Атырау, 26 сәуір 14:17
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қашаған болмаса да, телегей теңіз мұнайы бар

Сурет
3 872 просмотра

Ермек МАРАБАЕВ
НКОК компаниясы Каспий теңізіндегі өндірістік алаңдарды кеңейтуге кіріспек - жақында Атырауда Қаламқас-теңіз кен орнын игеру жобасы бойынша қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау (ҚОӘБ) жұртшылыққа таныстырылды. Жоба таныстырылымынан кейін тыңдау әдеттегідей компания өкілдері мен ашулы табиғат қорғаушылар арасындағы шиеленіскен диалогқа көшті.

2077 ЖЫЛҒА ДЕЙІН АМАН БОЛАЙЫҚ

Алдымен НКОК-тың денсаулық сақтау, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі директоры Ермек МАРАБАЕВ өткен жылға қысқаша қорытынды жасап, игеру жоспарланып отырған Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындары туралы әңгімелеп берді:

- Біз 13 миллионнан астам тонна мұнай өндіріп, 3,6 млрд текше метр газ және 1 млн тоннадан астам күкірт экспорттадық. Атмосфераға тасталған шығарындылар 40% -ға азайды. Қаламқас-теңіз кен орны 2002 жылы ашылды, ол Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 120 км жерде және Хазар кен орнына өте жақын орналасқан. Қаламқас-теңіз бен Хазардан жалпы алынатын қорлар - 70 миллион тонна мұнайды құрайды. Бүгін біз осы екі кен орнының синергиясын ұсынамыз.

Қаламқас-теңіз кен орнын игеру жобасын оның авторы, «Каспиймұнайгаз» институтының өкілі Әлия СИСЕНБАЕВА таныстырды:

- Қаламқас-теңіз кен орнының құрылымы 90-жылдары сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша анықталды. 2002 жылы мұнда іздеу-барлау ұңғымасы көмірсутектердің бар екенін растады. Мұнайдың геологиялық қоры - 284,5 млн тонна, өндірілетін қорлар - 50,7 млн тонна.

Екі кен орнын игеру үшін бес нұсқа ұсынылды, бірақ ең тиімдісі -бұрғылаудың және қабаттық қысымды сақтаудың анағұрлым икемді жүйесін ұсынатын №4 нұсқа деп есептейді.

- Технологиялық көрсеткіштердің есептік кезеңі 51 жыл - 2027 жылғы наурыздан 2077 жылға дейін. 2030 жылға қарай ұңғымалар максималды қорға (35) жетеді. Техникалық-экономикалық есептеулерге сәйкес, 4-нұсқадағы тиімді кезең - 39 жыл, мұнайдың жинақталған өндіру көлемі - 43,6 млн тоннаға жетеді. Күнделікті өндірудің жобалық деңгейі 105 мың баррельді құрайды, оның 60 мың баррелі Қаламқас-теңіздің еншісінде, ал Хазарға 45 мың баррель тиесілі,- деді Сисенбаева.

Елена ПЕТУХОВА
Әрине, бәрі де экологиялық сараптама нәтижелерін жариялауды күткен болатын. «SED» ЖШС-нен Елена ПЕТУХОВА екі кен орнын игеру қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етпейтінін айтты:

- 2002 жылдан бастап Қаламқас-теңіз кен орнында мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талданатын ингредиенттер: атмосфералық ауа, теңіз суы, түбіндегі шөгінділер, бентос, фито-зоопланктон, өсімдіктер, ихтиофауна, орнитофауна, итбалықтар, ал жағалау бөлігінде - жер асты сулары, топырақ, өсімдіктер және жануарлар дүниесі. Атмосфералық ауадағы, теңіз суларындағы ластаушы заттардың концентрациясы бастапқы фондық кезеңде ШРК көрсеткіштерінен айтарлықтай төмен болды. Алдын ала ҚОӘБ жобасында қоршаған орта компоненттеріне әсерді азайту бойынша негізгі шаралар ұсынылған.

«ЖАБЫҚ ӨБК ТУРАЛЫ СҰРАҚ – ҮКІМЕТКЕ!»

Әрі қарай қоғам белсенділері сөз алды. Журналист Гүлжан ЕЛЕШЕВА апаттар кезінде компанияның қалай әрекет ететінін сұрады. НКОК-тің мұнай төгінділерін жою жөніндегі супервайзері Азамат ЗҰЛҚАРОВ қандай да болмасын оқиғаларға жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын сеніммен айтты.


- Бізде мұнай төгінділерін жоятын өте маңызды ресурстар бар, тиісінше, әр кеніште Қашағанда танылып үлгерген жүйе қабылданады.

Оны Марабаев толықтырды:

- Бүгінгі күні Қашағанда үш есе қорғаныс бар. Төтенше жағдайларға сәл күдік туындаған кезде, біз теңіздегі де, құрлықтағы да жабдықтарды тоқтатамыз. Жаңа жоба міндетті түрде дәл осындай мұқият қорғау жүйесін қарастырады.

Егер бірдеңе бола қалса, бізде үш деңгейде әрекет етеді: 1 - өз орнында, операторларда барлық құралдар бар, олар оқытудан өткен; 2 – жағалаудан, барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған Баутино базасы  толықтай жауынгерлік әзірлікке көшеді; 3 - қажет болған жағдайда 2 сағат ішінде қажетті жабдықтармен және мамандармен ұшақтарды жөнелтуді қамтамасыз ететін халықаралық компаниялармен бағдарламаланған келісімшарттар.  Біз Каспийдегі экологиялық теңгерімділік сезімталдығын ескереміз, барлық шаралар қабылданады, бұған ақша аямаймыз.

Құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА:

- Неліктен бұл жобаны НКОК компаниясы таныстырып отыр? Бүгінгі таңда Қазақстанда ӨБК (Өнім бөлінісі туралы келісім) жабық күйде қалған және әлі күнге дейін жұртшылық шетелдік инвесторларға бұл кен орындары қандай шарттармен сатылғаны туралы жауап ала алмай келеді. Бұл кеніш үшін келісімшарттар қандай?

- Қаламқас-теңіз құрылым ретінде 1997 жылы Өнім бөлінісі туралы келісімде белгіленген. Тарихи жолы - Қашаған, Ақтоты, Қайран, Қаламқас-теңіз және Батыс Қашаған. Сондықтан бұрыннан өзімізде болған Қаламқас-теңіз жобасын біз ұсынып отырмыз. Ал неліктен Хазар? Кезінде Жемчужина мұнай-газ жобасы бойынша 4 құрылым қарастырылды. Бірақ оларға барлау жасағанда, қорлар бойынша тек Хазардың тиімді екені, қалған үш кен орнында мұнай қорлары шағын екені анықталды. Сондықтан Хазарды жеке игеру экономикалық тұрғыдан өте ауыр. Ал біз Қаламқас-теңізді игеруге әзірленіп жатсақ, неліктен дәл қасында тұрған Хазарды да барлап, бірге игермеске? Хазарда кім және қалай болатындығы туралы қазір келіссөздер жүргізілуде. Биылғы жылдың ортасында барлығы туралы нақты айта аламыз. Ал жабық ӨБК туралы сұрақты үкімет тарапына жолдау керек. Біз -ашықпыз, - деді Марабаев.

Әсел НҰРҒАЗИЕВА
Жергілікті қамту туралы сұраққа жауап бере отырып, компания өкілдері 2022-2017 жылдары 2 мыңға жуық қазақстандықтар, әрі қарай өндірісте -  жағалау технологиялық кешенінде 150-50, теңізде 100 қазақстандық жұмыс істейтінін атап өтті.

ІШКІ ЖАНАРТАУ

Балық өнеркәсібінің ардагері Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ:

- Қашағанды игерудің өзі балық пен итбалық күшіктерінің көбейетін жерлеріне орасан зор зиянын тигізді. Бұған Қарабатанға дейінгі құбыр қосылды, ол итбалықтар мен бекіре тұқымдастардың уылдырық шашу үшін өрістейтін жолдарын бөгеп тастайды. Прорвада да құбыр бар, ал бүгін Қаламқас-теңіз кен орнынан Бозащы түбегіне дейін құбыр тартылатынын біліп отырмыз. Айтыңызшы, бүкіл құбыр жүйесі қандай экологиялық зиян келтіреді?

- Бұл қоршаған ортаға әсерді алдын-ала бағалау жобасы, келесі жобалау кезеңдерінде егжей-тегжейлі бағалау жүргізілетін болады, - деп жауап берді НКОК өкілдері. – Итбалықтарды бақылау үшін кешенді жұмыстар жүргізіледі - мұзжарғыш зерттеулермен қатар, биыл ҚР балық шаруашылығы комитетімен және осындай сатыдағы ресейлік тараппен келісілген итбалықтар санын зерделеу бойынша мемлекетаралық бағдарлама жасау туралы бастама көтергенімізді қуана хабарлаймыз. Сонымен қатар, біздің компания жыл сайын зиянды өтеу және бекіре тұқымдас балық зауыттарын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру үшін қомақты қаржылар бөледі. Дизайн бойынша құбырларды түбінен 2,5-3 метрге дейін төмен жүргізу жоспарланып отыр, сондықтан әсері құрылыс кезеңінде ғана болады. Бірақ кейін біз ештеңе болмас үшін құбырды қадағалайтын боламыз. Коррозияға қарсы қорғаныс қарастырылған, жалпы құрлықтағы осындай құбырларға қарағанда, қорғаныс стандарттары әлдеқайда қатаң.

Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА:

- Кен орындары екі биологиялық плитаның түйіскен жерінде орналасқан, жер сілкінісі болған жағдайда не істейсіздер? Мұнда 6 баллға дейін жер сілкінісі байқалды, бірақ 1989 жылы Ақтау қаласының маңында 8 баллдан астам жер сілкінісі болды - бұл жоғары сейсмикалық аудан. Теңіз - ішкі жанартау екенін білеміз. Бұл туралы жобада бірде бір сөз жоқ. Қандай максималды сейсмикалық есеппен есептедіңіздер - 6 ма, әлде 8-бен бе? Бұл қағидалы мәселе, біз осы жерде өмір сүріп жатырмыз.

- Қаламқас-теңіз кенішінің аумағы 6 баллдық сейсмикалық аймаққа жатады, - деп жауап берді Петухова. - Объектілер аймақтағы сейсмикалық жағдай ескеріліп және стандарттарға сәйкес жобаланатын болады. Бұл жобаның кейінгі кезеңдерінде жасалады.

Нұргүл Хайруллина 

Суреттерді түсірген автор

5 ақпан 2019, 14:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.