқан ұрылардың екі тобын құрықтады.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, құрамына 30, 23 және 19 жастағы үш ер адам кірген бір топ элиталық үйлердің кіре берісінде тұрған қымбат велосипедтерді ұрлауға машықтанған. Топ басшысы бұрын автомобиль қосалқы бөлшектерін ұрлағаны үшін бостандығы шектелген Құрсай қаласының 23 жастағы тұрғыны екен. Ұстау кезінде бас ұры полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, соның негізінде ҚР ӘҚБтК-нің 355-бабы («Ішкі істер органы қызметкерінің заңды өкіміне қасақана бағынбау») бойынша хаттама толтырылды. Оның сыбайластары да қолға түсті, олар осы жылдың маусым-шілде айларында тоғыз велосипед ұрлағандарын мойындады. Қаскөйлер барлық ұрлаған заттарын сатып жіберген. Қазіргі уақытта ұрланған затты сатып алушылардан алты велосипед қайтарылды.

Екінші топ пәтер тонаумен айналысқан. Бұл топқа Исатай ауданы Аққыстау ауылында тұратын 19 жастағы жұмыссыз, қала колледждерінің бірінде оқитын 17 жастағы жасөспірім және 14 жастағы оқушы бала кірген. Олар пәтерлер мен коттедждерге үй иелері ұйықтап жатқан кезде, таң алдында терезе арқылы кіріп, қолға ілінген уақ-түйек заттар – ұялы телефондар, сағаттар, фотоаппараттарды ұрлаған. Олардың еншісінде 10 қылмыстық оқиға бар. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатыстығы туралы тексеріліп жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.