Атырау, 19 мамыр 10:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Несие серіктестігінің қарыз алушылары: «Бізді жоқ қарыздың ауыртпалығынан босатыңыздар!»

Сурет
574 просмотра

Атырау қалалық сотында Құрманғазы ауданы тұрғындарының кепілдік келісімшартын жарамсыз деп тану туралы талап арызы қаралып жатыр. Әңгіме «Байда» несие серіктестігі мен «Атырау» ӘКК арасындағы ортақ жауапкершілік туралы келісімшартқа қатысты болып отыр.

Іс материалдарына сүйенсек, 2013 жылы аталған несие серіктестігінен талапкерлер «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін жеңілдікпен несие алған. Серіктестік қарызын үш адамнан басқа барлық қарыз алушы өтеген. Осы себепті өз қарызын баяғыда өтесе де, он жылдың үстінде бәрінің есепшоттары бұғаттаулы, зейнетақыларынан ай сайын ақша ұсталады. Кейбірі тіпті тамаққа ақша таппай қиналып жүргенін айтады.  

Ортақ жауапкершілік туралы кепілдік шартына сәйкес, егер несие серіктестігі түпкілікті қарыз алушылардан берешекті өндіріп алу бойынша өз бетінше ешқандай әрекет жасамаса, ӘКК түпкілікті қарыз алушылардан берешекті ортақ өндіріп алуға құқылы.

Талапкерлердің айтуынша, келісімшарттағы бұл тармақ олар үшін жағымсыз тосынсый болған. Олар «бұл туралы ертерек білсек, несиеге жоламас едік» деп отыр. Айтпақшы, кепілдік шартына олардың орнына кім қолдарын қойғаны әлі белгісіз.

Бұл дерекке қатысты 2019 жылы Құрманғазы аудандық полициясы бөлімі «алаяқтық» бабымен іс қозғап тергеген. Кейін бұл бап қайта сараланып, «бюджет қаржысын талан-таражға салу» дерегімен тергелген. Кінәлі табылмаған соң, іс уақытша тоқтап тұр.

Істе «Байда» несие серіктестігі» ЖШС-мен бірге «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ да жауапкер ретінде тартылып отыр. Алайда, 17 сәуірдегі бірінші сот отырысына корпорациядан ешкім қатыспады.

«Байда» несие серіктестігін жою туралы сот шешімі 2020 жылы шығып, серіктестік 2022 жылы жойылған.

Оның жауапкер ретінде тартылып отырған бұрынғы директоры Есендос МУЛДАШЕВ сотта қарызын өтеген адамдардың қолына «несие серіктестігі алдындағы міндеттемелерді орындады, бережағы жоқ» деген анықтаманы бергенін айтты.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2013 жылы берген 60 млн теңгені Мулдашев 27 адамға бөліп берген. Арадағы келісімшарт бойынша әр адамға 3 млн теңгеге дейін несие берілген. Несие сомасының 10 пайызын банк ұстап қалып отырған. Мәселен, 3 млн теңге несие берілсе, несие алушы 2 млн 800 мың теңге алған.

27 адамның екеуі бүгінде қайтыс болған. Тағы екі адам сот арқылы борышкерлер тізімінен шығарылған. Жоғарыда айтылғандай, үш қарыз алушы қарызын өтемеген, олар серіктестікке бережақ.

Е. Мулдашев олардың қарызын не себепті төлемегенін білмейтінін айтады. Оның сөзінше, үшеуін сотқа берген, сот шешімі оларды несиені төлеуге міндеттеген, бірақ шешім орындалмай отыр.

Несие алушылардың арызы бойынша 17 сәуірде қалалық сотқа тек он шақты адам келген. Олар қалғандары Құрманғазы ауданынан денсаулықтарына байланысты келе алмағанын алға тартты.  

«Байда несие серіктестігінен» 2 млн теңге алған Мәншүк ЖАНДЫБАЕВА сотқа Құрманғазы ауданы орталығы – Құрманғазы (бұрынғы атауы – Ганюшкино) ауылынан келіп отыр. Ол алған несиеге екі сиыр сатып алған. Бірақ, қыста шөп болмай, сиырлары өліп қалған.

