Атырау, 20 мамыр 06:16
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Текетірес

3 453 просмотра

Жылыой ауданындағы «Жаңа таң» ЖШС‑і мен үлескерлер арасындағы текетіреске нүкте қойылар емес. Серіктестіктің кейбір мүшелері алынған үлестеріне риза еместігін білдіріп, облыстық прокуратура, «Нұр Отан» партиясы және облыстық газеттерге шағым түсірген болатын.

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕНДЕР

Біз арызданушы адамдардың уәжін айтпастан бұрын «Жаңа таң» ЖШС‑нің «өткен өміріне» қысқаша шолу жасалық. 1993 жылы елімізде жаппай жекешелендіру орын алғанда дүрілдеп тұрған «Коммунизм таңы» кеңшарының (қазіргі «Жаңа таң» ЖШС - Л. Қ.) басына зобалаң туған‑ды. Сол жылы «жығылғанға жұдырық» дегендей, қыс қатты болып, кеңшардың он төрт мың қойы қынадай қырылады. Жекешелендіру желеуімен жер мен мал, басқа да мүліктер пай есебінде жұмыс жасағандарға бөлініп берілгенімен, кеңшар мүшелері село орталығы‑Ақкиізтоғайда үлкен жиын өткізіп, ақылдаса келе шаруашылықты ыдыратпай серіктестік құруға шешім қабылдайды. Сөйтіп  «Жаңа таң» ЖШС директоры болып Ысқақ ШАҚПАҚ баламалы негізде сайланады. Үкіметтің назарынан тыс қалғаннан кейін шаруашылықтарға жұмыс жасау оңайға соқпай, ЖШС «Теңізмұнайгаз» АҚ қолтығына мал, мүлкімен қосалқы шаруашылық есебінде кірген еді. Сөйтіп «Жаңа таң» ЖШС‑І деген аты жойылып, мемлекеттік мүлік жөніндегі Атырау аймақтық комитетінің шешімімен барлық мүлкімен «Теңізмұнайгаз» АҚ‑ның еншілес кәсіпорны болып қалады. Мұнайшылардың арқасында шаруашылық құрып кетуден сақталып, еңсесін көтере бастайды. 1994-1997 жылдар аралығында мұнайшылар мал, техника сатып алып, қыстақтар салып шаруашылықты дүрілдете бастайды. Бірақ кейбір жұмысшылар мен зейнеткерлер үлестерін алу үшін АҚ басшылығына қайта‑қайта арызданумен болады, бұған сол кездегі облыс әкімі Р. Шырдабаевқа «Теңізмұнайгаз» АҚ-ның сол кездегі бас директоры С. Сағытжановтың жазған хаты куә. Бір жағынан мұнайшылар 1997 жылы еншілес кәсіпорындардан  құтылудың көзін іздеп, «Жаңа таң» АҚ (бұлардан бөлек он еншілес кәсіпорын бөлек отауларын тігеді Л. Қ.) өз алдына бөлек шығарылады, бірақ мемлекет қарамағында қалған еді. Алайда 1999 жылы “Теңізмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» АҚ бірігіп, серіктестік мұнайшылардың құрамына қайта кіреді. Енді арызданушылар талабына көшейік.    

ШАТАҚ НЕДЕН ШЫҚТЫ?

‑Бізге о баста Кеңес үкіметі кезіндегідей пәленбай мың қойды етке өкізбейміз, оны өз төлі есебінен өсіріп, кейін түскен пайдаға орай дивиденд алып тұрасыңдар деді. Онан бері он алты жыл өтті, көк тиын пайда көрмедік. Ал серіктестік басшысы ештеңені басын ашып айтпады, бәрі құпия болды. Жиналыстар жасырын өтті. Шындығында біз үлесімізді баяғыда алуымыз керек еді, оны уақытында білмеппіз. Онан да үлесімізді алып, өз күнімізді көрейік деп ойладық та серіктестіктен өткен жылы шығып кеттік,‑дейді Оңдаған МУСИЕВ, Қайыр ТӘЖИЕВ.

2010 жылы 450‑ден астам адам үлесін алған. Бірақ шатақ мұнымен бітпей отыр, кейбір арызданушылардың мәлімдеуінше 16 жылғы өсімді,  мұнайшылардың есебінде кеткен 51 пайыз акцияны және серіктестіктегі 49 пайыз үлестің бөліктерін алуды мақсат тұтып, сотқа дейін арызданады.

