Атырау, 18 мамыр 13:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Оралдық сарафан

3 501 просмотра

- Бүгінде біз сәнге еліктеп, киімімізді маусым сайын ауыстырып отырамыз. Ал, бұрын киімді ғасырлар бойы кию үшін тіккен, сатып алған, - деді маған орал казактары әйелдерінің екі сарафаны тұрған экспозицияны көрсеткен облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурcия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА.

Сарафандардың бірін музейге 1968 жылы Павел Григорьевич Кутузов тапсырған. Ол ақшыл сары атлас пен жібектен дайындалып, алтын тігіспен зерленіп, әшекейленген. Сарафанның ұзындығы - 140 см, мықын көлемі – 160 см.

- Павел Григорьевич музей қызметкерлеріне сол кезде айтқандай, бұл киім оның жұбайы Мария Михайловнаға тиесілі болған, ал, әйелі оны 1920 жылы, үйлену тойы күні енесі Анна Фадеевна Кутузовадан сыйға алған. Экспонатты зерттеген комиссия бұл сарафанның XIX ғасырдағы оралдық казак әйелінің сарафаны екенін растады.

Келушілердің назарына ұсынылған оралдық казак әйелінің екінші сарафаны Сарайшық ауылының 1923 жылы туған тұрғыны, агроном Ирина Николаевна Зрячкинаға анасынан мұраға қалған екен. Ирина Николаевна қайтқаннан кейін оны сандықтан келіні Надежда Константиновна Зрячкина тауып алған және 2006 жылы музейге табыс еткен. Комиссияның қорытындысы бойынша бұл киім де XIX ғасыр жәдігеріне жатқызылды. Сарафан атлас пен жібектен тігілген, алтын өрнекті тігіспен және он төрт тау хрусталінен жасалған ілгекпен әшекейленген.

- Сарафан оралдық казак әйелдерінің классикалық киім үлгісі болды. Оның құрамына жейде, сарафанның өзі және астары кірді, - дейді О. Әлжанова. – Жейде, негізінен, екі бөліктен – «жеңнен» және денені қысып тұратын «кеудешеден» тұрады. Мұндай жейденің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі – бұл иық жағына тігістерді жауып тұратын күміс немесе алтынмен зерленген арқалық салу. Оралдық әйелдер жейдесінің тағы бір ерекшелігі - кең, молынан тігілген жеңдері: «жең деп осыны айт, бір қап ұн салуға болады» деп айтатын. Жейденің жеңдері кеудешеге қарағанда сарафаннан шығып тұратын болғандықтан, оны атлас, жібек сияқты қымбат маталардан тігетін. Ал, кеудеше қарапайым шыт, сиса матадан дайындалатын.

Сарафан көйлек ретінде жейденің үстінен киілді. Ол казак әйелдерінің кеудесін мойыннан бастап жауып, етегі тобыққа дейін жететін. Мұны да жең сияқты қымбат маталардан тігіп, зер салатын. Сарафан ашылмайтын, тұтас болып тігілді.

Әрине, сол кезде мұндай киім өте қымбат тұрды, сондықтан да оны тек үлкен мерекелерде ғана киетін. Осы экспонаттан көргеніміздей, оны мұқият сақтап, мұраға қалдырып отырған. Оралдық казак әйелдерінің дәстүрлі киімі XIX ғасырдың ортасына дейін пайдаланылды, ал, содан кейін оны фабрикалық арзан киімдер біртіндеп тықсыра берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор    

3 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.