Атырау, 20 мамыр 22:48
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Біз әскери міндетімізді адал атқардық»

3 411 просмотра

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін көтеру туралы аз айтылған жоқ. Олардың кейбірі өздерін ҰОС ардагерлерімен теңестіру қажет деп санайды. Ал мен Ауған соғысының ардагері болсам да, бұлай айту дұрыс емес деп есептеймін.

Мен қалай өзімді ҰОС ардагерлерімен теңестіре аламын? Олар отанымызды жаудан қорғаса, біз бұйрықты орындап, жат елде соғыстық. Әскери міндетімізді адал атқарғанымыз үшін бізді құрметтеп, төбеге көтерсе, құба-құп. Ал бергісі келмей отырған «мәртебені» бермей-ақ қойсын. Бірақ, Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік жәрдемақысын көтерсе, орынды болар еді.

...15 ақпан күні біз жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс саябағына гүл шоғын қоюға барғанбыз. Сонда Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің құрметіне салына бастаған ескерткіштің құрылысы тоқтап тұрғанын көрдік. Салынып бітпеген ескерткішке қарап тұрып, шынымды айтсам, жүрегіміз ауырды. Оны салған күннің өзінде, саябақтың бір бұрышына қойылған ескерткіш маңына кім барады? Кейде біз ескерткішті соғыста қаза тапқандар үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін қажет деп жатамыз. Ал маған біздің ұрпақ осыны қажет деп санамайтын сияқты болып көрінеді.  

Одан да Ауған жерінде қаза болған жауынгерлер оқыған мектепке, олар тұрған көшелерге есімдерін беріп, артында қалған отбасыларын мемлекет қамқорлығына алып, үй-жұмыс жағдайын жасаса, монументтен кем болмас еді.

Спортшылардың Олимпиадаға дайындалуына қыруар ақша жұмсайды, ал өмірін қауіпке тіккен ардагерлерді қолдауға келгенде қаражат табылмайды.

Облыстағы 500-ге жуық Ауған соғысы ардагерінің бірде-бірі «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» медалін алған жоқ. Бірақ облысқа бөлінген 500-ге жуық медальді сол кездегі билікте отырған адамдар алған, олардың ішінде 25-30 жастағылар да бар. Жоқ, біз Ауған соғысы ардагерлері, адал атқарған әскери міндетіміз үшін медаль, мадақтау сұрап отырғанымыз жоқ. Тек Отанымыздың өзінің ұлдарын жиі ұмыта беретініне қынжыламыз.

Толыбай Шәкіров, Ауған соғысының ардагері, заңгер

27 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.