‑Қанша айттық, бірақ азғантай адам бізді түсінгісі келмейді. Үш жыл бойы «асыраған» мұнайшылар акция есептемей, шаруашылықтың 51 пайыз үлесін өздеріне қалдырып, қалғанын бізге берді. Мұнайшылар акцияны есептемегендіктен  сол кезде де арыздар көп болды, сосын олар акция беруден бас тартты. Әйтпесе қазір «Қазмұнайгаз» АҚ акциясын алар ма еді. Сонымен (1999 жылы Л. Қ.) біз автоматты түрде «Ембімұнайгаз» АҚ‑ның құрамына 51 пайызбен кірдік. 2004 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ өз иелігіндегі 51 пайыз үлесті сатуға аукционға шығарғанымен оны үйлестіре алмады, айналып келгенде шаруашылықтың 51 пайыз мүлкі мемлекеттің қарамағына көшті. Оны сатып алатындай бізде қаражат болмады, бар мүлікті сатсақ серіктестік де құритын болды. Амал жоқ, шаруашылықты сақтап қалу мақсатымен 51 пайызды аукционға шығармай, екі жылға сатылап сатып алу мақсатымен сенімді басқаруға берулерін сұрап, Мәжіліс депутаттарына, акционерлік қоғам басшыларына хат жаздық. Сөйтіп мемлекет қарамағындағы 51 пайызды екі жылға сенімді басқаруға алдық,‑дейді «Жаңа таң» ЖШС директоры Ы. Шақпақ.  

2006 жылы сенімді басқару мерзімі бітіп, серіктестік тағы да абдырап қалады. Сатып алу қаражаты болмағандықтан сол жылдың тамызында кезектен тыс жиналыс жасап, 51 пайыз үлесті кепілдікке қойып, қаражат көзін табуды мақсат тұтып, инвесторды іздей бастайды. Табылған инвестор серіктестіктің құрылтайшысы болып қала беруі де мүмкін еді. Сонымен «Теңізмұнаймашсервис» ЖШС‑мен келісім шартқа отырып, одан қаржылық көмек алады. Шаруашылықтың мемлекет қарамағындағы 51 пайыз үлесін «Жаңа таңның» құрылтайшысы «Теңізмұнаймашсервис» ЖШС (қазір «Абсолют сервис» ЖШС болып өзгертілді. Л. Қ.) сатып алады. Күні бүгінде де соның иелігінде. Арызданушы тараптардың 51 пайыз акция деп  дәмеленуі сондықтан.

‑Шындығында акция мен үлесті шатастырғандар түсінгісі келмей отыр. Арызданушылар мұнайшылар кезінде есептейміз деген акцияны даулап отыр, бірақ олай болмай шықты ғой, оны жоғарда түсінікті етіп айттым. Тоқ етері шаруашылықтың жарғылық қорының бір бөлегіне (51 пайызы 77 млн. теңгеге бағаланған)  «Абслют сервис» ие. Бізде қалғаны 49 пайыз үлес қана. Серіктестіктен шығам дегендерге сол үлестен тиесілерін ақшалай, малдай бөліп бердік,‑дейді Ы. Шақпақ.

Біздің қолымызға шағымданушы О. Мусиевтің арыздануына орай  аудандық соттың үйғарымы келіп түсті. Аудандық соттың үйғарымында Мусиевтің ақшалай үлесі берілгенімен, басқа да талаптары өзара бітімгершіліктің арқасында азаматтық іс қысқартылған және екінші рет сотқа жүгінбейтіні атап көрсетілген.

ЖҮЙКЕ ЖҰҚАРТҚАН ЖЕР ДАУЫ

Бір ғажабы, арызданушылар (О. Мусиев, Қ. Тәжиев) округ әкімдігіне келуімізді өтінді. Біз «Жаңа таң» ЖШС‑де директор Шақпақтың алдында түсінісіп алуға шақырғанбыз. Бірақ неге екені белгісіз одан бас тартты.

‑Біздің үлесімізді бопсалап, ақшалай берем деді, одан кейін малдай аласыңдар деді. Малды үлеске бергенде өзіндік құнымен емес, базардың бәсімен берді. Сөйтіп біз ұтылып қалдық,‑дейді Мусиев, Тәжиев.

Шындығында малдың сату құнын белгілегенде қосымша бес адамның қолы қойылған құжат сақталған, онда Мусиевтің де қолы бар. Заңгер Ханағат МАШТАХОВТАН сұрағанымызда бағаның базар бәсімен бағалануы заңға сәйкес деді.

 Село тұрғыны Бөлек Еламан совхозда бірнеше жыл жұмыс жасап, 1992 жылы шығып кеткенін, соның салдарынан үлестен құр қалғанын айтса, ал Айтбай Айтпасов серіктестіктен шыққандар үш мың қойға ие болғанымен жер жоқтықтан бірі сойып, енді екіншісі сатып құртып алғанын әңгімеледі. Ал тағы бір тұрғын аты‑жөнін айтпастан «арызға сендер құлақ салмайсыңдар, барлық құқық қорғау органдары параға сатылып кеткен, халықтың мүддесін қорғап отырған жоқсыңдар» деп өзімізге тиісті. Дәлелдеп беруді сұрағанда жарытып ештеңе айтпады, қайта өзімізді қаралаумен болды. Және жер жоқтықтан шаруа қожалығын құра алмай отырғанын жеткізді. Жер бөлуде серіктестікте заңсыздық орын алған, тамыр‑таныстық жайлаған дейді айыптаушылар. Тіпті топырақ, шебень карьерлері де серіктестіктің қарамағында, оған жеке адамдарды жолатпағанмен Шақпақ жол салушылар мен кәсіпкерлерге беруде, бұдан серіктестік, жоқ директор пайда көріп отыр ма дейді.  

«Жаңа таң» ЖШС‑нен 15 мың гектар жер қайтарылып алынған, ал     Ақкиізтоғай округінде он мың гектардан астам жер бар. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Дағыстан НАУРЫЗБАЕВТЫҢ еңбек демалысында болғанына қарамастан ұялы телефонына шыққанбыз, тұтқаны көтермеді. Аудандық әкімдік серіктестіктің артық жерлері қайтарылып алынатынын жеткізді.  

‑Округ бойынша тоғыз ШҚ бар. Жер жоқ деп байбалам салып отырғандардың мақсаттарын түсінбедім. Шаруа қожалығын құрам дегендерді қуана қарсы аламыз. Егін салушылар болса онда серіктестіктен жайлы жер алып береміз, бірақ басы бүтін емес. Негізі жер мемлекеттікі, жалға ғана беріледі, «Жаңа таң» ЖШС де жерін уақытша жалға алуда. Жер жоқтықтан малымыздан құтылуды көздедік дегендерді түсінбедім,‑дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұртас ҚУАТБАЕВ.

ДАУ ОСЫМЕН БІТЕ МЕ?

Сонымен арызданушылар тапталған құқығын қорғауды қайта‑қайта өтінді. Бір ғажабы, төрт жүзге жуық адамның атынан жазылған арыздың соңында үш‑төрт адамның қолы ғана тұрды. Біз Ақтоғайға бармастан бұрын арыз беруші Мусиевке алдын ала хабарласқанымызбен, үлескерлердің төрт‑бесеуінен басқасын көре алмадық, сонда басқасы қайда? «Жаңа таң» ЖШС‑гі жағдайды баяндаған облыстық «Атырау» газетінде бірнеше мақала жарияланды. Бірақ ол мақалаларды саралап, сараптап баға беру «АЖ» тілшісінің міндетіне жатпайтынын арызданушыларға ашық жеткіздік те. Бір ғажабы, арызданушылар шаруашылықтың қазіргі жұмысын да жоққа шығарып, малдың қырылып қалғанын тілге тиек етумен болды. 2009-2010 жылдың қысында шопанның жауапсыздығынан 1 мыңға жуық қой қырылып қалғанын басшылық жасырып отырған жоқ. Шопанның жауапсыздығынан күлдей шығынға батса да сотқа бермеген. Өткен жылдың өзінде үлескерлер малын алғанда шаруашылықта 9 мың қой қалған еді. Бірақ өз төлі есебінен өсіру арқылы серіктестікте 15 мың қой, 500 жылқы, 500 түйе 28 нүктеде (қыстақта) бағылуда. Шұбат өнімін өндіріп, шөп шабуды жалғастыруда. Және шөп түсіріп беру, қайтыс болған адамдарға мал беру, күнкөрісі төмен адамдарға көмектесу жүзеге асырылуда, әрине келісімді бағаға. Бүгінде серіктестікте 150­‑ге жуық адам жұмыс жасайды.

Газет қоғамдық пікір туғызушы ғана, тексеріс құзырына жатпайды. Дегенмен журналистік зерттеу барысында біз құзырлы мекемелермен байланыс жасауға тырыстық та.

Он алты жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға осы мақала негізінде нүкте қойылса қанекей дейсің...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Жылыой ауданы      

7 шілде 2011, 20:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.