Атырау, 18 мамыр 17:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Күй қағанының құдіреті

5 635 просмотра

Жақында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның Халық әртісі,«Парасат» орденінің иегері, профессор, шебер домбырашы әрі педагог Рыспай Ғабдиевтің өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай еске алу концерті өтті.

Концертке домбырашының балалары мен немерелері, Ғабдиев атындағы Индер аудандық оркестрі мен Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледж студенттерінің біріккен оркестрі қатысты.

Оркестр орындауындағы қазақтың күйлері бірде делебеңді қоздырып, екпіндетіп шапса, бірде балбыраған сезімге итермеледі. Бойыңды иіткен домбыра шанағынан шыққан әр үн құлақтың құрышын қандырды.

 

«СЕН МУЗЫКАНТ БОЛУЫҢ КЕРЕК»

Біз атақты домбырашының үлкен қызы Ақмарал Ғабдиевамен кездестік, ол әкесі туралы көп естеліктерін жеткізді.

- Әкем өте балажан кісі еді, бізге бір жекіп, ұрысқанын көрмеппіз. Үнемі кешірімді, тәртіпті болуға шақырып отыратын, әр мереке сайын біздерді қуантуға тырысатын. Әкеміздің мейірімділігін оркестр мүшелері де есінен шығармайды, оны әкелеріндей сыйлайды, - дейді Ақмарал.

Ол әкесінің көзі тірісінде балаларына айтқан әңгімелерімен де бөлісті. Кішкентайында жоғарыда ілулі тұрған домбыраны алам деп, жиналып тұрған көрпелерге өрмелеген сәби Рыспайды көргендер «мына баланы музыканың оқуына беретін ғой» дейтін көрінеді. Бірақ әке-шешесі оған қарсылық танытқан екен, олар музыканттар, әртістер адамның жеңілі деп есептеген. Ата-анасын қатты сый тұтқан бала Рыспай олардың сөзіне құлақ асады. Бірақ радиодан естілген музыканы, домбыра даусын құлағы шалып қалса, елітіп, ұйып тыңдай қалады екен. Кейін домбырашы ағасы Ғалымжанды тыңдауға келген қонақтардың арасынан бөлініп шығып, есіктің алдында қамшының сабын домбыра қылып ұстап, ағасының қимылдарын қайталап тұратынды шығарған.

Сол қонақтар кеткесін Рыспай домбыраны қолына алды. Шертіп қарады, бұрауы түспей тұрғанын сезді. Құлақтарын бұрады... тағы да шертіп қараған. Құлағына жағымды, жайлы үн келді. Бұл оның домбыраны қолына алғаш ұстағаны еді. Рыспай Ғабдиевтің өнерге деген сара жолы осылай басталды.

... 1954 жылы Алматы қаласында республикалық конкурс болады. Сол конкурста 17 жастағы Рыспай домбыра тартушылардың арасынан 1-орын алады. Бұл кезде қазылар алқасындаатақты күйші композитор, дирижер Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ пен танымал әнші, актер, режиссер Құрманбек ЖАНДАРБЕКОВ отырған. Құрманғазының «Төремұраты» мен «Байжұмасын» орындаған Рыспайдың жанына келіп, қолтығынан демеп, бетінен сүйген олар оның өнеріне тәнті болған.

- Нешінші оқисың? Оқу бітірген соң қайда барасың? – деген сұрақтарын жаудырады.

Рыспай болашақта мұғалім болғысы келетінін, музыкант болуға ата-анасы рұқсат етпейтінін айтқан кезде Нұрғиса:

- Жоқ, сен музыкант болуың керек. Сенің орындаушылық шеберлігің Динаның шеберлік дәстүріне қатты ұқсайды, домбыра ұстауың, қағысың – бәрі-бәрі. Музыкада да ұстаз болуға болады. Келесі жылы кел, сен Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсесің, -дейді.

 

ПЕДАГОГ РЫСПАЙ

Рыспай Чайковский атындағы республикалық саз училищесінің домбыра мамандығы бойынша білім алып жүріп, Құрманғазы консерваториясы жанынан құрылған студенттердің қазақ ұлт аспаптары оркестрінде ойнады. Осы оркестр құрамында ол 1957 жылы Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанады. Оқуын аяқтаған соң Рыспай өмір жолын ұстаздыққа арнап, көптеген оқу орындарында шәкірт баулыды. Қазақтың өнері мен дәстүрін дәріптеп, ұлттық аспаптары туралы олардың білімдерін шыңдады, жас ұрпақты музыканы құрметтей білуге үйретті.

Рыспайдың ұйымдастыру-шылық қасиеті оның дирижерлік қызметінде жақсы көрінді. Атақты дирижер, КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиевтен сабақ алған Рыспай құрған Мақат аудандық оркестріБолгарияда өткен халықаралық оркестрлер сайысында алтын жүлдеге ие болды. Оркестр құрамын Рыспай Мақаттың ауылдарынан іздеп тапты. Олардың арасында жұмысшы, мұнайшы, оқушы, мұғалім, жүргізуші, малшы да бар еді. Әрқайсысына нотадан бастап күй тартуды үйреткен Рыспай кейін әрқайсысына аспап бөліп беріп, оркестр құрды. Олар Еуропа аспанын қазақтың күйіне бөледі.

Ал, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрін Рыспай Ғабдиев Алматыдағы консерватория бітірген мамандардан құрды. Оларды өзі алып келіп, барлығының жағдайын жасап, баспаналы болуларына да көмектесті. Таза кәсіби музыканттардан құрылған оркестр республикадағы 3 академиялық оркестрдің бірі болатын. Келесі жылы құрылғанына 20 жыл толатын аталған оркестр қазірдің өзінде әлемнің көптеген елінде өнер көрсетіп, таланты мен ерекшелігін мойындатып үлгерді. Биылдың өзінде Германия, Австрия және Түркия мемлекеттерінде концерт беріп, тыңдарманды тәнті етті.

Рыспай аға, сонымен қатар, «Балалар оркестрімен жұмыс», «Домбырадан сабақ беру тәсілі» кітаптардың авторы ретінде танымал. Ал, оның орындауындағы күйлер жазылған бірнеше күйтабақ Қазақ телевидениесінің алтын қорында сақтаулы. Құрманғазы мен Динаның, Дәулеткерей мен Абылдың, Қазанғап пен Есбайдың, Дәулеткерей мен Сейтектің күйлерін орындаудағы оның шеберлігі халық есінде мәңгі сақталады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.