Атырау, 26 сәуір 09:35
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Шегірткеден қорыққан егін екпейді»

2 448 просмотра

Индер ауданы Аққала ауылының тұрғыны, «Владимир» шаруа қожалығының басшысы Александр КОГАЙДЫҢ (суретте) егіншілікпен айналысқанына бес жыл болған. Бұл салада талай қиындықтарға тап болса да, ол салын суға кетірген емес.

Көктем басталысымен ол жұбайы Қалығыз екеуі егістікке қарай асығады. 

- Өткен жыл біз үшін оңай болған жоқ. Қаптап келген шегіртке 8 гектар жерге егілген картопты аз-ақ күнде отап кетті. Ал арнайы құрылған комиссия мүшелері шегірткелер 2 гектар егін алқабын «жеп» қойғанын көріп, соған ғана акт жасаған болатын. Олар актіге «Қайта көктеп, бой алып кетеді» деп жазды. Бірақ картоп шықпай қалды, - дейді Когай.- Айналғанда біз әкімдіктен қарызға алған картоптың ақшасын қайтара алмай қалдық. Бірақ биыл, әрине, қайтаруға тырысамыз.

- Биыл егін егуге шықпайсыңдар ма сонда?

- «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді ғой. Екі жыл қатарынан шегірткенің шабуылына тап болсақ та, биыл егін егуді ұйғарып отырмыз. Бұл - біздің кәсібіміз.

Александр мен Қалығыз үй алдына тәжірибе жүзінде салған шағын жылыжайын көрсетті. Жылыжайды өзі қолдан жасаған, жылуы мен жарығын тартып алған. Қазір жылыжайда қияр мен аскөк пісіп келеді.

- Біз қазір қиярдың алғашқы өнімін сатып жатырмыз. Қияр ауыл адамдары тарапынан сұранысқа ие. Көбі алдын ала тапсырыс беріп қояды. Қыстай баптап күткеніміздің арқасында көкөністерден көл-көсір табыс таппасақ та, күн көруге жарайды, - дейді Қалығыз.

Олар 10 мыңға жуық түп қыза-нақ, баклажан, болгар бұрышы көшеттерін отырғызыпты.

- Егістік алқапты күзде жыртып тастағанбыз. Биыл біз егінді «Бағырлай» каналының бойына екпекпіз. 2 га жерге картоп, 4 га жерге көкөніс, 4 га жерге баубақша өнімдерін егуді жоспарлап отырмыз, - дейді Александр.

Егін жұмысына оған жұбайы мен баласы көмектеседі. Қосымша адам күші қажет, алайда оларды іздеп табу әзірге қиын болып тұр.

-  Егін басында адам күші жетіспейді, ал ауыл адамдарын жұмысқа шақырсақ, келгілері келмейді. Біз еңбегінің ақысын төлесек те, жұмыстан қашады, - деп қынжылады Александр.

Ләззат Қаражанова

10 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.