- Ішіп жейтін ақшамыз жоқ, пенсиямызды ұстап қалады. Бір жаққа кетейін десек, жібермейді. Балаларымызды оқыта алмай отырмыз, - деп М.Жандыбаева сотқа шағымданып, «Байда кредит» компаниясына қарызы жоқ екені туралы анықтаманы көрсетті.

Қанат ИСПУСИНОВ та несиесін толық өтеген, оның қолында да «бережағы жоқ» деген анықтама бар. Ол «Байдадан» мал шаруашылығын дамыту үшін 3 млн теңге несие алған. Бұл ақшаға бірнеше бас сиыр алған. Несиесін толық өтегеннен кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-нан несие алуға барғанда есепшоты бұғаттаулы екенін бір біледі. Сол кезде ғана «Байда несие серіктестігі» арасында жасалған жеке несиелік келісімшарттан бөлек тағы бір шарттың барын біледі. Бұл - жоғарыда айтып өткен несие алғандардың бәрі қарызын өтеп болмайынша әрқайсысы бюджетке борышкер болып тұратыны жайлы «ортақ жауапкершілік» туралы кепілдік шарты. Испусинов та «оған қол қоймадым» дейді.

Олардың құқын қорғап жүрген адвокат Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА «Байда несие серіктестігі» мен «Атырау» ӘКК басшылары қол қойған кепілдік шартында несие алған 27 адамның «қолы заңсыз қойылған, демек кепілдік шарты да заңсыз» деп, оны жарамсыз деп тануды талап етеді. Ал несие алып, оны өтеген талапкерлер өздерін борышкерліктен босатуды сұрайды. 

Ж Сүндетқалиева бір несие бойынша соттардың неліктен әр қарыз алушыға әртүрлі шешім шығаратынын түсінбейді. Оның сөзінше, Мұратов пен Қибашев сотта жеңіп, кепілдік шарты жарамсыз деп танылып, борышкерлер тізімінен шығарылған. Ал басқа қарыз алушыға қатысты бұлай болмаған.

- Ал Аслан Айтпаев деген несие алушы тап осы тектес талап қойған, оның талап арызы талап қою мерзімі өтіп кетті деп қанағаттандырудан бас тартылды. Осы күнге дейін Айтпаев та басқалары сияқты өз құқығын құқық қорғау органдарында қуынып келген. Төлеген Испусиновтың талап-арызын бірінші сатыдағы сот қанағаттандырды, ал екінші сатыдағы сот Атырау қалалық сотының бұл шешімін талап қою мерзімін өткізді деген негізбен бұзып жіберді, - дейді адвокат Сүндетқалиева.

- Біз ақшаны төлемесек екен, төлеп, банкке бережағы жоқ деген анықтама алдық. Біреулер төлемей қалған шығар, ал біздің кінәміз не? Бізді борышкерліктен босатуды сұраймыз. Біз осы даумен шаршап кеттік. Құрманғазыдан Атырауға 300 км жердене келіп жүрміз. Әділдігін шешіп, өзімізге тиесілі қарыз сомасын өтеген бізді борышкерлер тізімінен шығарып тастауын талап етеміз, - деді сотта Қ.Испусинов.

Олар осы күнге дейін сотқа талап-арыз бергенімен, Құрманғазы аудандық соты оны қанағаттандырмаған. Апелляция соты да бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертпеген.

- Несие серіктестері жергілікті атқарушы органның бастамасымен құрылды. Заемщиктер бәрі жұмыспен қамту орталығы арқылы берілді. Мен шақырып алған ештеңем жоқ. Мен заң бойынша қалай болатынын білмеймін. Сот ескеруі керек қой, ескермегеніне мен кінәлі емеспін. Өз атымнан тағы апелляция жаздым. Соттың бірінші сатысын өзгеріссіз қалдырды, - дейді «Байданың» бұрынғы директоры Е.Мулдашев.

Бүгінде «Атырау» ӘКК-ге 60 млн теңге төленді. Келесі отырыс 3 мамырға белгіленді.  

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

3 мамыр, 12:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.