Индер ауданының бір топ дәрігерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтініш білдірді. Олардың айтуынша, өтемақы төлемдері есептелгенде, коронавирус дертімен ауырған жергілікті медицина қызметкерлері түгел қамтылмай қалған.
Осыған байланысты Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлыбек ҚАБДЫҚАПАРОВ мынадай жауап берді: «Қазір коронавирус инфекциясынан көз жұмғандардың отбасына және вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияның бесінші отырысы өтті. Комиссия 232 медицина қызметкерінің құжатын қарады, шешім кезең-кезеңімен қабылданады. Ал, Индер ауданы бойынша медициналық қызметкерлердің жазып жатқан арыз-шағымдарына байланысты өтемақы төлеу жайы бір күнде қаралып бітетін мәселе емес екендігін атап өткім келеді. Комиссия мүшелері тиісті медициналық карта, еңбекке жарамсыздық жөніндегі құжат және диагнозды басшылыққа алып, шешім қабылдайды. Бастысы, медициналық қызметкерлер жетіспей жатқан құжаттарды уақытылы тапсыруы керек».
Еске сала кетелік, осыдан бір ай бұрын Н.Қабдықапаров Атырау облысында 650 медицина қызметкері КВИ жұқтырып, вирустық пневмонияға шалдыққанын, олардың ішінде 13 адам көз жұмғанын хабарлаған еді.
Қазір вирус жұқтырған 88 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден өтемақы төленген. Ал көз жұмған үш медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңгеден өтемақы берілді. Арнайы комиссияның жұмысы әлі де жалғасуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА